Пәтерде қалған жүрек жылуы

Қасым біраз жыл отырған ескі пәтерін сатып қаланың келесі шетінен үш бөлмелі, кең пәтер сатып алған еді. Жаңа пәтеріне қоныстану үшін үйдегі барлық заттарын машинаға асығыс тиеп, көшіру жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті. Әйелі де анаған-мынаған көмектесіп, сасқалақтап жүріп кетерде ескі қонысын тазалап шығуды ұмытып кетсе керек. 

Олар жаңа пәтеріне көшіп келеді. Жаңадан ауысып жатқан пәтерінің есігін ашып кіріп келсе, бұрын-соңды бұл пәтерге адам аяғы баспаған секілді таза тұр екен. Әйелі қуанып кетіп, ас даярлайтын бөлмесіне кірсе, үстелде конвертке салынған бір хат тұр екен. Конверт сыртында «Жаңадан көшіп кірген үй иесіне!» деп жазылыпты.

«Пәтерді жақсылап жуып-тазаладым. Бірақ заттарыңызды орналастырар алдында өздеріңіз жеңіл-желпі тазалық жасап алатын боларсыздар. Сіздерге осы пәтер құтты қоныс болсын, бақытты болыңыздар!» деп жазылыпты.

Оны оқыған Қасымның әйелі дереу такси шақыртып, бұрыңғы пәтеріне қайта барып, жақсылап тазалапты да, келесі келетін үй иелеріне арнап өзі оқыған хаттан да жақсы сөздермен әдемілеп хат жазып қалдырыпты.

Осылайша. Қасым мен әйелі имандылық, адамдар арасындағы жүрек жылу, мейірімділік деген ұғымның терең мәнін бұрынғысынан да жақсы түсінген екен.

Амантай Тойшыбайұлы
date02.04.2018readCount687printБасып шығару