«Бақара» сүресіндегі сиыр оқиғасы

«Бақара» сүресі Мәдина қаласында түскен. 286 аяттан тұратын Құрандағы ең ұзын сүре саналады. Кейбір тәпсірші ғалымдардың айтуынша, бұл сүре Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға 6 немесе 8 жыл бойы бөлек-бөлек түсіп отырған екен. Бұл жайында Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Барлық нәрсенің ұлылығы болатындай, «Бақара» - Құранның ең ұлы сүресі. Оның әрбір аятын 80 періште алып түскен».[1]

Сонымен қатар, сүренің «Бақара» (қазақ тілінде «сиыр» деген сөз) деп аталуының өзі тегін емес. Себебі, оның мазмұнында Алла Тағала Мұса (ғ.с.) пайғамбардың заманында болған сиырға байланысты ерекше оқиғаны баяндайды. Ескере кететін жайт, бұл сиыр оқиғасына байланысты ғалымдар әртүрлі деректер келтірген. Әйтсе де, аталмыш оқиғаның негізгі мазмұны бір. 

СИЫР ОҚИҒАСЫ

Күндердің күнінде Исрайл қауымның арасында бір дәулетті кісі болады. Ол қолындағы дәулетін мирасқорлықпен артына қалдыратын ұрпағы жоқ кісі еді. Оның айналасында дәулетіне көз тігіп жүрген арам пиғылды адамдар көп болды. Бір күні осы байлыққа қол жеткізбек мақсатында теріс ниетті адамдардың бірі әлгі дәулетті кісіні өлтіреді де қараңғы батқанда өлі денесін Исрайл қауымына жасырын түрде апарып тастайды. Таң атып ертесіне Исрайл қауымы өлі денені көріп абыр-сабыр болады. Ендігі жерде олар: «Мұны кім өлтірді? Қылмыскер кім?» деп өзара дауласып бір-бірінен күдіктеніп жатты. Мәселенің шешімін таба алмай дауласқан иудейлер оның анық-қанығына жету үшін Мұса (а.с.) пайғамбарға келіп былай деп жәрдем сұрайды:

– Ей, Мұса, сен бізге мына адамды кім өлтіргенін анықтау үшін жәрдем бер? Біз өзара сұрастырып қылмыскердің кім екенін таба алмай жатырмыз, - дейді. Сонда Мұса (а.с.) қауымына:
– Олай болса, Алла Тағаланың бұйрығына құлақ асыңдар. Ол сендерге бір сиыр бауыздауларыңды бұйырды, - деді. Мұсаның (а.с.) мұндай шешіміне таңданған Исрайл қауымы оған:
– Сен бізді келемеждеп тұрсың ба? - деді. Сонда Мұса (а.с.):
– Мен келемеждеп тұрғаным жоқ, егер Алланың бұйрығына құлақ асатын болсаңдар онда сендер дегендеріңе жетесіңдер, - деді. Исрайл қауымы шарасыздық танытып:
–  Ей, Мұса, Раббыңа біз үшін дұға етші, бізге ол сиырдың қандай екенін білдірсін, - деді.
–  Раббым маған: ол сиырдың кәрі де емес жас та емес ортаңғы жасар болу керектігін айтты. Исрайл қауымы мұндай жауапқа қанағаттанбай:
–  Раббың бізге оның түсін білдірсін, - деді. Мұса (ғ.с.):
–  Раббым сиырдың түсі сап-сары әрі адамдар оның түсіне сүйсінетін болуы керектігін айтты. Бұған қоса, ол сиыр қорлық көрмеген, жер жыртпаған, ауыр жұмысқа салынбаған дене бітімі сау сиыр болу керектігін бұйырды. 

Осылайша Алла Тағала Исрайл қауымына сиырдың түр-сипатын ашып айтса да олар қасарыса сұрауын тоқтатпады. Сонда Алла Тағала Исрайл қауымына қасарысқандары үшін сиырдың ерекшелігін одар әрі қиындатып оларды әбігерге салды. 

Арада бірнеше уақыт өтіп Исрайл қауымы Алланың бұйырған ерекше сиырын іздестіріп таппай әлекке түсті. Көрші тайпаларды, ауыл-аймақтарды аралап әлгі сиырды іздеумен болды. Нәтижесінде Исрайл қауымы Алланың сипаттаған сиырын көрші ауылдың тұрғыны, кедей кемпірдің қорасынан табады. Алайда, кемпір ол сиырды сұрап келуші қауымға сиырдың салмағындай алтынға сататынын айтты. Себебі, ол кемпірге сүт беріп отырған үйдегі жалғыз мал әрі оның түр сипаты да өзге сиырлардан ерекше жаратылыс болатын.

Мұндай алтын сұрағанына Исрайл қауымы булығып Мұса (ағ.с.) пайғамбарға келіп сиырдың қымбат тұратынын айтып шағымданды. Сонда Мұса (ғ.с.) оларға: «Сендер бар бәлені бастарыңа өздерің тілеп алдыңдар. Алла Тағала сендерге қылмыстың бетіп ашу үшін жай ғана бір сиыр союды бұйырып еді, сендер қасарысып, сұрауларыңды доғармай бұйырған нәрсені істей алмадыңдар. Енді қылмыстың бетін ашу үшін сол сиыр қанша тұрса да алуға мәжбүрсіңдер», - деп кесіп айтты.  

Амалы таусылған Исрайл қауымы әлгі кемпірдің үйіне барып сиырдың салмағындай алтынға сиырды сатып алады. Кейін сиырды Исрайл қауымы өз еліне алып келіп бауыздайды. Сонда Мұса (ғ.с.) оларға: «Енді сол сойылған сиырдың бір мүшесін алып әлгі өлі денені ұрыңдар», - деп бұйырады. Өлі денені сүйекпен ұрған сәтте мәйіт орнынан тұрып оны кім өлтіргенін халыққа жайып салды да қайта бақилық болып кетеді. Осылайша Исрайл қауымы қылмысты кім жасағанын біліп оған тиісті үкім шығарған екен.  

ОҚИҒАДАН ТҮЙІН

Шын мәнінде, сүренің «Бақара» деп аталуы бекер емес. Себебі, Алла Тағала бұл сүре ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар Мәдина қаласына һижрет жасап көшіп барған уақытында иудейлерлер тарапынан діни сұрақтар жиілей бастағанда оларға жауап ретінде түскен болатын. Өйткені, сүренің мазмұнында сиыр оқиғасынан бөлек иудейлердің Мұса (ғ.с.) пайғамбарға қарсы келіп шектен шыққан тұстарына байланысты көптеген мысалдар мен оқиғалар баяндалған еді. Сондықтан, «Бақара» сүресіндегі оқиғалар Мәдинадағы мұсылмандардың көзін ашып, иудейлердің бұрынғы ата-бабалары Аллаға және елшісіне қалай қарсы шыққандары туралы толыққанды аяттармен баяндалған болатын.

Бұл сүре өз кезегінде Мәдинаға қоныс аударып келген мұсылмандарға өз діни жолдарын исламнан дұрыс екендігін дәріптемек болған иудейлердің ауызына қақпақ болды десе болады. Сонымен қатар, «Бақара» сүресінің мазмұны иудейлердің теріс әрекеттерін баяндап қана қоймай, оларды тура жолға шақырып ілгеріде  өткен ата-бабаларының қателіктерін қайталамауға үндеген. Сиыр оқиғасы мұсылмандарды да Аллаға деген иманның кәміл, берік ұстауына шақырады. Оқиғада исламда қандай мәселе туындаса да Алланың бұйырған әмірінен алыстамай бойсұну керектігі алға тартылады және де Алла тарапынан жіберілген елшіге қарсы келмей, қашанда оның айтқанын мақұлдау керектігі ескеріліп тұрғандай. Сондықтан, біз, мұсылмандар Алланың және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың бұйрығымен жүрсек қана исламның шам-шырағын жағып тура жолдан адаспаймыз. Бұған қоса, Алланың Құрандағы осы секілді мысалдарын біздерге қашанда маңызды ескерту әрі өмірлік сабақ ретінде қарауымыз керек. Сонда ғана әрбір қадамымызды аңдап басарымыз анық.



[1] Имам Ахмед

Жалғас Асхатұлы
date10.01.2018readCount329printБасып шығару