AЛЛАДАН ҚОРҚУДЫҢ БЕЛГІЛЕРІ

01 желтоқсан 2023 1372 0
Оқу режимі

Хижр сүресінің 49 және 50-ші аяттарында -мағынасы-: “(Уа, Мұхаммед!): Құлдарымды Менің шынымен өте кешірімді, (әсіресе, мүмін құлдарыма) ерекше мейірімді екенімнен хабардар ет! Сонымен қатар, азабым да жантөзгісіз” дейді. Сол себепті пенде Aлла Tағаладан қорқуға, бірақ рақымынан да үмітті үзбеуге тиіс. Өйткені қорқыныш пен үміт мүмін үшін қос қанат тәрізді. Солар арқылы Алла Тағаладан күткеніне қол жеткізеді, қорыққанынан аман қалады.

Лұқман хакім ұлына былай деген: Алла Тағаладан үмітің былай болуға тиіс; бұл күй сені Оның азабынан қауіпсізбін деп ойлатпасын. Алла Тағаладан қорқыныш да былай болсын; бұл күй саған Oның рақымынан үмітіңді үздірмесін.

Факыһ Әбулләйс әс-Самарқанди (рah.) айтқан: “Адамның Aлла Tағаладан қорқатынының белгісі сегіз нәрседе белгілі болады:

Тілінен/сөзінен белгілі болады. Алла Тағаладан қорқатын адам тілін жалғаннан, ғайбаттан және пайдасыз кез келген сөзден қорғайды. Тілін тек зікір, Құран кәрім тилауәті және ілім талқылауға арнайды.

Қарнынан/асқазанынан белгілі болады. Aлладан қорқатын адам тек халалынан ішіп-жейді. Ол да қажет мөлшерден аспайды.

Көзінен белгілі болады. Харамға қарамайды, дүниеге қызығып қарамайды. Оның әр қарағаны тек ғибрат үшін болады.

Қолынан белгілі болады. Қолын ешқашан харамға созбайды. Тек Раббына бойұсыну үшін қолданады.

Aяғынан белгілі болады. Алла Тағалаға қарсы жолда жүрмейді. Тек бойұсыну үшін ғана жүреді.

Жүрегінен белгілі болады. Жүрегінен Алла Тағаланың құлдарына деген өшпенділік пен жаулықты шығарады. Жүрегінде діндес бауырына тек мейір мен насихат сезімі ғана болады.

Жасаған ғибадаттарынан белгілі болады. Ғибадаттарында тек Раббынан қорқады, тек Алланың ризашылығы үшін амал жасап, рия мен нифақтан сақтанады.

Құлақтарынан белгілі болады. Тек қана хақты естиді, ал харамға құлағы жабық болады”.

Пікірлер Кіру