Ана – Алланың асыл қазынасы

07 наурыз 2019 72277 0
Оқу режимі

Ана – адамды өмірге әкелетін қасиетті жан. Баласы үшін өзінің қуанышы мен тыныштығын, денсаулығы мен әдемілігін қашанда құрбан етуге дайын абзал жан. Баласы үшін тас емшегін жібітіп, тар жатырын кеңіткен ананың орнын адамзат баласы қашанда жоғары бағалаған. Олай болуы заңды да. Адам баласы дәл осы ананың жатырында пайда болады, болмысы сонда қалыптасады, анасының қаны мен денесінен өзіне қажетті ең құнды дәрумендерді алады, сөйтіп күн санап, тіпті сәт санап үлкейіп, анасының қабырғасын керіп, ақыры жарық дүниенің есігін ашады. Ал, шыбын жанын ортаға салған әз ана босану барысында өлім мен өмірдің арасында арпалысумен болады. Бірақ бұл қиындықтың бәрін жаңа босанған перзентін қолына алысымен-ақ ұмытуға дайын. Ол ол ма?! Бала дүниеге келгеннен кейін де оны үнемі қасында ұстап, ақ сүтімен азықтандырып, түнгі ұйқысын төрт бөліп, сәбиді тынышталдырып, балам аш болмасын деп, еңбектеніп тыным таппайтын, перзенті ер жетсе, алаңдамай қоймайтын және де осы ана. Ендеше, адамзат үшін асыл қазына, Алланың берген ұлы сыйы – Ана. Ол баланы тәрбиелеуден, ауырса емдеуден, қамқорлық етуден еш шаршамайды да, жалықпайды да. Сол үшін де Құран Кәрімнің аяттары да, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері де, ислам ғұламалары да, оның ішінде қазақ халқы да ананың орнын назардан еш тыс қалдырмаған. Алла Тағала Құранда:

وَوَصَّيْنَا الْإِنسَانَ بِوَالِدَيْهِ حَمَلَتْهُ أُمُّهُ وَهْنًا عَلَىٰ وَهْنٍ وَفِصَالُهُ فِي عَامَيْنِ أَنِ اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ إِلَيَّ الْمَصِيرُ

«Адамдарға; ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған мешеулік үстіне мешеулікпен жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның Мен жақ»[1], – дейді. Бұл аятта Алла Тағала Өзінен кейін бірден ата-анаға шүкірлік білдіруді бұйырады. Осылайша ата-ананың, оның ішінде, әсіресе, ана орнының өте жоғары екенін көреміз.

Пайғамбарымың (с.ғ.с) хадистері де ананың мәртебесін ерекше жоғары көрсетеді. Мысалға, Бәһз ибн Хаким атасы Муғауия ибн Хайда Қушайридің Алла елшісінен (с.ғ.с):
– Уа, Алла елшісі! Жақсылықты кімге жасауым керек? – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с):
– Анаңа.
– Кейін кімге?
– Анаңа.
– Кейін кімге?
– Анаңа.
– Кейін кімге?
– Әкеңе, кейін жақынырағына, кейін жақыныңа, – деп жауап бергенін жеткізеді[2].

Бұл хадистен аңғарылатыны: Алла елшісі (с.ғ.с) жақсылыққа ең лайықты адамның әке-шеше екенін айтуда, оның ішінде ананың орны әкеден де жоғары екенін түсіндіруде.

Ал, енді ислам жұлдыздары іспеттес болған сахабалар мен табиғиндердің аналарымен болған мәмілелеріне көз жүгіртейік.

Әбу Хурайра (р.а) үйіне кіргенде кезінде анасына: «Алла саған мені кішкентайымда қарай тәрбиелеген болсаң, тура солай мейірімін жаудырсын», – деп дұға жасайтын болған. Есесіне анасы: «Ержеткеннен кейін маған жасаған жақсылығыңдай Алла да саған мейірімін жаудырсын», – дейтін.

Ибн Масғуд (р.а) бірде анасының өтінішімен түннің бір уағында су алып келеді. Алайда, суды әкелгенше анасы ұйықтап қалған екен. Оянғанда су сұрап қалса, дайын болсын деген ол анасының қасынан оянғанша кетпеген екен.

