«Бауырластар зираты» деген дұрыс па?
Ассаламу алейкум!
Ұлы Отан соғысы кезінде бір қабірге бірнеше адам жерлегені жайлы айтылып жатады. Осыған шариғат тұрғысынан рұқсат па?

Уа алейкум ассалам!
Бір қабірге тек бір мәйіт қана жерленуі керек. Ал, қажеттілік туындаған жайдайда бір қабірге бірнеше мәйіт жерлеуге шариғат рұқсат етеді. Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Ухуд шайқасының шаһидтерін ортақ қабірге жерлегені дәлел бола алады. Осы әдіспен жерлеу барысында, бір жынысты адамдар болса да олардың арасын тас, кесек сияқты затпен бөліп отыру қажет.

Имам Әбу Бәкір Сарахси (р.а.): Қажеттілік туындаған жағдайда бір қабірге 2 және одан да көп мәйітті жерлеуге болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ухуд күні шаһид болған сахабаларды осылайша жерлеуге бұйрық беріп: «Қабір қазыңдар, кең етіңдер, әрбір қабірге екі немесе үш адамнан қойыңдар. Ең көп Құран жаттағанын бірінші қойыңдар[1]»,-деген.

Ал, бейбіт өмірде оба секілді аурудан, өрт немесе су тасқыны сияқты табиғи апаттардан көп адам қайтыс болып, оларды жеке-жеке жерлеуге мүмкіндік болмаса бір қабірге екі, үш немесе одан көп мәйітті жерлеуге рұқсат етіледі. Бірнеше адам жерленген жағдайда құбыла жаққа ер кісі, одан кейін бала, одан кейін шарана, ал одан кейін әйел жерленеді. Әрбір екінші мәйіттен кейін топырақпен бөгет жасалады. Сонда бұл екі қабір орнына жүреді.



[1] Әл-Мабсут, 1-том, 2-бөлім, 60-бет

date06.05.2014readCount5659categoryЖаназаprintБасып шығару