Наиб мүфти Аягөз қаласында тағы бір қоныс тойына қатысты (ФОТО)

Аягөз қаласына арнайы ат басын тіреген ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы тағы бір отбасының қуанышына ортақтасып, жаңа баспаналы болған жандардың шүкіршілк шайына қатысты. Су тасқыны кезінде үйінен айырылған Аягөз Орталық мешітінің наиб имамы Дәулет Қинаятұлына ҚМДБ атынан жаңа баспана тарту етіліп, көмек көрсетілген болатын.

Орталық мешіт жанындағы ас беретін орынға жиналған жамағатқа наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы уағыз- насихат айтып, табиғат апаты тұралатқан халыққа жігер беріп, жұбаныш сыйлауға тырысты. Бір кездері осы қалада бас имамдық қызмет атқарған Наурызбай қажы Тағанұлының әр сөзі жиылған жамағатқа ерекше әсер беріп, көңілдерге сенім мен үміт ұялатты.

«Аягөз жері біз үшін әрқашанда ыстық. Қиындыққа тап болған құтты мекендегі халық басындағы ауыртпашылыққа арқа тосып, жұрт болып жұмыла жәрдемдесуіміз қажет. Осы орайда, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы ораздың бастамасымен су тасқынынан зардап шеккен төрт отбасыға жаңа баспана тарту етіп отыр. Бүгін, мінекей, Аягөз мешітінің наиб имамы Дәулет Қинаятұлының қуанышына ортақтасып отырмыз. Шаңырағы шаттық толы, берекелі болғай!» - ақ тілегін жеткізді.

Ақ дастархан басындағы ғибратты отырыс барысында республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қуат Ерғалиұлы мен Аягөз Орталық мешітінің бас имамы Думан Сайфуллиндер насихат айтып, жамағатты қолдау сөздерімен жігерлендіре түсті.

date15.04.2018readCount203printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments