«Әзірет Сұлтан» мешітіндегі сауат ашу курсының шәкірттеріне сертификат табысталды (ФОТО)

Бүгін, қасиетті жұма күні «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі діни сауат ашу курсының шәкірттеріне арнайы сертификат табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға ҚМДБ мешіт істері бөлімінің басшысы Жәнділлә Бекжігітов, Астана қаласы дін істері жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Нұрдәулет Әлмұханов  қатысып, оқу жылын ойдағыдай аяқтаған шәкірттерге құттықтау лебіздерін білдірді.
 
Шара шымылдығы "Әзірет Сұлтан" мешітінің 5 жылдығына орай ұйымдастырылған Құран жарысынан 30-пара бойынша бірінші орын алған Ниғматуллаев Сайдмұхаммедтің құран оқуымен ашылды. Шара басында сөз алған ҚМДБ мешіт істері бөлімінің басшысы Жәнділлә Бекжігітов жылы лебізін білдіріп, шәкірттерге сәттілік тіледі.
 
Ал, Астана қаласы дін істері жөніндегі басқармасының төрағасының орынбасары Нұрдәулет Әлмұханов шәкірттерге: "Әзірет Сұлтан" мешітіне "Республикалық" мәртебе берілуінің бір себебі мешіт қызметкерлерінің білімі мен біліктілігінде жатыр. Яғни, мұнда дәріс беретін ұстаздардың діни білімі жоғары деп ашық айта аламын. Сондықтан да, сіздер осы мешіттен сауат ашып, білім алғам деп мақтана айта аласыздар" - деп, ұстаздар қауымын бір желпінтіп өтті. Сондай-ақ, мешіт ұстаздарына Астана қаласы Дін істері басқармасы атынан арнайы "Алғыс хат" табыс етті.
 
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті тек қана құлшылық ордасы ғана емес, сонымен қатар бірегей білім ордасы ретінде де танылып келеді. Оған дәлел қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізілетін діни сауат ашу курсына қатысушылардың саны биылғы оқу жылында 600-ден асып жығылды. Білікті ұстаздардың сабағы күн сайын таң намазынан кейін басталып, кеш батқанға дейін жалғасады. Сауат ашу курстарында Құран, тәжуид, фиқһ, ақида, пайғамбар тарихы және т.б. салалар бойынша дәрістер өткізіледі. Арабша хат танып, діни білімін жетілдіре түсуге бағытталған сауат ашу курсына қатысуға биылғы жылы 406 ер және 216 әйел ынта білдірген. Мешіт имамдары мен ұстаздарының қажырлы еңбектері арқасында бүгінде «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі діни сауат ашу курсының жұмыстары жолға қойылып, шәкірттерге арнайы І және ІІ дәрежелі сертификат беріліп келеді. Биыл 535 шәкіртке сертификат табысталды. Оның 335-і ер бала болса, қалған 200-і қыз бала.
 
Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан тамашалай аласыздар!
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
date19.05.2017readCount1230printБасып шығару





comments powered by HyperComments