Қала әкімі аязды күндері қайырымды болуға үндеді

Қылышын сүйреткен «кәрі құда – қыстың» қаһарына мініп, бет қаратпас долы боранын бүркіп тұрғанына бүгін бірнеше күн жүзі болды.  Астана төрінде асыр салған ақшұнақ аяз бен үскірік желдің жұрттың берекесін алып, тіршілік атаулының тоңдыра түскенін телеарналар да тез таратып, желі біткеннің жарыса жазып жатқалы қашан.

Қарға адым жер мұң болған боранды күндері «біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіредінің» керін келтіріп, табиғаттың тосын мінезінен пайда тапқысы келгендер де баршылық екен. Көшедегі жүргіншілерге көмек көрсетудің орнына жолақысын қымбат сұрап немесе көлік жөндеу құнын жайшылықтағыдан жоғары көтергендер де кездесіп жатыр.

Мұның бәрі – әлеуметтік желіге жүктелген ақпараттардан түйгеніміз!

Дегенмен, дәл осы әлеуметтік желі арқылы жақсылықтың отын лаулатып, жан-жағындағыларға жылу таратуға тырысқандар да аз емес. Солардың бірі болып Астана шаһарының әкімі Әсет Өрентайұлы да Фейсбук желісіндегі парақшасына пікір қалдырып, қала тұрғындарын осы күндері қайырымды болуға үндеді. Көшедегі таксилер мен жолдағы жүргіншілерді, дүңгіршек, сауда ғимараттарының қожайындарын, оқушылар мен ата-аналарын – жалпы қала тұрғындарын мейірімді болуға шақырған Әсет Өрентайұлының бұл бастамасы әлеуметтік желіде қызу қолдау тауып, еріктілер тобы өз жұмысын бастап та кеткен.

Табиғат танытқан тосын мінездің талайды әбігерге салғаны айтпаса да белгілі. Алайда, боранды күні барымен бөлісуге шақырып, жанымен жылытуға үндеген игі бастама жайлы айтудың артығы болмас. «Жақсылықты бөліссең, көбейеді» емес пе?!

Осы орайда қала әкімі Әсет Өрентайұлының игі бастамасы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде жалғасын тауып, ҚМДБ-ның бірінші наиб мүфтиі, Бас имам Наурызбай қажы Тағанұлы намазға жиылған жамағатқа үндеуді жеткізіп, жақсылыққа үлес қосуға шақырды.

Картинки по запросу мороз в астане

date22.01.2018readCount961printБасып шығаруsourceLinkMuslim.kz





comments powered by HyperComments