Балалы болу үшін оқылатын дұға

Төмендегі аяттарды дұға ретінде оқыған кезде бала және қайырлы мұрагер сұрауға жарайды деген көзқарас бар. Өйткені, Закария (ғ.с.) мен өзге пайғамбарлар осындай дұға оқыған. Сондықтан сондай қиындыққа тап болғанда, осы аяттармен дұға ету пайдалы.

Құран Кәрімнің бұл аяттарын түпнұсқадан оқу анағұрлым дұрыс болады. Алайда арабша оқи алмаса, мағынасын оқып, дұға жасаса да болады.

«Раббымыз, біздің тегімізден көзайым болатындай ұрпақ нәсіп ет және бізді тақуа жандарға жетекші ете гөр!»[1].

«Раббымыз, бізге қайырлы ұрпақ бер. Егер қайырлы ұрпақ берсең, әрине, шүкір етушілер қатарында боламыз»[2].

«Раббымыз, бізге ізгі ұрпақ бер»[3].

«Расында, мен ізімнен орныма өтетін туысымды ойлап алаңдаймын. Әйелім болса бедеу. Маған өз игілігіңнен сондай бір мұрагер нәсіп ете гөр, маған да Яқубтың әулетіне де мұрагер болсын. Оны өзің разы болатындай адам ете гөр, уа, Раббым»[4].

Алладан барлық нәрсенің қайырлысын тілеу керек. Өзіміз үшін ненің қайырлы болатынын біле бермейміз. Бір аятта айтылғандай, жақсылық деп ойлаған нәрсеміз кейде біз үшін жамандық, жамандық деп ойлағанымыз біз үшін жақсылық болуы мүмкін. Сол себепті Алладан барлық нәрсенің, соның қатарында баланың да қайырлысын тілеу керек. Балалы болу әрине баршасы қалайтын нәрсе. Жаратылыс заңдылықтары да осы бағытта. Алайда, кей жағдайларда кейбір адамдар үшін бала сүймеу қайырлы болуы да мүмкін.

Балалы еместер бұның себебін іздестіріп, қажетінше қаралып, балалы болуға әрекет жасауы тиіс. Бірақ қанша талпынса да бала болмаса, оны дерт көріп, қатты қайғыру жөн емес. Мүмкін ерлі-зайыптылар үшін қайырлысы осы шығар. Мүмкін балалары болса, күтпеген бәлеге тап болар ма еді, мүмкін Алла оларды сондай бәлелерден қорғау үшін бала бермеген болар.

Иә, бала сұрау керек. Оның жолдарын іздестіру керек, бірақ өмірдегі бір ғана мақсат сол деп қарамау керек. Барлық нәрсенің қайырлысын тілеу керек. Жаратушы ие бәрімізге барлық нәрсенің қайырлысын берсін.

1. «Иннә раббакә хуал-һаллақул-алим» – «Раббыңның барлық жарату түрін білетіні күмәнсіз»[5] деген аятты түнгі уақыттарда 1267 рет қайталап, оны үш ай жалғастырады.

2. Немесе «Фааллаһу хуал-уалиу уә хуа юхий» – «Алланың дос әрі жаратушы екені күмәнсіз»[6] деген аятын жұптаспай тұрып 289 рет қайталау керек.

3.  Немесе «Хуаллахул-һалиқул-бариу» – «Ол жаратқан және жоқты бар еткен»[7] деген аятын 1054 рет қайталайды.

Ұл балалы болу үшін оқылатын дұға

«Ұл болсын, қыз болсын, әйтеуір аман болсын» деген сөзде шындық бар. Расында, ұлдың я қыздың қайсысының біз үшін қайырлы екенін біле алмаймыз. Aлладан баланың да қайырлысын тілеу керек. Ұлды да, қызды да тілеуге болады. Алайда бұл мәселеде табандап тұрып алмау керек. Былай деу керек:

«Уа, Аллам, өзіңнен ұл (не қыз) сұраймыз. Алайда, сен анағұрлым жақсы білесің. Біз үшін қайсысы қайырлы болса, соны бере гөр!»

Иә, осылай деу керек және туған бала мейлі ұл, мейлі қыз болсын ешқашан қарсылық танытпай, тағдырға көңіл толмаушылық көрсетпеу керек. Онсыз да оның пайдасы жоқ. Өйткені бұл ешкімнің қолында тұрған нәрсе емес. Толықтай Алланың қалауындағы іс. Алланың тағдырын тілдеуге ешкімнің құқы жоқ. Тағдырды тілдеуді мұсылмандықпен де байланыстыра алмаймыз. Алланың тағдырына разылықпен бас ию бізге бергенін разылықпен қабылдау керек. Иә, «Ұл берсе де, қыз берсе де әйтеуір аман болса болды».

Ұл бала қалағандар жұптасардан бұрын бисмилла деп үш рет «Ықылас» сүресін, артынан мына дұғаны оқиды:

«Аллахуммажални мин ладунка зүрриятән тайибәтән мұтиятән» – «Аллам, маған өз тарапыңнан таза әрі саған бағынатын ұрпақ нәсіп ете гөр!»



[1] «Фурқан» сүресі, 74-аят.
[2] «Aғраф» сүресі, 189-аят.
[3] «Саффат» сүресі, 100-аят.
[4] «Mәриям» сүресі,5-6 аяттар.
[5] «Хижр» сүресі, 81-аят.
[6] «Шура» сүресі, 9-аят.
[7] «Хашр» сүресі, 24-аят.

 

Жарылқасын Жарбол
date04.12.2017readCount471printБасып шығару