Исра және миғраж мұғжизасы

Исра сөзі «түнгі сапар» дегенді білдірсе, миғраж «жоғары көтерілу» деген мағына білдіреді. Мәдина қаласына қоныс аударудан бір жарым жылдай уақыт бұрын бір түні Пайғамбарға (с.ғ.с.) Жебірейіл періште (ғ.с.) келеді. Оның қасында тек пайғамбарлар ғана мінетін Бурақ (қазақтың «пырақ» сөзі осыдан шыққан) атты жүйрік жануар бар екен. Пайғамбар (с.ғ.с.) Жебірейілдің (ғ.с.) айтуымен осы жануарға мініп Бәйтул-Мақдиске (Иерусалим шаһарына) бір мезетте жетіп барады.

Мұнда әл-Ақса мешітінде оны пайғамбарлар (ғ.с.) күтіп отыр екен. Пайғамбар (с.ғ.с) оларға имамдық етіп, бірге намаз оқиды. Бұл –оның (с.ғ.с.) жалпы пайғамбарлардан артықшылығына дәлел.

Сосын Жебірейіл (ғ.с.) періштемен бірге көкке көтеріледі. Бірінші аспанға шыққанда Адам пайғамбармен (ғ.с.) кездеседі. Екінші аспанда Иса және Жақия пайғамбарлармен (ғ.с.) жолығады. Үшінші аспанда Жүсіп пайғамбарды (ғ.с.) көреді. Төртінші аспанда Ыдырыс пайғамбарға (ғ.с.) кезігеді. Бесінші аспанда Һарун пайғамбарды (ғ.с.) көреді. Алтыншы аспанда Мұса пайғамбарға (ғ.с.) жолығады. Жетінші аспанға көтерілгенде Меккедегі Бәйтулла – Қағбаның дәл үстінде орналасқан Бәйтул-Мағмурды, оған қажылық жасап жатқан сан мыңдаған періштелерді көреді. Осы жерде арқасын Бәйтул-Мағмурға сүйеп отырған Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарды көреді. Сосын әлемдердің шегі – Сидратул-Мунтаһаға («Шектің Лотосы») барады.

Осы жерде Жебірейіл періште (ғ.с.) тоқтап, Пайғамбарға (с.ғ.с.): «Енді сен алға жүрсең өтесің, ал мен жүрсем күйіп кетемін», – деп осы жерде қалатындығын айтады. Пайғамбар (с.ғ.с.) одан әрі ешбір жаратылыс иесі басып көрмеген орынға жалғыз өзі барып, Раббысымен сөйлеседі. Алла Тағала осында намазды парыз қылады.

Пайғамбар (с.а.с.) осы Исра және Миғраж оқиғасын басынан бір-ақ түнде кешіреді. Ол таңертең жиналған қауымға түнде болған керемет мұғжизаны әңгімелеп бергенде кейбіреулер сеніп, ал дұшпандар мен кейбір иман келтіргендердің өзі бұлай болуы мүмкін емес деп мұғжизаны терістеп, сенімдерінен шығып кетеді.

fatua.kz
date12.04.2018readCount390printБасып шығару