Алла Елшісі (с.ғ.с.) қандай отағасы болған

07 қараша 2020 6503 0
Оқу режимі

Күллі адамзат баласына үлгі-өнеге ретінде жіберілген ардақты Алла Елшісінің (с.ғ.с.) әрбір әрекеті мен сөйлеген сөзі, мінез-құлқы – қаншама замандар өтсе де біздер үшін мәңгі таусылмас қазына екені сөзсіз. Адамзат ұстазының ғибратты ғұмырына үңілген сайын жанымызға қажетті рухани азық алып, өміріміз де, өзіміз де нәрлене түсеміз. Осы орайда екі дүние сардарының (с.ғ.с.) отбасылық өміріне көз жүгіртіп, қазіргі заманда кейбір отбасыға, кейбір адамдарға жетіспей жатқан керемет қасиеттермен таныс болсақ, берекелі Мәуліт айында бұдан асқан сауапты іс, айналамызға бұдан асқан сыйлық болмас деп ойлаймын.

Отан отбасынан басталады дейді халқымыз. Ал, енді сол отбасының барлық жауапкершілігін арқалаған азаматтың сөзі мен ісі жақсылықпен жалғасып жатса, Отанның да гүлденуіне үлкен үлес болса керек. Осы ретте үлгі ретінде Алла елшісінің (с.ғ.с.) отбасылық өмірі туралы сөз қозғасақ.

