Пәкістанның бұрынғы басшысы президент сайлауына қатысатын болды

Пәкістанның бұрынғы басшысы президент сайлауына қатысатын болды

Пәкістанның солтүстік-батысында орналасқан Читрал қаласындағы сайлау комиссиясы елдің бұрынғы басшысы, генерал Первез Мүшарафқа мамырдың 11-і күні өтетін сайлауға қатысуына мүмкіндік берді. Бұл жайында «Новости» ақпарат агенттігі пәкістандық БАҚ-қа сілтеме жасай отырып, хабар таратты. 

«Оның құжаттары дұрыс. Соттың да қарсылығы жоқ. Сол себепті, біз одан бас тарта алмаймыз», – деп мәлімдеді сайлау комиссиясының қызметкері Жамал Хан.

Генералдың туған үйіндей болып кеткен Карачи қаласындағы сайлау комиссиясы оның кандидатурасын құптамаған болатын. Бұған оның бәсекелесінің өтініші себеп болды. Бәскелесінің айтуынша, ол 2007 жылы төтенше жағдай жариялап, ел конституциясын бұзған көрінеді. Сондай-ақ, осыдан бұрын Пенджаб провинциясындағы Касур округінен де оның сайлауға қатысуына рұқсат берілмеген еді.

Генерал Первез Мүшараф ел билігіне 1999 жылғы әскери төңкеріс арқылы келген болатын. Ол осы орында тапжылмай, табан аудармай он жылдай отырып, 2008 жылы оппозицияның тегеурінді әрекетінен кейін биліктен бас тартуына тура келді. 2013 жылдың соңына таман ол осы уақытқа дейін өзінің тұрақты мекеніне айналдырған Лондоннан Пәкістанға қайтып оралды. Ол Бүкілпәкістандық мұсылман лигасына (All Pakistan Muslim League) жетекшілік етеді.

Десе де, ол 2006 жылы Белуджистан провинциясында көз жұмған ұлтшылдар көсемі Әкбар Бугтидің және 2007 жылы дүниеден озған экс-премьер Беназир Бхутоның қазалары үшін, сондай-ақ, осы жылы тұтқындалған Жоғарғы сот төрағасының басындағы жағдай үшін айыпталып отыр. Өткен аптада Карачи шаһарындағы әлдебір қорғаушы оны тұтқындамау туралы иммунитеттің уақытын ұзартқан соттан шығып келе жатқан оған бәтеңке лақтырған болатын. Үнділік Outlook басылымының дерегіне қарағанда, осыған байланысты қорғаушы Әкбар Бугтидің ұлы – Шахзайн Бугтидің қолынан 200 мың пәкістандық рупий (2 мыңдай доллар шамасындағы қаражат) алған көрінеді.

Дүйсенбіде Пәкістанның жоғарғы соты Первез Мүшарафты 2007 жылы енгізілген төтенше жағдайға байланысты «опасыздық» бабы бойынша сотқа тартуды талап еткен Раваллинд қаласының соттар қауымдастығының басшысы Тауфиқ Асифтің петициясын қарауға бел байлап отыр.

date08.04.2013readCount1710printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments