Құран алдындағы уәжіптер

Алла Тағала Ислам үмметіне жаңа тарих берді. Яғни, ол –  Ислам тарихы. Ислам тарихы алдыңғы үмметттің тарихын қайталамайды. Сонымен қатар, жаңа тарих беріп, тура жолды бір қалыпты жүріп, адасудан сақтайтын,  әрдайым тура бағыт көрсетіп, ескертіп отыратын Құран Кәрімді үлкен нығмет етіп берді. Сонымен, жаңа тарих дегеніміз - жаңа үкімдер. Яғни, Құран үкімдері. Бұл үкімдер Ислам үмметін зұлымдықтан, қараңғылықтан жарыққа шығару үшін берілді.

Құранда «Ибрахим» сүресінің  10-аятында былай делінген: «Алиф, ләм, ра. Біз саған адамдарды олардың Раббысының рұқсатымен (қалауымен) оларды тұңғиықтан (қараңғылықтан) жарыққа және Құдіретті, Мақтауға лайық болған Алланың жолына шығаруың үшін кітап түсірдік».

Құран – ол бүкіл бүлік атаулыдан, жамандықтан құтқарушы. Ол – бүкіл жақсылықтың басы (түбірі), әрі қиындықтан амандықпен шығарушы. Қашан үмметтен Құран көтерілсе, сонда шекарасы тартылады, әріптері, аяттары ұмытылып, үкімдеріне амал істеу тасталады. Сондықтан Құран Кәрімдегі уәжіптерімізді үйреніп, дұрыс амал істеуіміз қажет. 

Уәжіптер:

1. Құранға күмәнсіз, толықтай иман келтіру. Құранда «Бақара» сүресінің 1-2 аяттарында: «Алиф, ләм, мим. Ол кітап – онда ешқандай күмән жоқ, әрі ол тақуалар үшін тура жол», – делінген.

2. Тилауатпен хақын беріп дұрыс оқу. Құрандағы «Анкабут» сүресінің 45-аятында: «Саған (Құран) кітаптан уахи етіп берілгенді тилауатпен оқы және намазға тұр», – делінген.

3. Құранды көкіректе жаттау. Яғни, Құран үкімдерінің ешбірін қысқартпай, толық көкірек көзбен ұмытпастай жаттау. Құранда: «Керісінше, ол (Құран) анық айқын аяттар білім сый етіп берілгендердің (білім иелерінің) көкірегінде (жүрегінде)»[1].

4. Құранды оқығанда мағынасына мән беріп, ой елегінен өткізу. Құранда: «Ол қасиетті кітапты олар оның аяттарына ой жүгірту, ойлану үшін және ақыл иелеріне зікір ету үшін Біз саған  түсірдік»[2], - делінген.

5. Бұйырған бұйрықтарын орындап, қайтарғанынан тыйылу. Құранның «Хашр» сүресінің 7-аятында: «Пайғамбар алып келген нәрсені алыңдар (орындаңдар), ал ол қайтарған нәрселерден тыйылыңдар (тастаңдар)», – делінген.

6. Мухкам аяттарға амал істеп, муташабих аяттарға иман келтіру. Құранда: «Білім негізін білуші ілім иелері. Біз оған иман келтірдік, мұның бәрі біздің Раббымызда»,- дейді. Әрі оны ақыл иелері ғана зікір етеді»[3], - делінген.

Осы дәлелдерге сүйене отырып, Ислам ғұламалары Құранды құрмет қылу, ұлықтау, қорғау әрбір мұсылманға уәжіп екендігіне бір ауыздан келіскен. Сондықтан, бәрімізге Алла Тағала Құран алдындағы  уәжіптерімізді нәсіп етті, жеңілдік берсін.



[1] «Анкабут» сүресі, 49-аят.

[2] «Сад» сүресі, 29-аят.

[3] «Әли-Имран» сүресі, 7-аят.

date05.02.2018readCount471printБасып шығару