АДАЛ ЕҢБЕК – ПАЙҒАМБАР СҮННЕТІ

07 ақпан 2023 3854 0
Оқу режимі

Ислам діні масылдыққа, жалқаулыққа салынуды құптамайды.

Ислам діні мұсылман адамның дүние және ақырет үшін адал кәсіп етуін талап етеді. Алла Тағала жер бетіндегі нығметтердің барлығын адам баласының игілігі үшін жаратқан. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Біз адамның ұлдарын құрметті орынға қойдық, оларды құрғақта және теңізде өмір сүретін еттік, оларды жақсылыққа кенелттік және оларды Өзіміз жаратқан барлық тіршілік иелерінен жоғары қойдық»,(«Исра» сүресі, 70-аят) – дейді. Осындай құрметті орынға ие адам баласының басты міндеті – Алладан адал кәсіп беруін тілеп, еңбек етуі.

Қол қусырып, қайыр тілеп өмір сүру – нағыз ұят іс. Алла Тағала ақыл, сана, денсаулық, жігер бергеннен кейін әрбір адам бала-шағасын өз адал табысымен асырауға қамдануы керек.

Қасиетті дініміздің бұл әмірін ең бірінші болып бұлжытпай орындаған әр замандардағы пайғамбарлар болды.  Мәселен,

  • Хазірет Адам (ғ.с.) егінші болды;
  • Нұх пайғамбар (ғ.с.) кеме жасауды үйретсе,
  • Идрис пайғамбар (ғ.с.) тігінші;
  • Мұса пайғамбар (ғ.с.) шопан;
  • Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) темірден бұйым жасайтын ұста;
  •  Иса пайғамбар (ғ.с.) медицина ғылымының шоқтығы биік ұстазы болды;
  • Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) патша бола тұра, өз кәсібінен басқа нәрседен тамақ жемеді. Өз еңбегінен басқа дүниені пайдаланбады. Ол ұста болып, ұсталығымен күн көрді;
  •  Зәкәрия (ғ.с.) ағаш шебері болды;
  • Ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым Алла Тағаладан өзін жалқаулықтан, өзгеге қарыз болудан, күпірліктен, біреуге мұқтаж болатын кедейліктен, сараңдықтан сақтауын тіледі.

Бір хадисте сүйікті Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адал кәсіппен айналысып, содан шаршап ұйықтаған адам күнәлары кешірілген халде түнейді», «Диқаншылық жасаңдар, өйткені ол берекелі іс. Диқаншылықты қорғайтын сақшыларды көбейтіңдер», «Қой бағыңдар, өйткені береке сонда», – деп адал кәсіпкерлікті, диқаншылық пен мал бағуды уағыздады. 

Адал еңбекпен несібесін табу пайғамбарлардың дағдысы.

Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сосын сол иманның аясында ізгі жұмыс істеуге шақырады.

Сондықтан да ризықты ризықты Жаббар Хақтың жазатынын білген мұсылман баласы қадери-қалінше еңбектенеді. Ал Ұлы Жаратушы төккен терің, жасаған амалыңа қарай ризық-несібеңді береді. Әрі сол ризық-несібені иеленуге күш-қайрат пен қабілетті беретін де Ұлы Жаратушы! Тек жұмыр басты пенде өз ризық-несібесін тауып жеуде – Алла Тағала тарту еткен қабілет-қарыммен аянбай тер төгіп, еңбек етуі тиіс.

Қазақ халқы және халқымыздан туған ұлы ойшылдар, даналарымыз, ардақтыларымыз адал еңбек ету туралы өсиет-нақыл сөздерді де молынан айтып, ұрпағын тәрбиелеген. Қазақ халқының руханиятында ғасырлар бойы сұрыпталып қалған «ер» мен «еңбектің» егіз ұғым екені туралы:

«Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы», «Еңбегіне қарай – құрмет», «Жасына қарай – ізет», «Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады. Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады»  деген ұлағатты сөздерінен мысалдарды аса көптеп келтіруге болады.

Сондай-ақ, Ұлы Абай атамыз: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға», «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап», «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі», т.с.с көптеген насихаттары арқылы өз халқын өрлеуге үндеген болса, басқа ойшылдар «Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл» (Шәкәрім Құдайбердіұлы), «Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ» (Бауыржан Момышұлы), «Адам өзін еңбектен қалдырмағаны, Қарттыққа аяғын алдырмағаны» (Ыбырай Жақаев)  деген саң мыңдаған нақылдарын теріп жазып, термелеп айтып тауыса алмаймыз. Осы айтылғанның барлығы асыл дініміздің мұратымен үндесіп жатыр.

Мұның бәрі де саналы адамға адал жолмен мал тауып, отбасына, елге адал қызмет етуді, отбасын адал жолмен асырауды, еңбек еткен адамның мерейі тасып, ырысы көбейетінін насихаттайды.

Әр мұсылман адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күн көруге жіті көңіл бөлуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) адал еңбек жасап жүрген мұсылмандарды мақтай отырып, адал несібе іздеуге үндейді: «Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы – адал ризық іздеуде».

Бірде Алланың Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір жолы Сағыд ибн Муғазды (Алла оған разы болсын)  жолдан кездестіріп, екеуі қол алысып амандасқанда, сахабаның қолы тілімденіп, күстеніп кеткенін байқайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз (Алла оған разы болсын) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) оның жауабына сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деген еді.

Сондықтан, мұсылман адам жұмысының беделі жоғары не төмендігіне, жеңіл не ауырлығына, табысының аз не көбіне емес, бірінші кезекте адалдығына мән беруі керек. Сонда таза, адал еңбек Алла Тағала алдында мәртебелі болмақ. Жалпы, шариғат бойынша, адал кәсіп жасаудың өзі құлшылық болып есептеледі. 

Қорыта айтар болсақ, Ислам діні – адам баласын екі дүниеде де бақытты ететін дін. Екі әлемнің бақыты – Аллаға сыйына отырып еңбек етумен болады. Діни мәтіндер адам баласын еңбек етуге шақырып, жалқаулықтан қайтарады.

Адам баласы әр күн сайын өзін дамытып отыруы, қажырлықпен еңбек етуі тиіс. Дінімізде адам баласы өмірін бос немесе пайдасыз іспен өткізгені үшін де Алланың құзырында жауапқа тартылады. Міне, осы тұрғыдан еңбек ету – діни міндет екендігін білгеніміз жөн.

Алла Тағала баршамызды адал кәсіп тауып, адал ризыққа бөленуді нәсіп еткей! Әмин!

 

Хурсан Бертымуратов

 «Көктал» мешітінің ұстазы

 

 

 

 

 

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру