АДАМДЫ ТАНУДЫҢ ҮШ БЕЛГІСІ
Омардың (р.а.) қасында бір кісі әлдебір дауға қатысты куәгер болған еді. Омар (р.а.) оған:
– Мен сені танымаймын, сені танитын біреу келсін, – деді.
Жанында тұрғандардың біреуі:
– Мен оны танимын, – деді.
Омар одан:
– Иә, танысаң айтшы, бұл қандай адам? – деп сұрады. Ол кісі:
– Жөні түзу, әділ кісі, – деп жауап берді.
Омар (р.а.) қайта сұрады:
– Күндіз-түні не істеп, не қойғанын жақсы білетіндей жақын көршің бе еді?
– Жоқ, – деп жауап берді әлгі кісі.
Омар (р.а.):
– Кісінің қаншалықты Құдайдан қорқатын тақуа екендігі оның ел арасындағы іс-әрекеті мен қылықтарынан белгілі. Бұл кісі сауда-саттықпен айналысушы ма еді? – деп қайта сұрады.
Әлгі кісі бұған да:
– Жоқ, – деп жауап берді.
Бұл жолы Омар (р.а.):
– Бұл кісінің мінез-құлқының жақсы-жаман екендігіне көз жеткізетіндей бірге сапарға шығып көріп пе едің? – деп тағы сұрады.
Әлгі кісі бұл сұраққа да «Жоқ» деп жауап бергенде Омар:
– Онда сен бұл кісіні танымайды екенсің, – деді де куәгерлік айтқан адамға қарап: – Бар да, сені танитын басқа біреуді ертіп кел, – деді[1].
Демек, бір адамды жақыннан тану үшін 3 шартқа аса мән берген жөн. Не қоян-қолтық араласатын көрші болып тұрасың, не саудаласып көресің, не бірге сапарға шығасың. Ал, осы үш шарт жүзеге аспаған болса – ол адамды танимын деу ағаттық.
Құдайберді Бағашар
Дереккөз: muslim.kz