27 ЕСЕ САУАБЫ КӨП НАМАЗДЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

18 мамыр 2022 7488 0
Оқу режимі

Әдетте, адам жаны жеңілдіктер мен сыйлық алуға құмар келеді ғой. Саудада да солай: қашан кезекті акция болады екен деп күтіп, қалаған затымызды арзан бағада алғымыз келіп жатады. Құныққандық болмаса да, осынау құмарлықты құлының бойына бітірген Алла оны осы қасиеті арқылы құлшындыратыны сөзсіз. Дүниеге емес, әрине. Қайырлы амалдар мен құлшылыққа.

Расымен де, Алла Тағала кей амалдардың сауабын еселеп беретіндігін айтып, біздерді сол арқылы салиқалы істерге құлшындырады. Сондай сыйы мол амалдардың бірі –жамағатпен бірге оқылған намаз. Бұған дәлел – сахаба Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен хадис. Алла елшісі (с.ғ.с.) үмметін былай деп сүйіншілейді: «Жамағатпен оқылған намаздың сауабы жалғыз оқылған намаздың сауабынан жиырма жеті есе көп»[1]. Яғни, сіздің жеке оқыған жиырма жеті намазыңыздың сауабы жамағатпен оқылған бір намаздікіне пара-пар. Егер күнделікті бес уақыт намаздың барлығын мешітте, жамағатпен бір сапта тұрып өтесеңіз, 135 есе, ал бір аптаның ішінде 945 есе көп сауап жинайсыз! Ақыреттік жол дорбаңызға бар болғаны бір айдың ішінде 4050 есе, бір жылда 49275 есеге көп сауап жүктеліп, арғы дүниеде бұл сізге таразыда ауыр тартар азық болады. Ендеше, есті адам мұндай сауаптан қол үзіп қалмауы тиіс емес пе?!

Бір күні Алла елшісіне (с.ғ.с.) бір зағип адам келіп: «Уа, Алланың Елшісі, жанымда мені мешітке алып баратын адамым жоқ, мешітке бармай-ақ намазымды  үйімде оқуыма бола ма?» – деп рұқсат сұрайды. Алла елшісі оған рұқсат береді. Сол оқиғадан кейін біраз уақыт өткенде Алла елшісі (с.ғ.с.) оған бір адамды тағайындап, оны тағы өзіне шақырып алады. Сөйтіп оған: «Намазға шақырған дауысты естимісің?» - дейді. Ол: «Иә», - деп жауап берді. Сонда Алла елшісі: «Онда оған жауап бер», -  деген екен[2].

Байқасаңыз, Пайғамбарымыз көзі соқыр адамның өзін жамағат намазына ынталандырып, оның сансыз сауабы мен игілігінен мақұрым қалмауын қалаған. Тіпті бір сөзінде: «Кімде-кім азаншыны ести тұра ешқандай үзірі болмастан (себепсіз) жамағатқа бармаса, оның жалғыз боп оқыған намазы (кәміл дәрежеде оқылған намаз ретінде) қабыл болмайды», – деп қатаң ескерткен. Сонда сахабалардың бірі:

- Уа, Алланың Елшісі! Үзір деген не? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
- Қауіп-қатер немесе сырқаттану, – деп жауап берген екен[3].

Ендеше, қол-аяғы бүтін, он екі мүшесі сау, соқыр да, сырқат та емес адам жамағат намазын қалайша тәрк етеді? Оның осынша орасан зор сауабынан сан соғып қалса, кейін қияметте өксіп, өкінбесіне кім кепіл?

АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

Бес уақыт намазды жамағатпен оқудың артықшылықтары өте көп. Соның бірқатарына тоқталып өтейік.

Алғашқы артықшылық – сөз басында келген хадисте келтіргеніміздей, сауаптың жиырма жеті есеге еселенуі. Одан кейін күнәларға кәффарат болуы. Бұл туралы Әбу Хурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер кімде-кім үйінен дәрет алып шығып, мешітке қарай қадам басса және Алла Тағаланың бұйырған парыз амалдарын орындаса (яғни, жамағатпен намаз оқыса), оның әр басқан қадамдарына күнәлары кешіріліп, сонымен қатар дәрежесі көтеріледі», – деген екен. Осыған мағыналас келген мына хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Сендерге Алла Тағаланың күнәларды немен өшіріп, дәрежелерді немен көтеретінін айтайын ба? Суық күнде дәрет алып, ұзақ жерлерден жамағатқа келу және намазды оқығаннан кейін келесі уақыттың кіруін күтуі. Міне, нағыз бауыр басу деген осы! Міне, нағыз бауыр басу деген осы! Міне, нағыз бауыр басу деген осы!»[4].

Ал, мына хадисте былай деп келеді: «Қараңғы кезде мешітке барған жандарды сүйіншілеңдер, қиямет күні сондай бір жарқыраған нұрдың болатындығымен»[5].

Осман ибн Аффан (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Егер кімде-кім құптан намазын жамағатпен оқыса, сол түннің жартысын намаз оқып өткізгеніндей сауап алады. Ал, егерде құптан намазы мен таң намазын жамағатпен оқыса, сол түннің барлығын намаз оқып өткізгеніндей сауап алады», – деп айтқанын риуаят еткен.

Және бір артықшылығы – Алланың разылығына бөлеп, саптағы орынға қарай сауаптың да көп болуы. Бұл турасында Убәй ибн Кағыб (р.а.) былай дейді: «Бір күні Расулулла (с.ғ.с.) бізге имам болып таң намазын оқытты. Кейін:
- Пәленше намазға келді ме? – деп сұрады.
- Келмеді.
- Пәленше келді ме?
- Келмеді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
- Дәл осы екі намаз (құптан мен таң) – мұнафықтар (екі жүзділер) үшін ең ауыр келетін намаз. Егер осы намаздарда қандай сауап бар екенін білсеңдер, тізелеріңмен еңбектеп болса да, жамағатқа келетін едіңдер. Бірінші қатар періштелердің қатарындай. Ол жерде тұрудың сауабы қандай екенін білетін болсаңдар, бір-бірлеріңмен жарысқа түсер едіңдер. Бір кісінің келесі бір кісімен бірге оқыған намазы жалғыз оқыған намазынан әлдеқайда берекелі әрі сауабы да мол болады. Оның екі кісімен оқыған намазы бір кісімен оқыған намазынан әлдеқайда берекелі әрі артық болады. Бірге оқығандардың сандары қаншалықты көп болса, Алла Тағала да бұған соншалықты разы болды»[6], – деген екен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Мұсылман кісі намаз оқу, зікір қылу ниетімен мешітке көбірек келетін болса, Алла Тағала оның бұл әрекетіне бір отбасының өзге жұртта жүрген жақын туысының келгеніне қуанғандай қуанып, дән риза болады»[7], – деу арқылы жамағат намазының абзалдылығын алға тартқан.

БЕС УАҚЫТ НАМАЗДЫ ЖАМАҒАТПЕН ОҚУДЫҢ ҮКІМІ

Ханифа мәзһабында бес уақыт парыз намаздарын жамағатпен бірге оқу – бекітілген сүннет амал. Сәйкесінше намазда имамнан бөлек оған ұйыған бір адам болса, сол жамағат болып саналады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде жамағатпен бірге болуға шақырған. Себебі көпшілікпен бірге болу пенденің иман қуаттылығына, әзәзілдің арбауына ермей, тура жолға нық тұруына, бауырластықты нығайтып, мол сауапқа ие болуына оң әсерін тигізеді. Мұны мына хадистерден байқауға болады: «Жамағатпен бірге болыңдар, қасқыр жалғыз қалған қойды жейді».

Немесе Әли ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте: «Көпшілік адам адасушылықта болмайды. Жамағатпен бірге болыңдар. Алла Тағаланың жамағатқа қамқорлығы болады», – деп келеді.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте бөлінбеу, бір болу жайында: «Расында, Алла сендердің іштеріңде үш адамға разы болады. Өзіне құлшылық қылғандарға, Өзіне серік қоспағандарға және бөлінбегендерге», – делінеді.

Алла баршамызды жамағатпен бірге намаз оқу сынды сауапты амалдарда ықыласты етіп, бөлінбеуімізді, Өзінің разылығына бөленуімізді жазсын. Әмин!

Асылхан Темірханов


[1] Бухари, Муслим, Ахмад, Тирмизи, Насаи, Ибн Мәжә
[2] Муслим.
[3] Әбу Дәуіт, Салат 46/551
[4] Муатта, Қасрус-Салат 55
[5] Хабарды Бурайда (р.а.) жеткізген.
[6] Әбу Дәуіт, Солат 47/554; Нәсай, Имамат 45
[7] Ибн Мәжә, Мәсәжид 19

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру