Аллаға және Елшісіне (с.ғ.с.) қиянат

05 қаңтар 2021 5590 0
Оқу режимі

Құран Кәрімнің бірнеше аяттарында пайғамбарға (с.ғ.с) жасалған қиянатты Аллаға жасалған қиянат деп, пайғамбарға (с.ғ.с) жасалған жақсылықты Аллаға жасалған жақсылық деп бағалағанын көреміз. Әрине, аяттың бұлай қолданылуы пайғамбардың (с.ғ.с.) Алла алдындағы жоғары мәртебесін көрсетсе керек.

«Аллаға әрі оның Елшісіне жапа шектіргендерді Алла дүниеде де, ақыретте де лағынеттеді»[1] деп, оларға қияметте қор қылатын азаптың дайындалғанын айтады. Шындығына келсек, Аллаға жапа шектіру, оған зиян тигізу мүмкін бе?!

Ал, басқа бір аятта пайғамбарға (с.ғ.с.) қол тапсырып, қасық қаны қалғанша соғысуға сөз бергендерді «Аллаға сөз бергендер» деп мақтап, оларға риза болғандығын білдірген[2].

Сол секілді «Кімде-кім елшіге бағынса – Аллаға бағынғаны»[3] деп бекітілген.

Ендеше, адам баласының Аллаға қиянат жасауы мүмкін емес. Алайда, дінге, Құран мен сүннетке қиянат жасауды Алла мен Елшісіне жасалған қиянат деп білеміз. Құран Кәрімде: «Әй, иман келтіргендер! Аллаға және елшісіне, әрі өздеріңе берілген аманатқа біле тұра қиянат жасамаңдар. Сендердің мал-мүліктерің мен бала-шағаларың сынақ қана»[4] дей келе, мал-мүлкі мен қара басының амандығы үшін деп қиянатқа өтіп кетпеу керектігін ескертеді. Бұл аяттың түсу себебіне үңілсек, мынадай оқиғаға тап боламыз.

Әйгілі Хандақ[5] соғысынан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларымен Бәну Қурайза тайпасын қоршауға алады да оларға сахаба Әбу Лубәбәны «Алла Елшісінің үкіміне бағыныңдар» деп айтуы үшін жібереді.

Қамалдың үстінде тұрған дұшпан онымен кеңесіп, «Мұхаммедке берілсек, не істемек ойы бар?» деп сұрағанда, «бастарыңды алады» дегенді білдіріп кеңірдегін көрсетеді. Алайда, тап сол сәтте қаншалықты қиянат жасағанын түсініп, сөзін де жалғастырмай, ешкіммен жолықпастан Пайғамбар мешітіне жол тартып кетеді. Аят түсіп хабары белгілі болып, неліктен мұндай әрекетке барғандығы сұралғанда, бала-шағасының сол қамалда екендігін айтқан[6].

Аятта үш түрлі қиянат ұғымы қамтылған: Аллаға, Елшісіне және өзіне тапсырылған аманатқа қиянат жасамау. Кейбір ғалымдарымыз түсу себебі белгілі оқиғаға қатысты болғанымен, жалпыға ортақ үкімді қамтитындығын алға тартқан. Ғұламаларымыз «Аллаға қиянат жасау» дегенді парыздарын өтемеу, Аллаға ортақ қосу, тыйым салған істерінен бас тартпау деп тәпсірлеген. «Елшіге қиянат» – сатқындық жасап, оның әмірін орындамау әрі оның үкіміне разы болмау» дейді. Ал, «өздеріңе берілген аманат» деп адамға тапсырылған міндеттемелер екендігін алға тартқан[7]. Аяттың жалғасында айтылғаны секілді мұсылман адам, өзінің бала-шағасы немесе мал-мүлкі үшін Аллаға және Елшісіне қиянат жасай алмайды. 

Ғазиз Ахмет


[1] «Ахзаб» сүресі, 57-аят.
[2] «Фатх» сүресі, 10-аят. Бұл оқиға хижреттің 6-шы жылы Худайбия деген жерде болған. Мекке мушриктері пайғамбарды (с.ғ.с.) және сахабаларды Меккеге кіргізбей, жолда тосқауыл болады. Келіссөзге келу үшін Хазреті Османды Меккеге жібереді. Оның өлтірілгендігі жайлы хабар жетіп, сол уақытта Алланың Елшісін жалғыз қалдырмастан, «Османның кегін аламыз, қасық қанымыз қалғанша соғысамыз» деп ант ішіп, баршасы пайғамбарға қол тапсырған еді.
[3] «Ниса» сүресі, 80-аят.
[4] «Әнфәл» сүресі, 26-27 аяттар.
[5] Хандақ/Ор соғысы хижреттің 5-ші жылы болды. Құрайыш, Ғатафан және Яһуди тайпалары бірлесіп, мұсылмандарды түп-тамырымен құртуға келген жорықтары болатын. Мұсылмандар қаланы айналдыра ор қазып қойған-ды. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдина халқын жинап, «бірлесіп қаланы қорғаймыз» деп келіссөз жасайды. Мәдина қаласының шығыс жағы Бәну Қурайза тайпасының қамалы болатын. Дұшпанды өткізбеуге келісім жасалып, соғыс қызған уақытта келіссөзді бұзылады. Дегенмен, дұшпан ешнәрсеге қол жеткізе алмай кері қайтқан соң, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) келісімді бұзған Бәну Қурайза тайпасына бет алады. Олар қоршауға алынған уақыттарында кеңесу үшін өздерімен келісімі бар Әбу Лубәбәны сұрайды. Ол қамалға жақын келгенде әйел, бала-шағаны жылатып, зарлатып қояды. Өзінің балалары да солардың арасында еді. Оны көрген Әбу Лубәбәнің жүрегі дірілдеп кетеді. «Мұхаммедтің үкіміне бағынсақ, қалай болады, не істеуі мүмкін» деп сұрайды. Ол «бастарыңды алады» дегенді білдіріп, ишарамен кеңірдегін көрсетеді. Өзінің қиянат жасағанын түсінген ол осыдан соң ешкімге жолықпастан пайғамбар мешітіне бет алып, мешіт тірегіне өзін байлатып қояды да «Алладан тәубем қабыл болғаны жайлы хабар келмейінше, осылай тұрамын» деп ант ішеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұнан хабардар болғанда, «неге маған келмеді, ол үшін кешірім сұрар едім. Ол жасайтынын жасаған екен, енді Алладан  уахиді күтсін» дейді. Арада 9 күн өткенде тәубесінің қабыл  болғандығы жайлы уахи келген-ді. Адамдар сүйінші хабарды жеткізіп арқанды шешуге талпынғанда «Алланың елшісі өз қолымен шешпейінше осылай тұрамын» деп қарсылық білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі келіп өз қолымен босатады.
[6] Қуртуби, әл-Жәмиғ ли Ахкамил-Қуран, Әнфәл сүресі, 26-аят тәпсірі.
[7] Ибн Кәсир, 2-том, 278 бет.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру