«Фәләқ» сүресі

«Фәләқ» – меккелік сүре. Бұл сүре пенделерге Рахман Алланың қорғауына ғана паналауды үйретуде. Адам баласы Жаратушының ұлылығы мен патшалығынан пана іздейді. Алла Тағаланың жаратқан мақлұқаттарының зиянкестігінен, қараңғы түскен түннің жамандығынан. Түнде жамандық пен бұзықтық жайылатындықтан қараңғыда адам бойын үрей билейді. Және әрбір көреалмаушы мен сиқыршының жамандығынан тек құдірет Иесі Алладан пана сұрауды үйретеді. «Фәләқ» – пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дем салған екі муғаууиз[1] сүренің бірі.

بسم الله الرحمن الرحيم

قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ الْفَلَقِ

1.(Ей, Мұхаммед) Айт: «Таңның иесінен қорғау тілеймін».

Тәпсіршілер: «Пана сұрап, дұға етуде таң уақытын арнайы айтуының себебі, қап-қараңғы түннен кейін таң нұры жарып шығуы қиындықтан кейінгі қуанышты суреттейді. Сондай-ақ, адам таңның атуын асыға күткені сияқты қорқудағы адам да құтылуды тағатсыз күтеді», – дейді.

مِنْ شَرِّ مَا خَلَقَ

2.Жаратқан нәрселерінің жамандығынан.

Барлық мақлұқаттың: адам, жын, жануарлар және жәндіктер жамандығынан. Өзің жаратқан әрбір зиянкестен қорға.

وَمِنْ شَرِّ غَاسِقٍ إِذَا وَقَبَ

3.Қараңғылық басқан сәтте түннің жамандығынан.

Түн келіп, қараңғы түскен сәттегі жамандықтан қорға. Түннің қараңғылығында адам және жынның жамандары жер бетіне тарала бастайды. Сондықтан да арабта «Түн жамандықты жасырады» деген мәтел бар. Рази: «Адам түннің жамандығынан пана сұрауға әмір етілуі түнде жыртқыш апанынан, жәндік ұясынан шығады, ұры-қары үйге түседі, өрт те түнде болады және түнде көмекке келуші де аз мезгіл», – деген.

وَمِنْ شَرِّ النَّفَّاثَاتِ فِي الْعُقَدِ

4.Және түйіндерге үрлеушілердің (дем салушы) жамандығынан.

Жіпке түйін салып, дұға оқитын сиқыршылардың жамандығынан сақта. Сиқыршылар бұл әрекетімен жұртқа зиян жасап, күйеуі мен әйелін ажыратады.

Әл-Бахр: «Пана сұрау «мұғаууизатайн» екі сүренің түсуіне Ләбид ибн Асам атты сиқыршы қиссасы себеп болды. Сиқыршы Алла елшісінің (с.ғ.с.)тарағына дуа жасайды. Тараққа он бір түйін түйіп, оны инемен түйреп қояды. Сонда осы екі сүре уахи етілді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл сүрелердің әрбір аятын оқыған сайын бір түйін шешіліп, бойын жеңіл сезіне бастайды. Ең соңғы түйін шешілгенде, бұғаудан босаған сияқты бойы сергіп қалған екен», – дейді.

 وَمِنْ شَرِّ حَاسِدٍ إِذَا حَسَدَ

5.Және күншілдердің көре алмаған кездегі жамандығынан (пана іздеймін)», – де.        

Кісіден жақсылықтың кеткенін қалайтын көре алмаушының жамандығынан сақта. Ол – Алланың берген нығметіне разылық танытпайды іші тар бейбақ.



[1]    Муғаууиз-Нәс және Фалақ сүрелері. Мұғаууиз - Алла Тағаладан пана сұрау дегенді білдіреді.

 

Серікбай қажы ОРАЗ
date14.03.2018readCount828printБасып шығару