Ұлы табиғин Ибн Сирин (р.а) анасын көрсе түрі өзгеріп кететін болған, егер анасымен сөйлессе, өзін мырзасының алдындағы құл іспетті ұстайтын. Бұл анасына деген құрметінен болатын.

Хасан Басри (р.а) анасымен бір табақтан тамақ ішпеген. Оның себебін сұрағандарға: «Анамның қалап тұрған нәрсенін одан бұрын алып қоямын ба деп қорқамын», – деп жауап берген.

Ислам әлемінде аты кең таралған Имам Зәхәби туралы оның замандастары оның жас кезінде тек өз қаласында ғана ілім алғанын айтады. Себебі, оған анасы қаладан шықпа деген екен. Осылайша, ол анасы қайтыс болғанға дейін қаладан шықпаған екен. Кейіннен имам Зәхәби: «Мен ілім іздену үшін басқа жерлерге барғам келетін. Алайда, анам қарсы болды да мен оған мойынсұндым. Сол мойынсұнғаным үшін Алла менің іліміме берекесін жаудырды», – деген. Ия, ата-ананың балаға жасаған дұғасы қашанда қабыл болады.

Қазақ халқымыз «Анаңа ауыр сөз айтпа, атыңа ауыр жүк артпа», «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да қарызынан құтыла алмайсың», Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды» т.б. сынды тәрбиелік мәнге толы мақал-мәтелдер айтып, ананың ерекше орнын анық көрсете білген.

Ана деген осы, оның алдында қашан да қарыздармыз, оның алдында өз борышымызды өтей алмаспыз.

Енді осы аналардың ерекше орнын атап өту үшін оларға бір күн арнау керек пе, аналарды аналар күнімен құттықтау әбестік пе, жалпы шариғат бұған қалай қарайды деген сұрақтар келіп жатады.

Шынтуайтында, мұсылман ғалымдары аналар күнінің діни мейрам еместігін айтады. Алайда, халық арасында аналар күні деп танылған мерекенің ислам шариғатымен қайшылығы жоқ. Себебі бұл күнде адамдар аналарымен байланыс құрып, оларға түрлі сыйлықтар жасап, бастарын қосып, көңілдеріне қуаныш сыйлап жатады. Ал, бұл сынды әрекеттер керісінше ана мен баланың арасын жақындата түсіп, ананың балаға деген мейірім-ықыласын оятатыны сөзсіз. Ендеше, бұл күннің ешқандай діни астары болмаса да аналарымызға ақ тілегімізді арнап, перзенттік көңілмен риясыз сыйлық жасап жатқанымыздың еш бұрысы жоқ. Өйткені ол адамдардың адамгершілігін оятады. Адамдарды Аллаға жақындатады. Бұның мысалы «ашура» күні іспеттес. Яһудилердің неліктен бұл күні ораза ұстайтынын сұраған Алла елшісіне (с.ғ.с) яһудилер: «Бұл – ұлы күн, бұл күні Алла Мұсаны құтқарып, перғауынды батырған», – деп жауап берген. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Мұсаға сендерден гөрі мен жақынырақпын», – деп, осы күні ораза ұстауды бұйырған[3].

Осы іспетті, бұл күннің, яғни аналарға жылы лебіз танытып, олардың мәртебесін асқақтатуды өзгелерден гөрі өзіміз істеуіміз керек деп білеміз. Алайда, мереке осы екен деп, түрлі арам нәрселерге жол берілмеуі керек.

Аналардың әр күнін мереке қылса да перзент үшін артықтық қылмас, алайда жылына бір күнді анаға арнаймын деген адамға шектеу жасау да жөн болмас. Алла Тағала аналарымызға аналық бақытты сезінуді, қашан да перзенттерінің ықыласына бөленіп жүруді нәсіп етсін.

Аналар күні құтты болсын!

Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары,
наиб мүфти, Астана қаласының бас имамы


[1] Лұқман 14
[2] Тирмизи
[3] Муслим риуаятынан қысқартылған

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру