Имам Шафиғидың пәтуасы

Ел оны атасының атымен таниды. Арғы атасы Саиб пен Шафиғ – әкелі-балалы боп пайғамбарды (с.ғ.с.) көрген сахабалар. Шафиғ әкесі Саиб сияқты пұтқа сыйынып, кейін мұсылман болған бала емес. Ол бала күнінен мұсылман болғандықтан пұтқа табыну деген нәрсені көрмей өскен. Сондықтан, сахаба атасының атын алып жұртқа Шафиғи боп танылды. Ал, өзінің азан шақырып қойған аты Идрисұлы Мұхаммед еді. Имам Шафиғи һижраның екінші жүз жылдығында келген мужаддид, яғни дін реформаторы еді. Қала берсе, сегізінші атасы Һашимде пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) шежіресі бірігетін.

Бозбала Шафиғи шамамен он төрт-он бес жасында имам Маликтен білім алған. Нұрлы Мадина шаһарының ғұламасы жас жігітке тәлім беріп жатқан кез еді. Бір күні имамның құзырына пәтуа сұрап біреу кіріп келді. Ол: «Мен құс сайрауын тоқтатса әйелімді талақ етемін деп ант еттім» деп айтып қойдым», – деп шешімін сұрайды. Ғұлама мәселені тыңдап, ойлана келе: «Әйелің талақ болды», – дейді. Шын мәнінде, құс үздіксіз сайрауы мүмкін емес, арасында тоқтайды. Демек, әйелі талақ боп тұр.

Бұл жағдайдан жас Мұхаммед бин Идрис те хабардар болады. Бала Шафиғи бұл пәтуадан бөлек ой айтады. Ол: «Кісінің айтпағы, құс көп жағдайда сайраумен болады, оның үнсіз тұруынан сайрайтын уақыты көбірек. Бірақ, ешбір сәт сайрамай тұра алмайды деген мағынада емес. Міне, сондықтан кісі мен әйелі арасында талақ болған жоқ», – дейді. Өйткені, әдетте адамдар «құс сайрауын тоқтатпайды» деген сөз бар.

Жас шәкірттің сөзін естіген кісі имам Маликке барып, бір жігіт «әйелің талақ болған жоқ» деп айтты деп төрелігін сұрайды. Ғалым: «Баланы алып келіңдер», – деді. Шәкірті келгенде ұстазы Малик: «Айтып жүрген сөзіңді қайдан алдың, неге сүйеніп айттың?» – дейді. Жас Шафиғи: «Сіз риуаят еткен хадистен. Ол хадисте Қайсқызы Фатима Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп: «Әбу Жаһм мен Мұғауия маған сөз салуда?» – дейді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Әбу Жаһм таяғын иығынан тастамайды...», – деген екен. Міне, осы хадиске сүйеніп айттым», – дейді. Сонда имам Малик үндемей қалды. Имам Шафиғи бұл хадисті ұстазы Маликтен естіген болатын. «Таяғын иығынан тастамайды» дегені – әйел-баласын ұрады дегені.

Әрине, таяғын иығынан тастамайды деген сөзді намазда тұрса да, дастарқан басында отырса да тіпті ұйқыға жатса да таяғын тастамайды деп түсінуге болмайды. Міне, құстың сайрауы да солай. Құс жиырма төрт сағат тоқтаусыз сайрап тұра бермейді. Алайда, көбінесе сайраумен болады.

Байқасаңыз, хадисті түсінуде үлкен білім керек. Шариғат іліміне жауапкершілікті ысырып тастап, бір мәселеге қатысты пәтуа айту былай тұрсын, мән-жайды білмей пікір білдірудің өзі дұрыс емес. Ендеше, қандай жағдай болмасын, діни мәселе төңірегіндегі сауалды дін саласындағы мамандардан сұрау – сіз бен бізге міндет.

Қуат Ерғалиұлы
date19.12.2017readCount1146printБасып шығару