Бас имам «Әзірет Сұлтан ақсақалдарының» ақ батасын алды (ФОТО)

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бой көтергеніне бес-ақ жыл болғанымен, сыртқы сәулеті мен ішкі жайлылығы үндесе салынған құлшылық ордасының тұрақты жамағаты бүгінде мықтап бекіген. Бұл күнде мешіт ұстаздарынан дәріс алатын 600-ге жуық шәкірттің бір үйдің баласындай ынтымағы жарасқан ұжым екенін айтпағанның өзінде, ақ жаулықты апаларымыз мен қажы ақсақалдардан құралған тұрақты жамағат алқасына да жұрт қызыға қарайды.

Бес уақыт намазын «Әзірет Сұлтан» мешітінде өтеуге асыққан қариялардың қай-қайсысы да мешіттің қоғамдық шараларына, уағыз-насихат пен дәрістеріне үнемі қатысып, белсене атсалысып келеді. Барлығы да осы мешіт ұстаздарынан білім жетілдіріп, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ІІ дәрежелі білім сертификатына ие болған жандар. 

Қақаған күннің суығына қарамастан «Әзірет Сұлтан ақсақалдары» кеше ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының Бас мешіттің басшылығына тағайындалғанына қуаныш білдіріп, құттықтау лебіздерін білдіріп қайтты.

Сөз арасында ұрпақтар сабақтастығы, аталар мектебі, жастар тәрбиесі сынды маңызды мәселелер бойынша өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізген ақсақалдар Наурызбай қажы Тағанұлына ақ баталарын беріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

date11.01.2018readCount642printБасып шығаруsourceLinkMuslim.kz





comments powered by HyperComments