Отбасы өмірінде ерекше қасиеттерімен үлгі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдерінің материалдық қажеттіліктері, киім-кешектері мен сәндік бұйымдарына қыспақ көрсетпеген. Сонымен қатар, әрбір әйелі үшін жеке баспана жағдайын қарастырған. Бұл оның әйел ақысына адалдығын көрсетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кей істерінде әйелдерімен де кеңесіп отыратын. Қараңғылық дәуірде адам қатарына қосылмаған әйелдер Исламның нұрлы шуағы келуімен «Жәннат – аналардың аяқтарының астында» деген марапатына ие болып, өзінің лайықты болмысына қайта оралған. Алла Елшісі (с.ғ.с.) әйелдерімен қарым-қатынасында әрдайым сыпайылық танытатын. Олардың нәзік жаратылыстарын үнемі естен шығармай, оларды шыныдан жасалған құмыраға (вазаға) теңейтін. Әйгілі сахаба Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Хазіреті пайғамбар сапарда жүрген болатын. Әнжәшәһ есімді қара құл түйелерді жетекке алып келе жатқан еді. Хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.): «Әй, Әнжәшәһ, шыны мінген жануарларды жайлап айда», – дейді. Хадистің арабшасындағы «қауарир» сөзі – «қарура» сөзінің көпше түрі. Шыныдан жасалған асыл бұйым деген мағынаны білдіреді. Хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) әйелдер әлсіз, нәзік жан болғандықтан әрі дереу ренжігіш келетіндіктен, оларды вазаға теңеп ұқсатқан. Олардың қателіктеріне де сабыр мен сыпайылықпен жауап беретін. Сахабаларына да әйелдерге қол жұмсамауды, жәбірлемеуді өсиет ететін. Өзі де әйелдеріне әділдікпен қарап, жорыққа шыққан кезде қасына ертетін әйелін жеребе тастап таңдайтын. Өмірінің соңғы күндерінде әйелдерінің үйін аралауға шамасы келмей ауруы асқынған кезде хазірет Айшаның (р.а.) үйінде қалу үшін басқа әйелдерінен рұқсат алған. Осылайша, ауыр халде жатқанның өзінде әйелдерінің құқығын аяққа таптамай, артында қалған мұсылман қауымына әйелдерді құрметтеуде өнегелі бір жол ұсынған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен сендерге әке сияқтымын»,-деген сөзі арқылы шын мәнінде де, өз үмметіне әке махаббатын сыйлағандай. Соңынан ерген балаларының отқа түсіп, суға батып кетпеуін жан дүниесімен қалап, қадағалауы жанашырлықтан ғана туатын әрекет емес пе? Қайсыбір әке баласының басынан мейірімділікпен сипайтын болса, пайғамбарымыз жер бетіндегі жүрегінде титімдей иманның дәні бар жандардың бәрін құшағына алды. Жыласа жұбатты, мұңайса көңілін демеді, аш болса, алақанында қалған соңғы құрмасын берді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туған балалары үшін де әке ретінде адамгершіліктің заңғарында тұрды. Үнемі таң намазына мешітке кетіп бара жатып, жолай қызы Фатиманың (р.а.) үйіне соғып, қызы мен күйеу баласы хазірет Әлиді таң намазына оятып кететін. Үлкен қызы Зейнеп мүшрік күйеуі Әбул-Аспен Меккеде қалып қойып, кейіннен Мәдинаға келген кезінде сүйікті қызын көріп қатты қуанады. Хазіреті Османмен (р.а.) үйленген қызы Рұқия Хабәшистанға һижрет еткенде, ұзақ уақыт қызының хабар-ошарын біле алмай жүргенде, бір әйелдің келіп, олардың дін-аман екенін білдіргенде қуанышқа кенелуі, қызы Үммү Күлсім қайтыс болғанда қабірінің басында жылауы – міне, осының бәрі оның әкелік сүйіспеншілігінің жарқын көріністері.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) балалар тәрбиесіне де көп көңіл бөлетін әрі олармен жақсы қарым-қатынаста болатын. Алла Елшісі (с.ғ.с.) немерелері Хасан мен Хұсейінді (р.а.) құшағына басып сүйетін. Немере қызы Умамә намаз оқып жатқанда келіп, үстіне шығып алса, оны арқалаған күйінше намазын жалғастыратын. Үйінде немерелерін ойнататын. Бір күні әдеттегідей өзі ат болып Хасан мен Хұсейінді (р.а.) арқасына мінгізіп, ойнатып жүргенде ішке кірген хазірет Омар (р.а.) мына көрініске таң-тамаша болып, Пайғамбарымыздың немерелеріне: «Қандай тамаша сәйгүлігің бар?» – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да кідірместен: «Бұл сәйгүліктің қандай тамаша шабандоздары бар», – деп үстіндегі немерелерін меңзеп, оларға деген құрметін көрсетеді. «Кімнің баласы болса, онымен балаша қарым-қатынас етсін» деу арқылы кісіліктің кішілікке ұласуын өсиет етті. Бірде пайғамбарымыз немересі Хасанды сүйіп жатқанда немересі Ақра бин Хабис атты кісі оған: «Сіз балаларды жақсы көріп, бетінен сүйесіз бе? Менің он балам бар. Ешқайсысының бетінен сүймеймін дегенде, Алла елші оған: «Мейірімділік етпегенге, мейірімділік көрсетілмейді», – деп ойланарлықтай жауап берген.

Балалық шағын пайғамбарымыздың қасында өткізген ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алланың елшісі тәтем Маймунаның үйінде болатын. Мен де пайғамбарымызға дәрет су дайындап бердім. Тәтем пайғамбарға: «Абдуллаһ су дайындады», – деді. Пайғамбарымыз да маған былайша дұға етті: «Уа, Аллам! Дінді жақсылап түсіндірші және оған Құранның ашықтамасын (тәпсірін) үйрет», – деген екен.

Құрметті бауырлар! Бұл айтылғандар Оның (с.ғ.с.) өнегелі өмірінің кішкентай бір бөлігінен үзінді ғана. Сондықтан да күнделікті өмірімізді Пайғамбар (с.ғ.с.) парасатымен өрнектеп, «болмасақ та ұқсап бағуға» тырыссақ, нұр үстіне нұр бола түсер еді...

Ибрагим Сматаев
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру