21 ғасырда сүннетті ұстану жолдары

13 тамыз 2020 8763 0
Оқу режимі

Қасиетті Құран мен Сүннет – хақ дін Исламның қос діңгегі. Ұлы Жаратушыға барар хақ жолды көрсеткен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті Исламның Құраннан кейінгі негізі саналады. Жалпы, Сүннет болмаса, атадінімізді түсіну мүмкін емес. Сүннет дегеніміз – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегесі, яғни Алла елшісінің нақты айтқан сөздері, жасаған іс-қимылдары мен (сөзбен әрі үнсіз) құптаған барлық амалдар.

Сүннет – қасиетті Құранның түсіндірмесі, Жаратушы үкімінің өмірде нақты іске асу қалыбы. Басқаша айтсақ, Құран үкімдері – теория да, сүннет – практика; Құран – үкім, Сүннет – дұрыс түсінік әрі осы түсінік-білім негізінде үкімді іске асыру. Яғни, сүннет – Алла Тағала тарапынан түсірілген кітаптың Оның пайғамбары арқылы іс жүзіне асқан жарқын көрінісі. Сондықтан Сүннетті білмеген адам Құранды қате түсінеді. Осы тұрғыда Құран мен Сүннетті – темір жолдың қос релісі деп елестетуге де болады: біреуімен жүру – мүмкін емес... Пайғамбар сүннеті, пайғамбар жолы – әрбір мұсылман үшін өмірдің бар саласын қамтыған ереже  іспетті. Сондықтан да пайғамбар жолы – Алланың жолы. Ал ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолымен жүру – Жаратқанның қамқорлығына ену, разылығына бөлену деген сөз. Ал сүннетті қабылдамай, оған қарсы келу – Аллаға қарсы келумен тең. Бұл жайлы бір күні Алла елшісінің: «Қарсы шыққан адамдарды есептемегенде үмбетімнің бәрі Жәннатқа кіреді», − дегені, сонда сахабалар: «Қарсы шығушы кім?» – деп сұрағанда, «Маған бағынған Жәннатқа кіреді, маған бағынбаған адам да қарсы шығушы болады», – деп жауап бергені белгілі...

Адамның «Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммадур расул уллаһ» кәлимасын жүреккке бекітіп, тілмен айту арқылы мұсылман қатарына енетіні белгілі. Міне, осы екі сөз, осы екі түсінік – Ислам дінінің өзегі. «Алладан басқа Тәңір жоқ» сөзі – құлшылық жасалуға тиіс бірден-бір Иемізді танытса, «Мұхаммед – Алланың елшісі» деген сөз – құлшылықты қалай атқару керектігін көрсеткен, яғни дұрыс өмір сүруді үйреткен адам – осы кісі» деп мойындауды және ілесуді білдіреді. Өйткені, құлшылық дегеніміз – бүкіл өмірді қамтитын ұғым. Ал Құран Кәрімде  бес парызбен қоса ата-ананы құрметтеу, туыстық байланысты сақтау, отбасылық өмір қағидаттары, ас-ауқат пен киім мәселесі секілді бүкіл тіршілікке қатысты бар мәселелер түгел қамтылып, ақ пен қара ажыратылған. Яғни Сүннет дегеніміз – өмір сүру жолы...

Сүннетті ұстану – Пайғамбарымызға еліктеу деген сөз: оның тіршілігі мен құлшылығына, мінез-құлқы мен Тұлғасына еліктеу, соған ұқсауға тырысу деген сөз. Яғни, Жаратушы Иемізбен арадағы байланысымыз болсын, адамдармен болған қарым-қатынасымыз болсын, кез-келген іс-амалымызда, ойымыз бен сенімімізде Пайғамбар өнегесі ғұмырымызға шамшырақ болуы керек. Тек сонда ғана, өміріміз – мәнді, тіршілігіміз – сәнді болмақ; тек сонда ғана Алла Тағалаға деген махаббатымыз шынайы болмақ. Дәлел – мына Құран аяты: «(Уа, Мұхаммед,) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла - аса Жарылқаушы, ерекше Мейірімді», - деп айт». («Әли-Ъимран» сүресі, 31-аят.)

Алланың қалауымен Қазақ халқы хақ дінді бар ынта-ықыласымен, жүрек қалауымен қабылдап, Құран мен сүннет негізінде мұсылмандық өмір салтын, ұлттық дәстүрлерін қалыптастырды. Қазіргі «салт» деп ұстанып жүрген халық мұраларының көбі сол «сүннетті ұстану» ниетінен туындаған. Бұған дәлел – көптеген әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдеріміздің хадистермен және Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегесімен үндесіп жатуында. Енді осы сәйкестіктердің кейбіріне тоқталып өтелік:

1. Әрбір істі «Бисмилләһ» деген сөзбен бастау. Бұл әдет мына хадистен туындаған: «Бисмиллаһпен басталмаған әрбір істің соңы – келте» (Имам Суюти жеткізген).
2. «Сәлем  сөздің анасы» дейді дана халқымыз. Аталарымыздың мұсылман әдебіне сай бір-бірімен «Ассаламуғаләйкум» деп немесе «Ассаламуғаләйкум уа рахматуллаһи уа бәрәкәтуһү!»  амандасқаны және сол дәстүрдің үзбей жалғасып келе жатқаны мәлім. Бұл сәлемнің мағынасы «Сізге Алла Тағаланың сәлемі болсын, рахметі мен берекеті болсын Сізге Алланың нұры жаусын!» дегенге саяды. Яғни, бұл сәлемдесу – бауырыңа жақсылық тілеген керемет дұға болып табылады. Егер осылай деп сәлемдескен адам да, оған жауап берген кісі де оның мағынасын түсініп, шын жүрегімен айтар болса, онда бұл сәлем шын мәнінде жылылық пен сүйіспеншілік әкелері сөзсіз. Ата-әжелерімізден үлгі болып қалған үйге кіргенде сәлем беру дәстүрі де Алла елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Үйге кіргенде үй ішіңе сәлем бер. Бұл саған және отбасыңа берекет алып келеді», - деген өсиетімен үндес.
3. Тағамды оң қолмен жеу және әркімнің өз алдынан жеуі. Бұған байланысты Алла елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тамақ жеген кезде оң қолыңызбен жеңіз, су ішкен кезде оң қолмен алып ішіңіз. Себебі, шайтан сол қолмен жеп, сол қолымен ішеді», - деген (Муслим жеткізген)
4. Нанды жерге тастамау, оны құрметтеу, жерге түскен нанды алу, оның қиқымын баспау секілді әдеттер Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Нанды құрметтеңіздер. Себебі, ол жер мен көктің берекеті», - деген өсиетіне сай келеді (Табәрани жеткізген).
5. Асар салу. «Көп түкірсе – көл», «Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» деген қазақ кез-келген шаруаны ағайын-туыс болып бірлесе атқаруды жөн көрген. Жұмыскер қолды, қыруар күшті қажет ететін істерді көптің күшімен атқару – бір жағынан тиімді болса, екінші жағынан бауырмалдық пен ынтымақты, өзара құрмет пен мейірімді арттыратын шара. Жабыла қимылдап, жұмысты жапыра бітіретін асар дәстүрі – қазақ мұсылманшылығының жарқын бір көрінісі. Өйткені, Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір мұсылманның дүниедегі қиыншылығын кетірсе, Алла Тағала оның Қиямет күніндегі қиыншылығын кетіреді. Кімде-кім дүниеде таршылықта болған біреудің жағдайын жеңілдетсе, Алла Тағала оған дүние және Ақыретте қолайлылық береді. Кімде-кім бір мұсылманның дүниедегі айыбын жапса, Алла Тағала дүние, Ақыретте оның кемшілігін жасырады. Пенде мүмін туысының көмегінде болса, Алла Тағала оның көмегінде болады», - дейді. (Хадисті Муслим, Әбу Дауд, Тирмизи жеткізген)
6. Қай жақтан келсе де және кім келсе де, барлығын мойындатқан халқымыздың Қонақжайлылық дәстүрі де – Исламмен бекіп, кемеліне жеткен дәстүр. Даласындай дархан бабаларымыз «Кімде-кім Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін. Кімде-кім Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірген болса, жақындық байланысын нығайтсын. Кімде-кім Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деген (Хадисті Бұхари мен Муслим жеткізген) Пайғамбар өсиетін (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірсалтына ажырамастай қылып енгізген. Келген қонақты «құдайы қонақ» деп төрге оздырған. Осылайша қонағын құшақ жая құрақ ұшып сыйлап, асты-үстіне түсіп, қонақ күтуді Алланың әмірі деп ұққан. Аталарымыз ұрпағына: «Кісі келсе есікке, жүгіре шық кешікпе. Қонақ кетсе өкпелеп, кесір болар несіпке», - деп те айтып кетіпті.
7. Сәби дүниеге келгенде құлағына азан шақырып, ат қою. Тіпті, осы дәстүрден келіп тілімізде «азан шақырып қойған аты» деген сөз тіркесі де қалыптасқан.

Байыптап қарасақ, бұдан бөлек сүндетке отырғызу, неке қию, жаназа істері, көршімен тату болу, ағайынмен қатынасты үзбеу, үлкенді сыйлау секілді сандаған салт-дәстүріміздің түпбастауы – қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбар сүннеті екені анықталатыны даусыз. Яғни, ата-бабамыз әр хадиске ерекше мән беріп, оны халқымыздың салт-дәстүріне айналдыра білген. Ендеше сүннетті ұстану, соған сай амал қылу біз үшін мұсылмандық міндетпен қатар ата дәстүрін жалғастыру болып табылады...

Ислам бүкіл әлемге, барлық уақытқа арналып түсірілген Хақ дін болғандықтан, сүннетті ұстану да – барлық заманға ортақ шаруа. Сондықтан «Қазір, мына заманда сүннетпен жүру – мүмкін емес» деу – ұшқары пікір. Бұл пікірдің тарауына кейбір бауырларымыздың пәкістандық үлгідегі ұзын киім киюді немесе ұзын сақал қоюды «сүннет» деп ойлағанында болса керек. Шындығында, әуретті жапқан жарасымды киім кию – сүннет, таза, ұқыпты жүру – сүннет... Жоғарыда айтқанымыздай, Сүннетті ұстану дегеніміз – Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тіршіліктегі немес құлшылықтағы іс-әрекетін қайталау ғана емес, ол кісінің мінез-құлқы мен Тұлғасына еліктеу, соған ұқсауға тырысу деген сөз. Түптеп келгенде, сүннеттің үлкені – Алла елшісінің мінез-құлқы! Ендеше таза болу, адал болу, әділ, мейірімді, жомарт, кешірімшіл, кішіпейіл болу – Сүннетті ұстану деген сөз...

Ақиқаты сол: Қазақ халқы – адамзатты қараңғылықтан  жарыққа алып шыққан Ислам өркениетінің ажырамас әрі белді мүшесі. Қазақ қазақ болғалы ғасырлар бойы өзінің ақиқаты мен өміршеңдігін дәлелдеп келе жатқан Ислам дінінде, сүннет жолында, имам Әбу Ханифа мәзһабының шеңберінде жүріп келеді. Ата-бабамыздан мұраға қалған Ислам діні – мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің негізі, руханиятымыздың тірегі, өркениетіміздің өрісі. Қазақ елі мұсылман мәдениетімен тамырлас, Ислам өркениетімен тағдырлас болып қала берері де даусыз. 

Нұржан Таласұлы 

Пікірлер Кіру