Ол неге телефонын өшіріп тастады

Бір жігіт досына қоңырау шалып, апасының науқастанып жатқанын айтып, дəрі-дəрмекке ақша сұрапты. Досы:

– Жарайды, көп уайымдама. Ақша түстен кейін болады, – депті.

Түстен кейін əлгі жігіт досына қоңырау шалса, өшірулі тұр. Қайта-қайта звандап, досын ала алмаған жігіт, ақша таппай түңіліп қас қарая үйіне келеді. Керек қаражатты таппағанына, досының мұны алдап телефонын сөндіріп тастағанына күйініп, үйіне кірсе, апасы пысылдап ұйықтап жатыр. Қасында дəрі-дəрмегі. Аң-таң болған жігіт келіншегінен:

– Бұл дəрілерді қайдан алдың? -деп сұрайды. Келіншегі:

– Сенің досың үйге келіп, дəрілердің тізімін алып кетіп, барып алып келді. Апам ішіп алып ұйықтап жатыр. Қазір жақсы,  – депті.

Досының ісіне сүйінген жігіт үйіне іздеп барып:

– Рахмет саған досым! Қоңырау шалып ала алмадым. Өшіріп тастапсың, – десе. Досы:

– Мен телефонымды сатып, апаңа дəрі апарып бердім. Сондықтан өшірулі болды, – деген екен.

Бəрімізге бекем достықты нəсіп етсін құдайым!

Талғат Айтуарұлы
date03.03.2018readCount1322printБасып шығару