Дін істері вице-министрі «Нұр-Мүбарак» университетінде болды (ФОТО)

Дін істері вице-министрі «Нұр-Мүбарак» университетінде болды (ФОТО)

Бүгін «Нұр-Мүбарак» университетіне Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын мырза арнайы зиярат жасап, университеттің жұмысын жетілдіру жайлы жан-жақты талқы өткізді.

Университет ректоры, профессор Жуда Басюни мен проректор, профессор Шамшәдин Керім мырзалар вице-министр Берік Сақбайұлын әуелі университет кешенінің жай-күйімен таныстырды. «Нұр-Мүбарак» мешіті, қос ғимарат, жатақхана жағдайынан хабардар болғаннан кейін бүгінде ата дінімізге қатысты құнды туындылар шығарып жатқан Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жұмыстарымен танысты.

ҒЗО директоры Алау Әділбаев қазіргі қоғамдағы ең өзекті тақырыптарды қамтыған еңбектерді, яғни ақида, мәзһаб, ғұлама ғалым Әбу Ханифа мен Матуриди жайлы, жақында ғана жарық көрген «Арабша-қазақша сөздік», т.б. кітаптармен нақтырақ таныстырып өтті. Ал жалпы оқырмандардан өзгекәсіби салаларды да қамтыған еңбектер жайлы таныстыруды жалғастырған  проректор, профессор Шамшәдин Керім бүгінгі таңда жаңа кітаптарды шығарудағы қиындықтарға тоқталып өтті. Себебі, осы кезге дейін кітаптар университет қаржысымен жарық көріп келеді. Ал мемлекеттік тапсырысқа сай шығарылған кітаптар арнайы кітапханаларға ғана таратылғандықтан оқырмандарға жаңа туындылар жетпей жатады. Бұл да мемлекеттік қолдауды қажет ететін кезек күттірмес мәселелер.

Еліміздегі діни тұрақтылықты сақтауда маңызы зор еңбектердің ахуалынан кейін вице-министр Берік Арын мырзаның төрағалығымен Нұр-Мүбарак ЕИМ университетінің жұмысын жетілдіру бойынша жұмыс отырысы өтті. Бас қосуға ҚР ДАҚ министрлігі, ҚМДБ, Алматы қаласы Дін істері басқармасы мен Жер қатынастары басқармасы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармаларының өкілдері қатысты.

Қоғамдағы дін істерімен айналысатын министрліктің құрылуына сай Мысыр мен Қазақстан арасындағы жасалған келісім шартқа қайта өзгертулер мен толықтырулар енгізу, университет кешенін кеңейту, жаңа оқу корпустары мен жатақхана салу мәселелері талқыланды. Себебі, университетте жыл сайын студент саны көбейіп келе жатқаны белгілі. Әрі білім алушылардың қатарын арттыруға қатысты ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдерімен тікелей онлайн жүйесінде жиналыс өткізіп, сан түрлі түйткілдермен қатар осы кезге дейін бөлініп жатқан мемлекеттік білім грант мөлшерін сақтап қалу жағы да талқыланды.

Сондай-ақ, университеттің даму стратегиясы, шетелдерде (батыс елдеріндегі) ислам мәселелерін зерттеу бойынша озық тәжірибесі бар ғылыми орталықтар мен зерттеулер жүргізетін мекемелермен әріптестік қарым-қатынастар орнату, кей бағыттар бойынша магистратура мен докторантураға жіберу (Ислам экономикасы, ислам қаржысы, ислам банкингтері т.б.) жағы сөз болды.

Естеріңізде болса, ҚР ДАҚ министрі Нұрлан Ермекбаев өткен қараша айында Алматыға келген арнайы сапарын «Нұр-Мүбарак» университетінен бастаған болатын. Сол кезде көтерілген көптеген мәселелер міне бүгін нақты талқылана бастады. 







comments powered by HyperComments