Бас имам қариларға құрмет көрсетті (ФОТО)

Қасиетті Қадір түнінде республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Құран хатым батасы жасалып, қасиетті Рамазан айы бойында тарауих намаздарында имамдық еткен еліміздің үздік қарилары өздеріне артылған сауапты жұмысты абыроймен аяқтаған болатын. Әуезді мақамымен жамағатты өздеріне ұйыта білген қарилар қасиетті кеште елдің ықыласына бөленіп, ақсақалдарымыздың ақ батасына ие болды.

Алла сөзін айна-қатесіз жаттап, сансыз сауапқа ие болған қариларымызды бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы жеке қабылдап, құрмет көрсетті. Мешіт басшысы ретінде ұжым және жамағат атынан алғыс білдіріп, сый-сияпатын тарту етті. Ағалық ақ батасын беріп, асыл дініміз бен елімізге қалтқысыз қызмет етіп, абыройлы болуларына тілегін білдірді.

Айта кетейік, биылғы жылы еліміздің Бас мешітінде тарауих намаздарына «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахмет және жас қарилар Мұртаза Ертайұлы мен Шоқан Уәлиевтер имамдық еткен болатын.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахмет есімі бұл күнде еліміздегі жамағатқа кеңінен таныс. Дін жолындағы алғашқы қызметін 2010 жылы Астана қаласындағы Ислам орталығында ұстаздықтан бастаған Ғазиз Ахмет еліміздегі бірнеше мешітте бас имамдық қызмет атқарып, 2015 жылы Тараз қаласының бас имамдығына тағайындалған болатын. Қазіргі уақытта ресупбликалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имам қызметінде.

Бас мешіттегі тарауих намаздарына имамдық етуге биылғы жылы алғаш шақырылып отырған Уәлиев Шоқан – «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің түлегі. Қазіргі таңда Ливан республикасында «Триполи»  университетінде білім алып жатыр. Жас қари 2016 жылы Түркияда өткен Халықаралық Құран жарысында еліміздің намысын қорғап, ІІ орын иеленген болатын.

Ал, Балахмет Мұртаза Ертайұлы болса, Астана қаласындағы Республикалық Қарилар дайындау орталығын тәмамдаған. Малайзия және Индонезия елдерінде өткен Халықаралық Құран жарыстарына қатысып, еліміздің абыройын қорғап қайтқан. 

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!


date13.06.2018readCount412printБасып шығаруsourceLinkMuslim.kz





comments powered by HyperComments