Бас мешітте 800 жанға алғашқы ауызашар берілді (ФОТО)

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде алғашқы ауызашар дастарханы жайылды. Жыл сайын Рамазан айы бойы жамағатқа тегін ауызашар ұйымдастырып келе жатқан республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі берекелі дастарханның биылғы жылы ауқымы кеңейген болатын. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен құлшылық ордасының оң жақ қанатындағы кіреберіс залға да дастархан жайылып, шақырылатын қонақтар саны 800-ге жоспарланған еді.

Алла разылығы үшін таңнның атысы мен күннің батысы аралығында ішіп-жемнен, нәпсі қалауларынан тыйылып, сабыр мен шыдамын шыңдай түскен жамағат ақшам намазынан соң мешіт мейрамханасында бас қосып, мүбәрак айдың берекелі дастарханына жайғасты. Айта кетейік, Mumtaz мейрамханасы да биылғы Рамазан айына зор дайындықпен кіріскен болатын. Қарапайым қасық-шанышқыдан бастап, үстел-орындықтарына да дейін кеше түгелдей жаңартылып, мүбәрак айға мұнтаздай таза қалпында аяқ басты.

Берекелі дастархан басында жамағатқа «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев уағыз айтып, қасиетті Рамазан айының мән-маңызын түсіндіре түсті. Қасиетті Құран аяттары оқылып, жамағатпен бірге дұға жасалды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

date17.05.2018readCount618printБасып шығаруsourceLinkMuslim.kz





comments powered by HyperComments