Тағдырлар тоғысқан Әзірет Сұлтан» мешіті

Еліміз егемендік алып, дініміз дамудың даңғыл жолына түскелі Қазақ даласындағы мешіттердің тек қана құлшылық өтейтін ғибадат мекені емес, дүйім жұрттың діни сауатын жетілдірген білім-ғылым ордасы, қаймана халықтың қайғысына ортақтасқан қайырымдылық орнына айналғанын бұл күнде ауыз толтырып айта аламыз. Дегенмен, мешіттердің көпшілік көп ескере бермейтін тағы бір «функциясы» көбіне айтылмай жатады. Ол – ғашықтар арасындағы махаббат сезімін мөрлеп, қос тағдырды бір арнаға тоғыстырған «Неке қию» рәсімі. Бүгінде бұл тақырыптың түйткілді тұстары да аз емес. Дінді желеу қылғандардың ақ некені аяққа таптап, қит етсе «талақ» деп шығатындардың да барын байқап жүрміз.

Осы орайда, Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі Неке қию мәселесіне қатысты бірінші наиб имам Қуат Ерғалиұлын сөзге тартқан едік.

Ассалаумағалейкум! Әңгімеміздің әлқиссасын «Әзірет Сұлтан» мешітінде қиылған неке тақырыбын бастасақ. Жалпы мешіт ашылғалы  осы жерде қиылған неке саны қанша?

2012 жылы жамағатқа есігін айқара ашқан «Әзірет Сұлтан» мешіті – бұл күнде өзінің сыртқы сәулетімен, ішкі жайлылығымен жамағатты өзіне баураған еліміздің Бас мешіті. Сүйген жарымен қол ұстасып, үлкен өмірге алғашқы қадамдарын осы мешіттен бастағысы келетіндердің де көңілі осы бір әдемілікті, осы бір жайлылықты қалағандықтан болар деп ойлаймын. Сөзіміздің дәлелі ретінде мешітіміздің «Неке бөліміне» келіп, өтініш білдіргендердің жыл санап артып келе жатқанын айтсақ болады.

Ал, енді сандарды сөйлетсек, бүгінгі таңға дейін «Әзірет Сұлтан» мешітінде 14 449 жұптың некесі қиылып, жұбайлық өмірдің алғашқы қадамын осы жерден бастаған. Бір ғана былтырғы жылдың өзінде еліміздің Бас мешітіндегі қиылған неке саны 2286-ны құраған.

2. Қазақстанда көбейген теріс діни ағымдардың бір көрінісі – Алла алдында да, заң алдында да заңсыз бірнеше әйелге үйлену және ол қыз-келіншектерге «талақ» айтып, тастап кету болды. Бұл мәселе қоғамды да, қыз өсіріп отырған ата-ананы да қатты алаңдатты. Имансыздықтың алдын алу үшін мешіттер заңды неке қию куәлігі жоқ жұптардың некесін қимайтын болды. Жалпы, осы тәртіп енгеннен кейін мешітте неке қиған жұптардың саны азайды ма?

Қазіргі таңда қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі діннің рөлі айтарлықтай өсті. Алайда, соңғы жылдары елімізде белең алған теріс ағымдардың «шариғат жолын ұстадық» деп, некелерін мемлекеттік АХАЖ бөліміне тіркеуді қажетсінбейтін ерлі-зайыптылардың  пайда бола бастағаны жасырын емес. Бір өкініштісі, неке суын ішкенімен, қолдарында заңды құжаттары жоқ жұбайлардың жолдары ұзаққа бармай  екіге айырылып жатқандар қаншама. 

Айталық, жұмысында немесе ағайын-туғанының ортасында материалдық-моральдық теперіш көрген, болмаса күйеуі жастай опат болып, жесір қалған, болмаса бағыт-бағдарын байыптап үлгермеген, діни сауаты кем қыздар мен келіншектерді арбауына түсіреді. Яғни, алдайды. Әйелдікке алатынын айтып, «үйіріндегі» үзеңгілестерімен үйдей уәде беріп, жасырын неке қияды. Осылайша, ыстық-суығы басылғанда үш рет «талақ» айтып айырылысады. Тіпті, «үйірлестеріне» «сыйға тартатындары» да кездеседі.  Осылайша кінәсіз қыз бірнеше мәрте күйеуге шығуға мәжбүр болады. Осындай жағдайға ұшыраған әйелдер бізге шағым айтып келеді. Олар – негізінде дінді өзінің нәпсісіне бұрмалап алғандар. Байқасаңыздар, өзіміздің дәстүрлі дінімізді ұстанып жүрген бір азамат олай істемейді. Олардың арасында ондай проблема жоқ. Осы мәселені реттеу барысында еліміздегі барлық мешіттерге АХАЖ бөлімінің анықтамасы болмаса, ешбір жұпқа неке қимау жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының арнайы тапсырмасы берілген.  Осыған байланысты некенің шарттары толық орындалмайынша және АХАЖ бөліміне арыз жазып, тіркеліп, анықтама қағазын әкелмейінше, біздің мешітте, сондай-ақ, Қазақстанның барлық мешіттерінде неке қиылмайды. Осы тәртіп енгізілгеннен кейін де мештімізде неке қидырушылар саны  жыл сайын артпаса, кеміген емес.

3. Заңды түрде некесі қиылмаған жұптардың некесін имам қандай жағдайда қия алады?

АХАЖ бөліміне тіркелмеген жұптардың  некесі Қазақстанның барлық мешіттерінде  бір жағдайда ғана  қиылады. Неке қидыруға ниеттенген қыздың да, жігіттің де ата-анасы, туыстары  неке қию рәсіміне өздері келіп қатысып, куә болулары керек. Некенің барлық шарттары  орындалып, екі жақтың да ата-анасы мен туыстары қатысқан жағдайда ғана АХАЖ бөлімінен құжат талап етпей, некесін қиып бере аламыз.

4. Алла алдында жарымен некесін қиған ер адам қалыңдыққа сыйлық, яғни «мәһр»  береді. Мәһрдің мөлшерін  молда алдында қалыңдық өзі айтатыны белгілі. Осы «Әзірет Сұлтан» мешітінде некесі қиылған қыздардың көбі мәһрге не сұрайды?

Шариғатта мәһр – некелесу барысында немесе кейін өтеу шартымен келісілген қалыңдыққа берілетін дүние-мүлік немесе ақша. Осыған орай, еркек күнкөрістің қамымен сыртта жұмыс істеп дүние тапса, әйел көбіне үй шаруаларымен айналысқан. Осындай табиғи бөлістің нәтижесінде отбасын асырау отағасының мойнына жүктелген. Мәһр, нәпақа, үйге қажетті заттарды алу – ер кісінің міндеті. Ханафи мәзһабы бойынша мәһрдің ең аз көлемі он дирхам (Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде бес дирхам құрбан шалуға татитын бір қойдың құнына тең болған.) Демек, екі қойдың құнындағы қаражат, яки мүлік

Мешітімізге неке қидыруға келген қалыңдықтар мен келіншектердің көпшілігі мәһр сыйлығына гауһар тасты алтын жүзік пен сырға сұрайды.  Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы жақсылары автокөлік яки пәтер сұрайтындар да бар.

5. «Әзірет Сұлтан» мешітінде екінші әйелімен неке қиған ер азаматтар болды ма?

Мешітімізде екінші әйелімен некесін қидырған ер азаматтар болды. Мұндай жағдайда мешітімізде дау-дамай туындамас үшін неке қидырушы ер адам бірінші жұбайын да неке қию рәсіміне куәгер ретінде қатыстыру керек. Сонымен қатар екінші әйел ретінде неке қидыруға келген әйел адамның да ата-анасы куәгер ретінде  қатысуы керек. 

Қуат Ерғалиұлы
date15.01.2018readCount439printБасып шығару