Ораза сауабы жойылмас үшін...

Міне, көзді ашып-жұмғанша да Рамазанға қайта келіп жеттік. Аллаға мың да бір шүкір... Расында, Рамазан – берекеттің қайнары. Бұл берекелі айды Алла Тағала өзге айлардан ерекше еткен тұсы да осы – өзге айларда жасалатын игі істер бұл айда есесімен жазылады. Әрі бұл айға тән болған парыз оразаның сауабын Алла ғана береді.

Алайда, кей ораза ұстаушы жандар бар, олар ораза ұстау деп тек ішіп-жемнен тыйылуды ғана түсінеді. Алайда, бұл түсінік қате, себебі оразаның ақиқаты бұл айтылғаннан әлдеқайда ауқымды, мағынасы да тым терең. Ораза ұстаушылардың бұл тобы ауыздарын халал нәрседен тыйғанымен, сол оразаларын Алланың харам еткен жағымсыз нәрсемен ашып қойып жатады.

Осы жағымсыз нәрсе – ғайбат.

Имам ибн Кәсир (р.а) тәпсірінде мынадай оқиғаны келтіреді: «Бірде Алла елшісі (с.ғ.с) адамдарға ораза ұстауына әрі өзі (с.ғ.с) рұқсат етпейінше оразаларын әсте ашпауға бұйырды. Сөйтіп адамдар ораза ұстады. Кеш батқанда бір кісі келіп: «Бір күн ораза ұстадым, аузымды ашуға рұқсат етсеңіз», – деді. Пайғамбар (с.ғ.с) оған рұқсат етті. Тағы бір кісі келіп әуелгінің айтқанындай айтты, Пайғамбар (с.ғ.с) оған да рұқсат етті. Сосын бір кісі келді де: «Уа, Алла елшісі! Мында екі қыз бар, олар да күні бойы ораза ұстады. Ол екеуіне де ауыз ашуға рұқсат берсеңіз...» – деді. Алайда, Алла елшісі (с.ғ.с) оны қабыл етпеді. Әлгі кісі өтінішін қайта қайталады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Ол екеуі ораза ұстамады. Күнін адамдардың етін жеумен өткізген адам қалай ораза ұстаған болмақ?! Бар, егер ол екеуі ораза ұстаған болса, ішіндегсін құсып тастасын де», – деп бұйырды. Екі қыз Пайғамбардың (с.ғ.с) айтқанындай істеді. Әрқайсысы бір-бір кесек еттен құсты. Әлгі кісі болған оқиғаны Пайғамбарға жеткізді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Егер ол екеуі осы кесек еттер ішінде сақтаған күйде қайтыс болса, оларды тозақ жұтар еді», – деді»[1].

Осы оқиғадан кейін Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضًا ۚ أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَن يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتًا فَكَرِهْتُمُوهُ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ ۚ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌ رَّحِيمٌ

«Бір-біріңді ғайбаттамаңдар. Қайсы бірің бауырының өлік етін жеуді жақсы көре ме?! Әрине, жиіркенесіңдер. Ендеше, Алладан қорқып тақуалық танытыңдар. Расында, Алла тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді»[2], – деген аятты түсірген[3].

Сол сияқты, Жәбир ибн Абдулладан (р.а) жеткізген хадисте «Бірде Пайғамбардың (с.ғ.с) қасында болғанымызда сасық өлексенің иісін айдаған жел тұрды. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с): «Сендер бұл не жел екенін білесіңдер ме? Бұл мұсылмандарды ғайбаттап жатқандардың тарапынан келіп жатқан жел»[4], – дегені айтылады.

Міне, бұл ғайбат айтудың ақиқаты. Ғайбаттың анықтамасын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисінен анық көре аламыз:

أتدرون ما الغيبة؟ قالوا: الله ورسوله أعلم، قال: ذكرك أخاك بما يكره، قيل: أفرأيت إن كان في أخي ما أقول! قال: إن كان فيه ما تقول، فقد اغتبته، وإن لم يكن فيه فقد بَهَتْه

«Пайғамбар (с.ғ.с) сахабалардан:
– Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?,– деп сұрады. Сахабалар:
– Оны Алла мен елшісі жақсырақ біледі, – деп жауап қатты.
– Ғайбат деген – бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен еске алуың.
– Егер айтып жатқаным бауырымның бойынан табылса ше?
– Егер айтқаның оның бойынан табылса, ғайбаттадың демек. Ал егер бойында болмаса, онда жала жапқаның, – деді»[5].

Осы мағынаны беретін және бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

ربَّ صائم حظه من صيامه الجوع والعطش

«Ораза ұстаушының оразасынан үлесі тек аштық пен шөл ғана да болуы мүмкін»[6], – деп ескерткен.

Тағы бір хасан хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

إنما الصوم أمانة، فليحفظ أحدكم أمانته

«Расында, ораза – бір аманат. Ендеше, әркім аманатына берік болсын»[7],– деп өсиет еткен екен.

