Пайғамбарымызға салауат айтқан кезде «сәйидина» сөзін қосу ширк пе?

Негізінен дінде тым төзімсіз келетін кейбір бауырларымыз асығыстық жасап кейбір ғана аяттар мен хадистерге сүйене отырып, асығыс үкім шығарып жатады. Фиқһ терең түсінікті талап ететін іс болғандықтан асығыс үкім шығарып, мұсылмандарды адасушылықпен кіналамау керек.

Енді сұрақтың жауабына келсек. Бұны екі жағдайға бөліп қарастыра аламыз. Біріншісі жалпы осы «сәйид» сөзін адамдарға қатысты қолдану, екіншісі намаздағы салауат дұғларын айтқанда осы сөзді қолдану.

Пайғамбарыздың (с.ғ.с.) атын айтқанда «сәйидина» сөзін қосуға болмайды деп жүргендер мына хадиске сүйенеді: Мутарриф ибн Абдулла әкесінен былай деп жеткізеді:

«Бәну Әмір халқының өкілдерімен бірге Алла елшісінің қасына бардық. Ол жердегілердің бірі: «Сен біздің «сәййдімізсің», – деді. Сол кезде Пайғамбарымыз: «Сәйид ол – Алла Тәбәрәкә уә Тағала», – деді. Сол кезде біз: «Ізгілікте ең жоғарғымыз, мәрттікте алдына жан салмайтынымызсыз», – дедік. Сол кезде ол: «Айтатындарыңыз осындай немесе осыған жақын сөздер болсын. Шайтан сендерді (асыра сілтеп) сөйлетпесін», – деді[1]

Риуаятта кейбір адамдардың білместікпен тым асыра сілтеушілікке жол бергендіктен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұған тыйым салғанды байқалады. Негізінде, араб тіліндегі «Рабб (Ие)» сөзі секілді «сәйид» сөзінің де «ие, мырза, басшы, құрметті» деген секілді бірқатар мағыналары бар.

Құран Кәрім мен хадистерге жіті мән беріп қарасақ, бұл сөздің адамдарға қатысты да қолданылғандығына көз жеткізе аламыз. Мәселен мына аятта: «Содан Жүсіп тұрған үйдегі әйел онымен ашына-жай болуды қалады. Оны азғыруға тырысып, есіктердің бәрін іштен іліп алды да: «Қане, келші маған!», – деді. Ол: «Алла сақтасын! Расында, (сіздің жұбайыңыз) менің қожайыным маған пана болып, көп қамқорлық көрсетті (оған қалайша опасыздық жасамақпын). Опасыз залымдар әсте мақсат-мұраттарына жетпейді һәм оңбайды», – деді»[2].

Жүсіп пайғамбар (ғ.с.) Зұлейханың күйеуіне «Менің Раббым», яғни қожайыным деген. Адамдарға Аллаға қалай сену керек екенін үйретуші Пайғамбардың бұл сөзді білместікпен қолдануы мүмкін емес.

«Содан бір күні Зәкәрия михрабта намаз оқып тұрғанда, періштелер оған былай деп үн қатты: «Алла тағала сені Яхиямен сүйіншілеуде, ол Алладан келетін бір Сөзді (Исаны) растайды һәм ізгі жандардың мырзасы, (нәпсіге әсте бой алдырмайтын) асқан тақуа әрі пайғамбар болады»[3]  деген аятта да Яхия пайғамбарға (ғ.с.) қатысты «Сәйид» сөзі қолданылған. Осы екі аятта «Рабб» және «Сәйид» сөзі адамдарға қатысты қолданылған.

Сол секілді адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) бұл сөздерді адамдарға сипат ретінде қолданған. Мына хадистерді дәлел ретінде келтіре кетейік «Мен қиямет күнінде адамдардың сәйиді/мырзасы боламын»[4] () деген.

Тағы бір хадис мәтіні мынадай: «Мен адам баласының мырзасымын»[5].

Ал, мына хадисте: «Мырзамыз Әбу Бәкір, мырзамыз Біләлді азат етті»[6] деп келеді.

Жәннаттың қос райханы, екі немересі жайлы да: «Хасан мен Хүсейін – жаннат тұрғындарының мырзалары»[7], – деген.

Сағыд ибн Муазға қатысты Пайғамбарымыз сахабаларына: «Мырзаларыңа тұрып құрмет көрсетіңдер»[8], – деген.

Міне, осы хадистерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тек өзі үшін ғана емес сахабаларына да қатысты «сәйид» сөзін қолданғандығын нақты көреміз.

Демек, әуелгі айтылған хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әлі дінді толық түсінбеген адамдар құрмет көрсетуде шектен шығып кетпесін деген ниетпен айтқан. Ал, жоғарыда келтірілген аяттар мен хадистер бұл сөздерді адамдар үшін де қолдануға болатынын ешқандай күмәнсіз көрсетіп тұр.

Сондықтан біз де Құранда «(Уа, мүміндер!) Алла елшісінің өздеріңді шақырғанын һәм сендер үшін дұға еткенін, бір-біріңді шақырғанмен һәм бір-бірің үшін дұға еткенмен тең көрмеңдер. Оны бір-біріңді шақырғандай шақырмаңдар, оған бір-біріңе үн қатқандай үн қатпаңдар»[9] деген әдептен озбай, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ең көркем түрде салауат айта аламыз. 

Екінші: Намазда әт-тахиятта отырысында салауат айту барысында Мұхаммед (с.ғ.с.) сөзінің алдында «сәийдина» сөзін айтуға келсек, Ханафи және Шафиғи мазһабында «сәийдина» сөзін айту мәндүп саналадын. Мұны айту айтпаудан жақсы. Ал, «Мені намазда сәййд деп айтпаңдар» деген хадис ойдан шығарылған[10].

Алау ӘДІЛБАЕВ 
ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,
Теология ғылымының докторы.

 


[1] Әбу Дәуід, Әдәб, 10.
[2] «Юсуф» сүресі, 23-аят.
[3] «Әли Имран» сүресі, 39-аят.
[4] Бұхари. Тәпсір, 6.
[5] Ибн Мәжә. Зикру әш-шафаа, 5.
[6] Бухари, Манақиб Биләл ибн Рабах, 5.
[7] Тирмизи. Мәнәқиб Хасан уә Хусәйн, 5.
[8] Бұхари. Истизан, 8.
[9] «Нұр» сүресі, 63-аят.
[10] У. Зухәйли. әл-Фиқһул-исләми уә әдилләтуһу, т.2, 43-б.

date29.12.2017readCount2294categoryАқида-сенімprintБасып шығару