Голливуд жұлдыздары «Халифа Алтай» мешітіне келді (ФОТО)

Голливуд жұлдыздары «Халифа Алтай» мешітіне келді (ФОТО)

Шығыс Қазақстан облысына сапарлай келген Америкалық танымал актерлер Кэри Тагава, Бай Линг, Марк Дакаскос және Эрик Робертстер бүгін облыстық «Халифа Алтай» мешітіне әдейі келді. Мәртебелі қонақтарды ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболаұлы қарсы алып, мешітті аралатып, таныстырды.

Өкіл имам:

«Шығыс Қазақстан облыстық мешіт дін ғұламасы Халифа Алтайдың атымен аталған. Қазақстанның шығысы - мұсылман әлемінің қиыр шығысында жатқан өлке. Ислам құндылықтары күллі адамзат баласына ортақ. Қазақ халқы сан ғасырлық тарихы бар, рухани қазынасы кемелденген ұлттардың бірі. Біз Тәуелсіз Отанымызда ұлт-ұлыстармен тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Әсем Алтай аясына келген сапарларыңыз сәтті болсын», -деп ізгі тілек білдірді.

Сонымен қатар өкіл имам мәртебелі меймандармен сұхбаттасу барысында Ислами құндылықтарға тоқталды. Қонақтарға естелік ретінде үш тілде жазылып, ҚМДБ-дан басылып шыққан «Ұлы дала темірқазығы» кітабын тарту етті. Бұдан соң өкіл имам азаттық үшін күрескен бабалар рухына Құран бағыштап, ел-жұртымызға амандық, қонақтардың сапарына сәттілік тіледі.

Жер жиһанға өнерімен танылған Голливуд жұлдыздары облыстық мешіттің сәні мен сәулетін көріп, өз таңданыстарын жасыра алмады.

Олар қазақ халқының бай мәдениеті бар, қонақжай, иманды жұрт екендігін жеткізіп, мешіт ұжымына сәттілік тіледі.






comments powered by HyperComments