Шағбан – жақсылықтардың бастауы

Шағбан сөзінің тілдік мағынасы «көптеген жақсылықтардың бастауы» дегенді білдіреді. Сансыз сауапқа толы қасиетті Рамазан жақындағанын сүйіншілейтін бұл мүбәрак айды ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ерекше ықыласпен қарсы алып, құлшылыққа толы өткізетін болған. Алдағы Рамазан айына дайындық жасап, айналасындағы сахабаларын соған үндеген. Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден жеткен хадисте: «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар»[1], – деп өсиет еткені айтылады.

Жан-тәніңді жаманшылықтан тазартып, пейіл-ниетті таза ұстау – кез келген сәтте нәпсіге қиын тиетіні белгілі. Тойымсыз нәпсіні тізгіндеп, тұқыртып отырудың ең тиімді тәсілі – ораза ұстау екендігін де тағы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бізге қалдырған хадис-өсиеттері мен өмірлік үлгі болатын сүннеттерінен анық аңғарамыз.  Айша анамыздан (р.а.) жеткен мына хадис осы сөзіміздің айғағындай: «Алланың елшісі кейбір айлардың көбінде ораза ұстайтын. Тіпті, оны бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз. Кейбір айлардың көбінде аузы ашық болатын. Тіпті, біз оны бұл айда ешбір ораза ұстамады дейтін едік. Алла елшісінің Рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай-ақ, Шағбан айындағыдай көбін оразамен өткізгенін көрмедім»[2].

Алла елшісінің (с.ғ.с.) Шағбан айында көп ораза ұстауының хикметін білу үшін бірде саңлақ сахабалардың бірі Усама (р.а.): «Уа, Алланың елшісі, дәл шағбан айында жиі ораза ұстағаныңыздай басқа айда мұншалықты ораза ұстағаныңызды көрмедім», – деп сұраған екен. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан – адамдардың басым көпшілігінің Рамазан мен Ережеп айларының ортасында мән бермей кететін айы. Бұл айда амалдар Алла Тағаланың құзырына көтеріледі. Мен де амалдарымның ораза ұстаған кезімде Алланың құзырына көтерілгенін қалаймын»[3], – деген жауап берген.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай қасиетті Шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Жан-тәнімізді түрлі жаманшылықтан тазартып, ниет-ықыласымызды дұрыстап, айлардың сұлтаны Рамазанды кіршіксіз пәк жүрекпен қарсы алуға талпынуымыз қажет. Қызғаныш, көреалмаушылық, қастандық, жеккөрушілік, ашушаңдықтан жүрегімізді тазалап, ғайбат, өсек, сөз тасу, жамандау, кемсіту, көпшіліктің алдында біреудің айыбын көзге басып ұялту секілді жағымсыз істерден тілімізді қорғауды дағды айналдырып, дайындық жасауымыз тиіс.

Сүйікті Алланың елшісі (с.ғ.с.) Шағбан айындағыдай айлардың ешбірінде жиі ораза ұстамайтын және былай деп өсиет қалдырған: «Шама-шарқыңызға қарай амал жасаңыз. Өйткені, сіз жалықпайынша Алла да сізге жалығатын амалды жүктемейді. Алланың құзырында қабыл болатын амал – аз да болса игі істің тұрақты жалғасып тұрғаны»[4], – дейді.

Ендеше, берекеге толы Шағбан айын бекерге өткізіп алмай, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасаған дұрыс. Бұған қоса, сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауаттар арнаған жөн.

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Шағбан айына келгенде: «Алла Тағалам! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз»[5] – деген дұғасын жиі айтатын болған. Бізге де бұл мүбәрак айды берекелі етіп, құлшылықпен өткізуді нәсіп етсін!



[1] Мукашәфәтул-қулуб, әл-Ғазали, 291-бет.
[2] Бухари, Саум , 51.
[3] Нәсаи, Саум, 70.
[4] Муслим, саум, 177.

 

[5] Мүснәд, 1, 259.

Наурызбай қажы Тағанұлы
date20.04.2018readCount736printБасып шығару