ӘДЕТ-ҒҰРЫПТЫҢ ШАРИҒИ ДӘЛЕЛ РЕТІНДЕ ҚАРАЛУЫ

14 қазан 2024 867 0
Оқу режимі

Әдет-ғұрып мұсылман заңнамасында кейбір мәселелерді шешуде айғақ ретінде қолданылады әрі шариғат ғалымдары арасында мақұлданған. Ханафи мазһабының кейбір өкілдері шариғат ережесіне сай келген ғұрып нақтылы шарғи дәлел ретінде қарастырылатындығын айтқан. Бұл тұрғыда фиқһ негіздерін зерттеуші ғұламалар Құран Кәрімдегі «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» деген аятты алға тартқан. Сондай-ақ, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен мына риуаятты дәлелге келтіреді. 

«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман».

Ханафи мазһабының ғалымы Ибн Абидин «Уқуд рәсм әл-муфти» кітабында былай дейді: 

 Ғұрыптың шариғатта орны бар,

Кейде үкім соған орай орнығар.

Малики мазһабының өкілі Ибн Асим әл-Андалусий өзінің «Муқтада әл-уусуул илә илм әл-усуул» атты кітабында былай дейді:

Ғұрып – іс қой адамдарға танымал,

Әдеттің оған ұқсастығын танып ал.

Екеуі де шариғатқа енер ендеше,

Мәні қиғаш болып егер келмесе.

 

Ғұрыптың шариғаттағы шарттары

Фиқһ білгірлері әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуының бірнеше шартын белгілеген. Олардың бастылары төмендегідей:

1. Құран Кәрім мен Сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына керағар келмеуі тиіс.

2. Үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-дағдылар шариғатта есепке алынбайды.

3. Қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.

Әдет-ғұрып – төреші

Мұсылман тіршілігіне қатысты сан алуан салалардағы іс-әрекеттердің заңдылық сипатын анықтайтын фиқһ ілімінің негіздерінде ةمَّكَمح ةداعلا «әл-ъаада мухаккама» деген заңнамалық қағида бар. Мағынасы «әдет-ғұрып – төреші», яғни нақтылы дәлелдер келмеген кейбір мәселелерде адамдар арасында қалыптасқан әдет-ғұрыпқа жүгініп, солардың негізінде үкім шығарылады дегенді білдіреді. Демек, кейбір кезде салт-дәстүр, ғұрыптар заңды дәлел ретінде қарастырылады. Бұл ереже фиқһ ілімі ғұламалары түзген, мақұлдаған аса маңызды қағидалардың бірі болып саналады.

Ижма және ғұрыптың айырмашылығы

Ғұрып пен ижма екеуі де шариғаттың қайнар көздері болып саналады. Алайда ижма шариғат негізі ретінде ғұрыптан гөрі ілкімді дәлел. Өйткені ижма дегеніміз мүжтәһид ғұламалардың бір ауыздан келіскен ортақ шешімдері. Ал ғұрып озық ойлы ғұламаларды да, қарапайым ауам жұртты да қамтитын ортақ танымал істер. Ижма шариғат ғалымдарының бір ауыздан келісуінен шығады. Ал ғұрып әр елде әрқалай. Сондықтан ижма  ғалымдардың белгілі бір мәселені шұқшия зерттеп, терең ізденуінен шыққан ортақ шешімі болса, ал ғұрып адамдар арасында қалыптасқан кәдуілгі үйреншікті іс-әрекет.

Әдет-ғұрыптың өзгеруіне байланысты пәтуаның өзгеруі

Әдет-ғұрып заман ауысқан сайын өзгеріске ұшырап, дамып отыратын құбылыс. Сондықтан да фиқһ ғұламалары әр заманға және қалыптасқан әдет-ғұрыпқа сай кейбір тармақты үкімдердің өзгеріп отыратындығын айтқан. Осы себепке байланысты түрлі мәселелерге пәтуа беретін шариғат ғалымынан өзі отырған аймақтың әдет-ғұрпы мен мәдениетінен толыққанды хабардар болуы талап етіледі. Мысалы, қалыптасқан жағдайға қарай мешіттегі қызметкерлердің, имамдар мен азаншылардың, ұстаздардың жалақысын садақадан түскен қаржыдан бөлуге болады. Мұндай шешім қазіргі заманымызда қалыптасқан жағдайға байланысты шығарылған. Өйткені бұрынғы замандарда мұсылман елдеріндегі мешіт қызметкерлеріне бәйтул-малдан, яғни мемлекет қазынасынан жалақы белгіленетін.

Ал қазіргі кезде ондай тәртіп жойылғандықтан дін қызметкерлері айлық нәпақасын садақадан түскен қаржыдан айыруға мәжбүр. Сонымен қатар, ақша түрлерінің, атауларының, өлшем бірліктерінің өзгеруімен де  рәтуалар қайта жазылады. Яғни бұрынғыдай дирхем, динарды халық түсінбейтін болғандықтан, олардың орнына теңге өлшемі қолданылады, қадақ, сағ, пұт, муд, батпанның орнына грамм, килограмм өлшемдері қолданылады.

Заманға қарай шешімдердің де өзгеруі Ислам шариғатының қатып қалған дүние еместігін, уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отыратын әмбебап заңнамалық жүйе екендігін дәлелдейді.

 

"Дін мен дәстүр" атты кітаптан.
ҚМДБ. "Ғибрат" баспа үйі.
Алматы, 2013 ж.

 

 

 

Пікірлер Кіру