Ашура күні қандай амалдар жасалады?
Ашура күні қандай күн? Ол күні қандай амалдар жасалады? Ол күнді тойлауға бола ма?

Ашура» сөзі араб тілінде «ъашара» он санынан шыққан. Мұхаррам айының оныншы күніне сай келгендіктен «Ашура», яғни, "оныншы күн" деген атау берілген. Ашура күнін қасиет тұту сонау жәһили (надандық) дәуірінен бастау алады. 

Әзіреті Алиден келген бір хадисте, бір кісі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа Расулаллаһ! Рамазан айынан кейін, қай айда ораза ұстауыма кеңес етесіз», - деп сұрағанда, Ол (с.а.у.): «Рамазан айынан кейін ораза тұтқың келсе, Мұхаррам айында ораза ұста. Шынында, бұл ай – Алланың айы. Бұл айда бір күн бар. Ол күні Алла тағала кей қауымның тәубесін қабыл еткен. Қалғандардың да тәубесін қабыл етеді», - деді. 

Сахаба Акрама мен Әзірет Алидің айтуларына қарағанда Адам атамыздың да, Юнус пайғамбардың да тәубесі қабыл етіліп, Алланың кешіріміне қол жеткізген күн - Ашура күні.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина қаласына хижрет еткеннен кейін, қаланың байырғы тұрғындары Яхуди дініндегілердің де аталмыш күні ауыз бекіткенін көреді. Мұның себебін сұрағанда олар:

"Бұл күні Мұса пайғамбар және Исраил қауымы Перғауынның құлдығынан құтылып, Перғауын және оның ізбасарлары суға тұншықты. Осылайша перғауынның құлдығынан құтқарған Аллаға шүкір етіп, Мұса пайғамбар ораза ұстаған», - деп жауап береді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Біз Мұса пайғамбарға сендерден де жақынырақпыз», – деп сол күні ораза ұстауды мұсылмандарға кеңес етеді. 

Дегенмен, бұл күнге Яһудилер «мейрам» ретінде қарағанмен Пайғамбарымыз ол күні тек ораза ұстауды бұйырды. Сондықтан мұсылмандар Ашура күнін мейрам ретінде санамай, ол күні ауыз бекіткенді жөн көреді. "Сахих Бухари" мен "Сахих Муслимде" келтірілген хадисте сахаба Әбу Мұса Ашғари (р.а.) былай дейді:

«Ашураны Яһудилер қасиет тұтып, бұл күнді мейрам санайтын. Пайғамбарымыз болса бізге: «Сендер ауыздарыңды бекітіңдер!» деді».

Ашура күні ең бастысы ораза ұстаған дұрыс болады. Бұл күні ораза ұстаудың сауабы мол. Имам Муслимнен жеткен сахих хадисте Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Ашура күнгі ораза жайында сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Одан алдыңғы жылғы жасаған (кіші) күнәлары кешіріледі деп Алладан үміт етемін», – деп жауап берген. 

Сондай-ақ, Сахаба Абдулла ибн Аббастан осы күні ұсталатын ораза жайында сұрағанда Ол (р.а): «Пайғамбарымыздың осы күнгі нәпіл оразаның қадірін өзге күндердегі нәпіл оразалардан артық санайтын...», – деп жауап берді.
Ашура күні ораза ұстау – сүннет. Пайғамбарымыз ораза ұстаған. Тіпті, Рамазан оразасы парыз болмай тұрғанда Ашура күні ораза ұстау уәжіп болған деседі ғалымдарымыз. Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін Ашура күнгі ораза сүннет боп қалады, яғни, сауап үшін істелетін амал ретінде әркім ауыз бекітуге не бекітпеуге ерікті.

Ескерту: Мүмкіндік болып жатса Ашура күнімен қосып бір күн алдын және бір күн кейін ораза ұстау - мұстахаб (ұнамды). Дәлірек айтқанда, Мұхаррам айының тоғызы, оны және он бірі күндері оразамен өткізу - сауапты (бұл күндер биыл, 2017 жылы қыркүйек айының 29, 30, және қазанның 01 күніне сай келеді). Өйткені, Имам Ахмет риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз: «Ашура күні ораза ұстаңдар. Яхудилерге ұқсамау үшін алдында бір күн және кейін тағы бір күн тұтыңдар», – деген.

Оразаларыңыз бен ниеттеріңіз қабыл болсын!

date28.09.2017readCount1185categoryӘртүрліprintБасып шығару