Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күндік уақытын қалай реттеген?
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күндік уақыты қалай өткен, қалай реттеген?

Бір адамды тану үшін 24 сағаттан тұратын бір күнін білу жеткіліксіз. Ал егер ол өзіне Алладан уахи түсетін, барша адамзатқа дінді жеткізу міндеті, отбасы тәрбиесі бар, түрлі сұрақтарға жауап беріп, көпшілік қамында жүрген пайғамбар болса, онда бір күн емес бүкіл өміріне үңілу керек, өйткені оның бір күні екінші бір күніне еш ұқсамайтын. Өзі де: «Екі күнін бірдей өткізген кісі зиянға ұшырауда», – деп, мұсылмандарды жалқаулықтан тыйған. Алайда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әрбір күні не істегендігі нақты дерек көздерінде жазылмағандықтан, жалпылама айтуға тәуекел еттік. Оның алтын ғасырында уақыттың көпшілігі мешіт төңірегінде өткендіктен, намаздың бес уақытқа бөлінгені секілді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір күнін бес уақытқа бөлдік.

Таң намазы. Күндік тіршілікті таң намазын оқумен бастайтын. Бірде Үммі Мәктум азан шақырды. Таң намазының сүннетін оқып, мешітке келді. Мешітке үзір себебінен келе алмайтындардан басқа барлық сахабалар жиналып, Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) намаз оқитын. Әдетте, таң намазын оқып болғаннан кейін жайнамаздың үстінде күн толық шыққанға дейін тізерлеп отыратын. Айнала қоршаған сахабаларына иман, Ислам жайлы насихат айтып, сұрақтарына жауап беріп, бірталай мәселелерді талқыға салатын. Осылайша кейбір деректерде он жылдай таң намазынан кейінгі сұхбат жасағаны айтылады. Осы таңғы уағыз арқылы сахабаларға дінді түп-тұқиянына дейін үйрете білген. Жақсы түс көргендердің түсін жорып беретін. Кейде өзі көрген түсін айтатын.

Күн найза бойы көтерілгенде кейде төрт, кейде сегіз рәкат дұха намазын оқитын. Таң намазынан бастап дұха уақытына дейінгі уақыт өте берекелі уақыт. Бір хадисінде: «Әлдекім таң намазын оқып, сол жерде күтіп, екі рәкат дұха намазын оқығанға дейін тек қайырлы нәрселер айтса, күнәлары теңіздің көбігіндей болса да кешіріледі»[1] деген. Дұха намазынан кейін егер бір жұмысы шықпаса, үйіне барып, талғажау етерлік бір нәрсенің бар-жоғын сұрайтын. Егер жоқ десе, ауыз бекітіп, сол күнін оразамен өткізетін. Ал егер бар болса, жеп-ішетін, тамақ талғамайтын. Көбіне-көп аш құрсақ жүретін. Үйінде көбінесе құрма мен су ғана болатын. «Мен Алланың құлымын, құл секілді тамақтанамын», – деп, ас үшін аса қайғырмайтын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бесін намазының алдында қысқа уақытқа көз шырымын алатын. Ал жұма күндері жұма намазын оқығаннан кейін сәл мызғып алатын.

Бесін намазы. Уақыты кіргенде сахабаларымен бірге мешітте бесін намазын оқитын. Ал жұма күні жамағат жиналғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне тән кішіпейілдікпен бөлмесінен шығып, жұрттың сәлемін алатын. Сосын мінберге шығып жұртқа өзі сәлем беретін. Азан оқылғаннан кейін дереу құтбаны бастайтын. Құтба оқығанда адамдар жалықпасын деп ортасында үзіліс жасайтын. Құтбасын жұрт шешімін таба алмай жүр-ау деген тақырыптарға арнайтын.

Намаздан кейін сахабаларын зиярат етіп, жағдай сұрап, қоғамдық істерге зер салып, уахи жолымен түскен аяттарды Құран жазушы сахабаларға жаздыратын. Егер Алладан бұйрық келсе, жалпақ жұртқа бірден жеткізетін.

Ислам дінін қабылдаған ру-тайпалар Пайғамбарымызбен жолығуға келетін. Алла елшісі (с.ғ.с.) оларды күтіп алып, дінді жеңіл түсіндіріп, қонақ ететін. Кетерінде оларға сыйлық сыйлайтын.

Екінті намазы. Екінті намазының уақыты кіргенде, Біләл зор даусымен азан айтып, барша мұсылмандарды намазға шақыратын, барлығы Пайғамбарымызбен намаз оқитын. Намаз соңында ұзағынан зікір ететін, өйткені бір хадисте: «Түнде бір топ, күндіз бір топ періштелер сіздермен бірге болады. Бұлар таң мен екінті намаздарында өзара кезек алмасады. Алла намаз оқыған пенделерін жақсы білсе де періштелерден: «Сендер кеткенде, құлдарым не істеп жатқан еді?» – деп сұрайды. Олар: «Олар намаз оқып жатқанда кеттік және біз барғанда да олар намаз оқып тұрған болатын»[2] деп жауап береді делінген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өте қарапайым өмір сүргендіктен үйдің кейбір істерін өзі істейтін, әйелдеріне жәрдем беретін. Жағдай сұрап, мұң-мұқтажын тыңдап, көмектесетін.

Ақшам намазы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күн батпай тұрып ақшам намазын күтетін. Намаз уақыты кірісімен азан айтылып, қамат түсіріліп, сахабаларымен бірге парыз намазды, сосын сүннетін оқитын. Одан қала берді, әууәбин намазын оқып, басқаларды да осы намазды оқуға қызықтыратын. Намаздан кейін қай әйелінің үйіне бару керек болса, соның үйіне барып, барлық жұбайы сол жерге жиналып, отбасы болып сұхбат құратын. Осы негізде әйелдері, діни үкімдерді үйреніп, кейінгі ұрпаққа жеткізуге зор үлестерін қосты.

Құптан намазы. Құптан намазынан кейін аса маңызды іс туындамаса, бос сөйлесуді жаны қаламайтын, намаздан кейін ұйқыға бас қоятын[3]. Айша анамыз оның ұйқы алдында дұға еткендігі жайлы былай дейді: «Алла елшісі әр күні жатар алдында екі қолын жай- ып, «Ықылас», «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқып қолына үрлейді де, басынан бастап, денесінің қолы жететін барлық жерін сипайтын. Мұны үш мәрте жасайтын»[4]. Сонымен қатар, Али (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі Фатима екеумізге мынаны өсиет етті: «Жатар алдында 33 мәрте Аллаһу акбар, 33 мәрте субханаллаһ, 33 мәрте әл-хамду лиллаһ» деңдер». Али (р.а.) сол күннен кейін мұны еш тәрк етпегендігін айтқанда бір кісі: «Соғыс кезінде де тастамадың ба?» – деп сұрағанда, ол: «Иә», – деп жауап береді[5].

Кешқұрым үйінен көп шықпайтын. Ілуде кештетіп шыққандығын мына хадистен біле аламыз: Бір күні кешкісін Алла елшісі (с.ғ.с.) Әбу Бәкір мен Омарға барады. Әбу Бәкірдің өте бәсең дауыспен, ал Омардың зор дауыспен Құран оқып жатқанын көреді. Таң атқанда екеуімен жолығып, Әбу Бәкірге Құран оқығанда даусын біраз көтеруін, ал Омардың біраз даусын төмендетуін айтады. Әбу Бәкірге дауыстап оқы деу арқылы оның даусын айналасындағылар естісін, Алланың жалғыздығын ұқсын, білсін дегендей. Ал Омарға даусыңды біраз бәсеңдет деуі, айналасындағы намаз оқып тұрған адамдарға кедергі келтірмесін, күндізгі тіршілігінен шаршап ұйықтап жатқандарды мазаламасын дегендей[6].

Ұйқыға жатқанда, әрдайым оң қырымен жатып, оң қолын жастанатын. Анда-санда төсекте жатқаны болмаса, көбіне кепкен тері үстінде, қамыстан жасалған төсеніште, топырақ үстінде ұйықтайтын.

Түнгі құлшылыққа ерекше мән беретін. Аяғы іскенге дейін намаз оқитын. Тәһәжжүдте «Бақара», «Әли Имран», «Ниса» сияқты ұзын сүрелерді оқушы еді.

Жатарда дәрет алатын суы мен мисуағын бас жағына дайындап қойып, оянғанда алдымен тісін тазалайтын.


[1] Тирмизи, Үтір, 15

[2] Бұхари, Мауақитус-саләт 555

[3] Ұйықтамас бұрын «Исра», «Зүмәр», «Хадид», «Хашр», «Саф», «Тәғабун» және «Жұма» сынды сүрелерді оқитын.

[4] Бұхари, Фадаилул-Құран 14

[5] Муслим, Зікір 80

[6] Сахаренфури, Базлул-мажһуд, 7/89

date03.04.2017readCount4562categoryӘртүрліprintБасып шығару