1-сәуірде өтірік айтып, алдау күнә ма?
Ассаламу алейкум! 1-сәуірді "Алдау күні" деп көптеген адамдар бір-бірін алдап, өтірік айтып жатады. Осы ретте сұрайын дегенім, шариғатымызда өтірік айтып, алдаған күнә ма?
Уағалейкумассалам!
Жалпы өтірік айту дінімізде тыйым салынған харам амал. Қай жерде болсын, қашан болсын. Сондықтан 1-сәуір күнін "Алдау күні" деп атаудың өзі күнә. Құдды бір уақытты күнә жасауға арнап қойғандай. Мүлдем ақылға қонымсыз, шариғатымызға түбегейлі қайшы амал. Біз мұсылман ретінде бұл сырттан келген теріс үрдіске еліктемеуіміз керек. Мұсылман адам күнәға күнін арнамайды. Сауапқа, игі іске арнайды. Өтірік айтудың түбі - жамандық пен сәтсіздікке ұрындырады. Өтірік айтатын адамды Алла Тағала өз ортасында сыйсыз, абыройсыз етіп қояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  өтірік айту ең жаман сипаттардан екеніне байланысты, оның күнә екеніне қатысты бірнеше хадистерімен қатаң ескертулер жасаған. Сол хадистерінің бірінде Алла Елшісі (ﷺ): 

 قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: “إن الصدق يهدي إلى البر، وإن البر يهدي إلى الجنة، وإن الرجل ليصدق حتى يكتب عند الله صديقاً، وإن الكذب يهدي إلى الفجور، وإن الفجور يهدي إلى النار وإن الرجل ليكذب حتى يكتب عند الله كذاباً” 

"Расында шын сөйлеу жақсылыққа жеткізеді, жақсылық  жəннатқа жеткізеді. Егер де бір кісі шын сөйлеуге дағдыланса, ол Алланың алдында шыншылдардан болып жазылады. Расында өтірік сөйлеу жамандыққа жетелейді, жамандықтың түбі тозаққа жеткізеді. Егер де бір кісі өтірік айтуға дағдылынса, ол  Алла алдында  өтірікшілерден болып жазылады" - деді[1].
Қалжыңдап әзілмен өтірік айту да жақсы емес. Себебі, пенде осындай өтірігіне дағдыланып қалуы мүмкін. Нәтижесінде қалыпты өмірінде де, кейбір уақыттарда өтірік айтатын, алдап-арбайтын амалдарға барып қалмауына кепіл жоқ. Себебі дағдысына айналып қалған болады. Қазақ айтпақшы: «Ауру қалса да әдет қалмайды» - дегені де бекер емес. 
Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) өзінің тағы бір хадисінде: «Әзілдеп  болса да  өтірікті тастаған пендеге жәннаттың ортасынан үйі болатындығына кепілдік беремін»[2], - деп  біздерді тек шын сөйлеуге шақырғаны да маңызды.
 
Асқар Мұқанов
 
[1] Сахих Бухари, Абдулла ибн Масғудтан
[2] Әбу Дәуіт
date31.03.2017readCount2712categoryӘртүрліprintБасып шығару