«ӘҒУЗУ» ОҚУДЫҢ ПАЙДАЛАРЫ

13 ақпан 2024 2346 0
Оқу режимі

«Әғузу» сөзі сыйыну, паналау мағынасында. «Истиғаза»: «Әғузу билләһи минәш-шәйтан ир-ражим», «нәғузу билләһ», «әстәғизу билләһ», «мағазаллаһ» сияқты Алладан жәрдем және пана сұрайтын сөздердің бірімен Алланы паналау.

Құран оқуды «Әғузу билләһи минәш-шәйтан ир-ражим, бисмилләһ ир-рахман ир-рахим» деген сөздермен бастайды. Мұндағы хикмет – рұқсат сұрау, есік қағу. Үлкен адамның есігіне келген адам оның рұқсатын алып барып, алдына шығады. Құран оқуға ниет еткен адам болса, Раббысына мінәжат жасайтындықтан тілін тазалауы қажет. Өйткені оның тілі қажетсіз, лас сөздермен және басқа да қателіктермен ластанған. Бұл тіл «әғузу» айту арқылы рухани тазарады. Ибн Аббастан риуаят етілді: «Құранды құрметтеу – «әғузу» айту. Құранның кілті – бисмиллә».

Ғалымдар былай дейді: «Бұл қасиетті сөз (әғузу билләһи...) қорқынышын сейілтіп, Аллаға жақындағысы келетіндердің құралы». Бұл Алла Тағаланың «Құран оқитын кезде, алдымен қуылған шайтаннан Аллаға сыйыныңдар» (Нахл сүресі, 98-аят) деген сөзімен амал ету. Бұл сыйыну «Әғузу билләһи минәш-шәйтан ир-ражим» деген сөзбен жасалады. Бұл сөз «Алладан (оның әмірін орындау арқылы немесе Құран оқу арқылы) қуылған шайтаннан (оның барлық жамандығынан) пана сұраймын» дегенді білдіреді. Хадис шәріпте: «Жәбірейіл аләйһиссалам маған «әғузуны» «Ләуһ махфуздан» әкеліп оқытты» делінген.

«Тәфсир кәбирде» былай делінген: «Жамандықтар бұзық сенімдер, жетпіс екі топтың жалған сенімдері сияқты ақидаға қатысты болуы мүмкін. Я болмаса денемен жасалатын амал болуы мүмкін. Бұл амалдардың кейбірі харам іс жасау сияқты кісінің дініне зиянын тигізеді. Кейбіреулері болса, ауруға шалдығу, жоқшылық, кедейлік немесе мүгедектік сияқты кісінің дініне зиян келтірмейін бәле-жала, апат атаулылар. «Әғузу» оқыған адам осы жамандықтардың барлығынан Аллаға сыйынады. Сол себепті әрбір мүмин «әғузуны» оқығанда Алла тағаланы паналайтынын ұмытпауы және қажетінше амал етуі керек.

 

 

Пікірлер Кіру