АҒАЙЫНҒА ҚАРАП БАЛА ӨСЕР...

13 қаңтар 2022 7905 0
Оқу режимі

Тарихқа көз салып қарар болсақ, дүние жүзінің түкпір-түкпірінде жастардың тәрбиесіне ерекше мән бергенін көруге болады. Осы тұрғыдан көптеген ғалымдар кітаптар жазып, уақыттарын сарп еткен. Соның нәтижесінде әр түрлі құқықтар, заң-жүйе мен әдет-ғұрыптар шығарған. Бірақ осыншалықты еңбек етілсе де жастар тәрбиесі өз дәрежесінде көрінбей, оңды нәтиже бере алмай келеді.

Тәрбиенің адам өмірінде елеулі орын алатындығы мәлім. Атамыз қазақ «Бала тәрбиесі бесіктен» деп, тәрбиенің сәби кезден басталатынын білдірген. Сондай-ақ, «Ел болам десең бесігіңді түзе» деп айтуында да ерекше мән жатыр. Өйткені, болашақтың қандай болары сол сәбилер мен жастардың тәрбиесіне байланысты. Тәрбие жақсы болса, қоғам да бейбіт болары сөзсіз. Сондықтан тәрбие жүйесін қайта көзбен бір шолып өтудің ешқандай әбестігі жоқ.

Тәрбиенің Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өнегесі тұрғысынан қарастырар болсақ, тәблиғ және тұрғызу (аяқтандыру) деген мағыналарға келеді. Осылайша тәрбиенің оқу ісін де қамтитынын айтуға болады. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.): «Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» деп айтуына қарағанда, көркем мінезге жетудің жолы десек болады.

Тәрбие жайында ғалымдар былай дейді: Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Тәрбие - тұлғаны тәрбие ететін немесе бұзатын нәрсені білуді білдіреді», –  деген. Ал, Маверди бұл жайында былай деген: «Тәрбие тірекке ұқсайды. Алла ол арқылы ақылды кемелдендіреді. Тәрбие әсемдік, ұрпағы құруға айналғандарды, Алла Тағала тәрбие арқылы көркемдейді». Ибн Сина Тәрбиеге «қандай да бір нәрсені әдетке айналдырғанша қысқа әрі ұзақ уақыт қайталау» деп анықтама берген. Атақты Құран тәпсіршісі, Бейзауи болса, тәрбиені «Бір нәрсені бірте-бірте дамыта отырып, кемелдікке жеткізу» деп түсіндірген.

Ал, Ислами тәрбие – шариғат қағидаларына лайық түрде адам пікірінің дамуы, іс-әрекеті мен мінездің кемелденуі, сондай-ақ, дүние мен ақыретте бақытқа жететін нағыз адамды тәрбиелеу өнері деп айтылады. Тәрбие негізінде өз алдына мақсат емес, себеп болып есептеледі. Кейбір ата-аналар балаларын өмір мектебіне дайындау үшін тәрбиелейді. Кейбірі білімдар болуы үшін тәрбиелейді. Ал, енді біреулері еліне, халқына қызмет ететін азамат болсын деп тәрбиелейді. Тәрбиенің осы сияқты мақсаттары көптеп кездеседі.

Адамдар әртүрлі дәуірлерде заманның талабына сай тәрбиені алуан түрлі мақсаттарда қолданып келген. Сондықтан да «Заман түлкі болса, тазы болып қу» деген сөзді негізгі қағидаға айналдырып, осыны бетперде тұтқан. Сол үшін тәрбие барлық жерде бірдей болмаған. Тәрбиенің жүйелі түрде берілуін сонау ежелгі гректерден көруге болады. Олардың түсінігінде ең құрметті адамдар, тәрбиенің сүзегінен өткендер болған. 

Қазіргі таңда да тәрбиенің маңызы орасан зор. Тәрбие бесіктегі баладан, еңкейген қартқа дейін қажет. Өйткені, тәрбие болғанда ғана адамдық қасиет пайда болып, өмірдегі роліңді біле аласың. Еліміздегі түрлі жат ағымдардың қарасының көбеюі, сол ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жастарымыз бұның барлығы біздің қазақы ислами тәрбиеден қаншалықты ұзақтағанымыздың белгісі. Күнімізде баласына ертегі айтатын әже, ұлағатты сөз айтар ата-ана аз. Баласы мектептен келгенде, балам сен сабақта болып ана бір телесериалды жіберіп алдың, ол былай-былай болды деп, көрген киносын айтады. Бір уақыт балам саған бір өсиет айтайын құлағыңа құйып ал, жаман істен бойыңды аулақ сал деп баласының тәрбиесіне қарайтын ана жоқ. Барлығы бір-біріне артып қойған кездесу барысында жүреміз әр жерде, айтылып жататын сан түрлі сөздер бар. Айтатындары: осы мектеп мұғалімдері не қарап жүреді? Мемлекет не істеп жатыр? Мына мешіттің молдасы неге айтпайды? Деген сөздер жиі естиміз. Алайда сол ата-аналар балаларына жауапты болып әр қашан тәрбиесіне мән беріп жіті қадағаласа мұндай келеңсіз істерге кездеспеген болар едік.

Бала жастайынан ата-анасына аға-әпкесіне қарап, оларға еліктеп өседі.  Қазақтың батыр тұлғаларының бірі Бауыржан Момышұлы: «Тәрбиесіз ел болмайды. Тәрбиеге бағынған құл болмайды» деп тәрбиенің маңызын ашып көрсеткен. Біздің аталарымыз да тәрбиенің негізгі мақсатын да болып, өз өмірлерінде дұрыс қолданғандай сыңай танытады. Бұлай дейтін себебіміз атадан қалған ұлағатты сөздердің түп төркіні осындай тұжырымға еріксіз жетелейді. Мәселен тәрбиедегі әдептілікті мына сөзбен өрнектеген: «Әдепті бала арлы бала, әдепсіз бала сорлы бала». Міне мұнда тәрбиеге көңіл бөлініп қарастылатын ар мәселесін әдептілікке апарып теліп, жоғарғы деңгейге көтеріп отыр. Бізді тәрбиені ар-намыспен байланыстыра отырып, негізгі мақсатқа жетудің жолын тапқан. Осының нәтижесінде өміріне адамдықты ту етіп ұстайтын қанша арыстай ағаларымыз болашақ буын өкілдеріне өшпестей із қалдырған.

Тәрбие барша адамзатқа қажетті. Оның діні мен ұлты қандай болса да барлығы да тәрбиенің қажеттілігін сөзсіз мойындайды. Сондықтан оны дұрыс таңдау да өз алдына бір мәселе.     

Тимур Нүсіпханұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру