Балаға пайдалы 7 қарапайым әдет

Егер өздеріңіз кешкі асты сериал көріп отырып ішсеңіздер және жақындарыңызбен телефон экранынан бас алмай сөйлессеңіздер, балаңыз басқаша әрекет етеді деп ойламаңыздар. Жақсы жаңалық: өзгеруге және шынымен пайдалы әдеттерді өзіңнің және балалардың бойына сіңіру ешқашан кеш емес.

1. Пәтердің өзің жауапты бұрышын ұқыпты, таза ұстау

Аяққа кірген лего бөлшектері үшін қаншама қырғын болды десеңші! Ол туралы статистиканы ешкім айтып бере алмас, бірақ анығы мынау: отбасында балалармен үй тазалау арманыңыздағы жұмысқа ұқсай қоймайды (әрине, егер сіз қар түсіп жатқанда қар күреуді армандамасаңыз). Бірақ таңертең төгілген шай кешке дейін жабысқақ даққа айналып кетпес үшін жаңа штрафтық санкциялар ойлап тауып, байбалам салудың қажеті жоқ.

Пәтерді жауапкершілік аймақтарына бөліңіз — отбасының әр мүшесіне өзінің жеке аймағын бекітіп қойыңыз. Анасы ас үйді тазартады, әкесі ваннаның тазалығын қадағалайды, ал балалар ойыншықтарын, аяқ киімдері мен шкафтағы өз сөрелерін реттейді. Процесс көңілді болуы үшін жетістіктерді белгілейтін плакат іліп қоюға болады, ал соңында марапаттау салтанатын жасап, жеңімпаздарға сыйлық тартуға болады. Тек бұл жаңа жауапкершілік зонасы болмасын.

2. Әдеттегі қарапайым жаттығулардың орнына күлкілі жаттығулар ойлап табу

2015 жылы нидерландтық ғалым Театске Альтенбург эксперимент жүргізді. Ол мектеп оқушыларынан құралған топты үшке бөлді. Біріншілері таң бойы сабақ оқыды, екіншілері — бір жарым сағат сайын 20 минуттық жаттығуларға үзіліс жасап отырды, үшіншілері — жаттығуларды екі рет жасады: сабақтың басында және бір жарым сағаттан кейін. Нәтижесінде, үшінші топтың балалары зейінділік тестін басқаларға қарағанда үздік тапсырған.

Егер үйіңізде әр таңда «тағы бес минут жата тұрайын» құқығына күрес жүретін болса, бірінші кезекте балаңызды емес, оның жарыстық рухы мен мотивациясын оятыңыз. Жаттығуды сайыстар мен тапсырмалар топтамасына айналдырыңыз, оны орындаған жағдайда символикалық ұтыс беруге болады (мысалы, таңғы асқа сүйікті құймақтар). Қарапайым отырып-тұруды тізеге қыстырылған доппен секіруге, пәтерді қадамдармен өлшеуге алмастырыңыз болмаса қара жорға билеңіздер!

3. Таңертең бір стақан таза су ішу

Гарвардтың денсаулық сақтау жоғары мектебі 6-19 жас аралығындағы төрт мың бала арасында зерттеу жүргізді. Олардың көбі тым аз су ішетіні анықталған. Мектеп оқушылары бір күнде қажетті норманың орташа есеппен төрттен бірін ғана ішеді, ал сұйықтық жетіспеушіліктің орнын газировка және басқа да зияндық сусындармен толықтырады. Бұл семіздікке, қант диабетіне және басқа да жайсыз заттарға әкелуі мүмкін.

Бір стақан таза су бірден көптеген мәселенің шешімі бола алады. Таңғы ас алдында ішілген су ағзаның жұмысын жандандырып, жаңа күннің басталғанынан және оянатын кез келгенінен белгі береді. Су құйылған құты көрінетін жерде, тағы бір стақан су ішу қажет екенін еске салып тұратындай қол жетімді жерде тұрғаны дұрыс.

4. Балалармен күніне кем дегенде жиырма минут далада серуендеу

Егер әркім тезірек үйге жетуді ойлап тұратын болса далада серуендеу әдетке айналуы екіталай. Әкесі теледидардан басталатын детективті, анасы ертеңге сорпа дайындап үлгеруді ойлап жүретін болса, бала паркті айналшақтап жүруден жалығады. Сондықтан ерінбей, отбасылық серуенді қалайша қызықты етуге болатынын ойластырыңыз.

Әр серуеннің қандай да бір мақсаты болсын («таза ауа жұтудан» басқа). Парктегі қараусыз қалған үйге дейін жаяу жүру, тоғандағы үйректерге жем беру, әдемі жерде пикник ұйымдастыру. Ыстық шай құятын жарқын термосаптыаяқтар және сэндвичтерге арналған ыңғайлы ланч-бокстар сатып алыңыз. Және, әрине, фотоаппарат ала жүріңіз — бірге күліп-ойнап, шаттануға тағы бір себеп!

5. Бірге тамақ дайындау (кейін бірге тамақтану)

Британиялық Мидлсекс университетінің психологтары 6 жастан 11 жасқа дейінгі балалар арасында зерттеу жүргізген және бір үстел басында жиналу үрдісі қалыптасқан отбасыларда әлеуметтік тұрақты және зейінді балалар өсетіні анықталған. Бұның себебі анық: үстел басында әңгіме айта отырып, балалар өз басынан өткен оқиғаларды баяндауды, әңгімені қолдауды және басқаны тыңдауды үйренеді. Және ата-аналарға да бұл үлкен артықшылық — балаларының өмірінде орын алып жатқан оқиғалардан хабардар жүреді.

Егер үстел басындағы әңгіме «мынаны жемеймін», «мынаны ішпеймін» айналасында ғана өрбісе, еңбек терапиясы қажет. Өзің жаңа ғана жасаған салаттан бас тарту қиын. Бірақ ең бастысы балаңыз сіздің жоспарыңызды біліп қоймауы тиіс және бірігіп тамақ дайындауды қызықты ойын деп қабылдауы керек. Оған фартук әперіп, үстелді безендіру жайлы, алдағы апта менюін талқылаңыз. Құпия ретінде оған тамақты тек таза суда жасау керегін айтыңыз. Соңында, оның сүйікті кітабынан бір тағамды жасап көруді ұсыныңыз, мысалы, Карлсонның сүйікті тефтелиі, Том Сойердің жүгері шелпегі және т.б.

6. Бір-біріңе дауыстап оқу

Үлгі болу — бұл, әрине, өте маңызды. Бірақ айналаңызды кітаппен қоршап, кешкі ас үстінде бәріне көрсетіп Лев Толстойды оқитын болсаңыз да, балаңыз планшеттегі ойынын тастауы екіталай. Ал, егер бірге оқысаңыздар, іске асуы мүмкін.

Кешкісін бір-біріңізге дауыстап кітап оқуға болатындай жайлы орын тағайындаңыз. Жастықтарды қойып, майшам жағыңыз. Оқыған әңгімені міндетті түрде талқылаңыз — балаларыңыздан қай кейіпкер ұнағанын және ол мәселені неге дәл солай немесе басқаша шешкенін сұраңыз. Ал егер кітап көңілсіз болса — балаларға оқиғаның соңын басқаша ойластыруды ұсыныңыз.

7. Уақытты гаджеттерсіз өткізу

Америкалық ғалымдар күніне көп уақытын гаджеттермен өткізітен баланың көру қабілеті нашарлап, күйзеліске ұшырау мүмкіндігі жоғары екенін анықтаған. Тіпті Вашингтонның бір мектебінде директор жазғы каникул кезінде гаджет қолданбайтын әр балаға өз қалтасынан 100 доллар беремін деп уәде берген. Үнемі әлеуметтік желілерде отыру да ересектердің зеректігіне теріс әсер етеді: ми соның кесірінен босаңсып, бар мүмкіндігімен жұмыс істемейді.

Сол себепті «гаджетсіз күнді» әдетке айналдырыңыз немесе отбасы ішінде гаджет қолдану уақытын реттеңіз. Кешкі уақытта смартфонды ысырып, бірге уақыт өткізуге келісіңіз. Егер бұл ереже іске аспаса, айыппұл төлеу және мадақтау жүйесі жайлы ойлануға болады. Бірақ бұл тек ойын немесе жарыс болсын, қатаң ереже етіп, ұстанбаған жағдайда жазалау шарасын жасап жүрмеңіз.

bilim-all.kz
date08.01.2018readCount325printБасып шығару