Жәбирдің (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с):

إذا صمت، فليصم سمعك، وبصرك، ولسانك عن الكذب والمآثم، ودع أذى الخادم، وليكن عليك وقار وسكينة يوم صيامك، ولا تجعل يوم فطرك ويوم صيامك سواء

«Егер ораза ұстап, ішіп-жемнен тыйылсаң, құлағың да, көзің де, тілің де өтірік пен күнәлі істерден бірдей тыйылсын. Біреуге зиян келтіруден сақ бол. Ораза ұстаға күнің айбатты да салмақты болсын. Ораза ұстаған күнің мен ұстамаған күнің бірдей болмасын»[8], – дегенін жеткізген.

Әбу Убайда ибн Жәррах (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с):

الصوم جُنَّةٌ، ما لم يخرقها

«Ораза – қалқан. Ендеше, онда тесік жасамаңдар», – дегенін естігенін айтады[9]. Имам Дарими хадисті: «Қалқанды ғайбат айтып теспеңдер», – деп түсіндірген.

Имам Аузағи Айша анамыздан (р.а) жеткен хабарға сүйеніп: «Ғайбат оразаны ашып жібереді, алайда ол күннің қазасы өтелмейді», – деген.

Суфиян Саури де ғайбаттың оразаны бұзатынын айтқан.

Имам Қуртуби (р.а): «Оразаның кәмілдігі мен толықтығы – тыйым салынған нәрселерден тыйылумен, харам нәрселерді істемеумен болады», – деген.

Ал, Имам Ғазали (р.а) бұл мәселеде ораза ұстаушы адам ғайбат айтып, жалған куәлік беріп, өтірік сөйлеп, адамдарға сөзімен зиян келтіріп т.с.с. шариғаттың тыйым салған нәрселерін тыйылмаса, онда оразасы қабыл болмайтынын, оның қияметте пайда әкелмейтінін айтады. Мұнда «Егер кімде-кім асқазан мен жыныстық қажеттіліктерден ғана тыйылып, ғайбат, өтірік сынды нәрселерден тыйылмаса қалай болмақ?» деген сұрақ туындайды. Фиқһ ғалымдары мұндай оразасының дұрыстығын айтқан. Ал, Имам Ғазали (р.а) бұл сұрақтың жауабын былай өрбіткен: «Мәселелердің сыртқы көрінісімен ғана шектелген фиқх ғалымдары оразаға оның сыртқы көрінісімен ғана байланысты шарттарды қойған. Олардың келтірген дәлелдері біздің келтірген, ғайбат сынды адамның ішкі дүниесімен байланысты дәлелдерімізден әлсіз болып тұр. Алайда, ол ғалымдар адамдарға дүние тіршілігінде оларға жеңілдеу болатынын ғана нұсқауға жауапты. Ал ақырет ғалымдары болса, олар ғибадаттың қабыл болуына, қабыл болып мақсат етілген нәрсеге қол жеткізуге көңіл бөледі»[10].

Тоқетерісі: ғайбат, өсек тағы сол сынды шариғатта тыйым салынған нәрселер оразаның болмысына қайшы келеді. Ғалымдардың басым көпшілігінің айтқанындай, ғайбат – оразаны бұзып, ауызды ашпаса да, оразаның негізгі мақсатына сызат түсіреді, толыққанды ораза мәртебесінен түсіреді. Алайда, Алланың мейірімі сол – Ол ғайбатты оразаны бұзатындардың қатарына қоспады. Әйтпесе, адамдардың көпшілігі бұл ғибадаттан сүрінбей өте алмас еді.

Әрине, әр мұсылман үшін Рамазан айы – жаңа бастама үшін ең оңтайлы мүмкіндік. Тәубе есігін қағар сәт. Бұл айға кірерден бұрын ниетті дұрыстау керек. Себебі ниетке көп нәрсе байланысты. Оразаны қалай күтсеңіз, ораза сізге солай ашылады. Ал, егер оны өзге айлардай көрсеңіз, өтеді де кетеді. Ендеше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Расында амалдар ниетке байланысты»[11] деген хадисті негізге алып, Рамазанға лайықты түрде қарсы алайық. Барша тыйымдардан сақтаналық.

Уа ахиру дағуана әнил-хамду лилләһи Раббил-ъаламин...



[1] Әбу Дәуіт Тиалисидің «Муснад» атты кітабынан алынған.
[2] Хужрат сүресі, 12-аят.
[3] Ибн Кәсир тәпсірінен.
[4] Ахмад.
[5] Муслим.
[6] Ахмад, Ибн Хузайма.
[7] Харанити.
[8] Ибн Әби Шәйба.
[9] Ахмад, Даримин
[10] Ихя ъулумид-дин.
[11] Бухари, Муслим.

Наурызбай қажы Тағанұлы
date17.05.2018readCount837printБасып шығару