"Ақындарға азғындар ғана ереді" деген аятты қалай түсінеміз?
Сұрақ: «Ақындарға азғындар ғана ереді» дегенді қалай түсінсек болады? Исламда өлең жазу тиым салынған ба?

Жауап: Бұл сөз Құран Кәрімде «Шұғара» сүресінің 224-аятында келеді. Негізі бұл аятта кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайында жаман сөздер айтып, жала жапқан мүшірік ақындар туралы айтылуда. Сүренің жалғасында: «Бірақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер, Алланы көп зікір еткендер, зұлымдық көргеннен кейін кек алғандар басқа...»[1] деуі арқылы жақсы жолдағы сахабаларды, мұсылман ақындарды мүшіріктерден бөліп қарауда.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешқашан ақындыққа, өлеңге тыйым салмаған. Бірақ ақын өлеңінде ақиқатты, Алланы, пайғамбарды, елге жерге деген сүйіспеншілікті, бірлікті-ынтымақты т.б. тәрбиелі нәрселерді насихаттауы керек.

Ақындықтың Исламда тыйым салынбай, керісінше құпталғанын Пайғамбарымызды құрайыштық мүшіріктерден өлеңмен қорғаған Хасан ибн Сәбит Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) талай рет мақтау алғандығынан-ақ[2] байқауға болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Өлең де бір сөз. Сөздің де жақсысы және жаманы болады».

«Өлеңде хикмет бар»[3] деген.

Осымен қатар, «Пайғамбар ақыны» деген атпен танымал Абдулла ибн Рауаха Алла Елшісімен бірге Меккеге ұмраға келгенде Алланы мадақтап, дінсіздерді жер қылатын өлеңін бастай бергенде Хазіреті Омар тыйып тастайды. Бұны естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хазіреті Омарға (р.а.) қаратып:

«Килікпе оған. Оның өлеңдері Меккелік дінсіздерге оқтан да қатты әсерлі» дегенінен жақсы өлеңдерді айтуды құптағанын көреміз.

Пайғамбарымыздың құзырында дінсіз ақындар мен Хазіреті Хасан ибн Сәбиттің өлең шумақтарымен айтысып, оның өлеңінен кейін сөзден жеңіліп, әсерленген қаншама мүшріктер Ислам дінін қабылдаған. 

Ислам әлемінде болсын, қазақ даласында да сонау Ахмет Ясауидің хикметінен бастап «Бес ғасыр жырлайды», «Он ғасыр жырлайды» деген поэзия жианақтарынан-ақ Ислам діні, салт-дәстүр, білім-ғылым халқымызда поэзия арқылы сақталғандығын, ұрпақтан ұрпақа жеткендігін көреміз.

Сөз зергері, ойшыл ақын Абай атамыздың да:

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы...», немесе «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» деп жырлауы да көп нәрсені аңғартса керек. 

Осымен қоса, тарихта Хазіреті Әли, сахаба Мұғира ибн Шұғба, Имам Шафиғи және т.б. көптеген ғалымдар кәсіби ақын болғандығын айта кеткен жөн.

Имам Бұхари мен Имам Муслимнің жианақтарында көптеген сахабалардың өлеңдерінен мысалдар келтірілген. Ғалымдар араб тілін жетік меңгеру үшін көне араб поэзиясын зерттейтін болған. Фиқһта кейбір мәселені дәлелдеу үшін арабтың көне өлеңдерін жиі пайдаланатын болғандығын ескергеніміз абзал.


[1] "Шұғара" сүресі, 227-аят

[2] Бір күні: «Мүшіріктерді өлеңмен тығырыққа тіре. Өйткені Жәбірейл сенімен бірге» (Бұхари, Әдеп бабы 91 хадис).

[3] Бұхари, Әдеп бабы 90-шы хадис

date25.10.2017readCount1207categoryӘртүрліprintБасып шығару