Антон ЧЕХОВ ӨМІР КЕРЕМЕТ! (Өзіне қол салмақ болғандарға)

27 қаңтар 2025 806 0
Оқу режимі

      Өмір дегеннің өзі өте бір жағымсыз нәрсе, бірақ оны өте керемет ету оңай. Ол үшін 200 000 доллар ұтып, Нобель сыйлығын алу, сұлу жақсы қызға үйлену, мейірімді адам атану жеткіліксіз - осының барлығы тез бұзылатын, әрі әдетке бейім заттар. Басыңа қайғы мен мұң қонған сәттерде ішіңде үзіліссіз бақыт сезініп жүру үшін сізге:

а) қолда барға қанағат ету мен

б) “бұдан да жаман болуы мүмкін еді” деген ойға қуану керек.

Ал ол қиын емес:

      Қалтаңыздағы сіріңке жанып кетсе, қалтаңда оқ дәрі қоймасы жоқ болғанына қуанып, шүкіршілік етіңіз.

      Саяжайыңызға кедей туыстарыңыз келе қалса жақтырмағандықтан бозарып кетпеңіз, қайта “Қала әкімі полицейлерімен бірге келмегені қандай жақсы болды!”-деп шаттаныңыз.

Саусағыңызға тікен кіріп кетсе, “Көзіме кірмегені қандай жақсы болды!”-деп қуаныңыз.

Егер әйелің, әлде балдызың аспапта ойнап, миыңды ашытып жатса шыда, онда музыка тыңдағаныңа қуан, себебі сен шиебөрілердің ұлығанын немесе мысықтардың көктемде аулада мияулағанын естіп жатқан жоқсың ғой.

Темір жолмен вагон таситын ат болмағаныңызға, оқалақ құрты, доңыз, есек, цыгандар ертіп жүретін аю, қандала болмағаныңызға қуаныңыз... Ақсақ, соқыр, керең, мылқау, тентек болмағаныңа қуан. Дәл қазір сот залында қылмыскер орнында отырмағаныңызға, қарызыңды қайтар деп алдыңда банк өкілі келіп отырмағанына, гонорар жөнінде әңгімелесіп отырмағаныңа риза бол.

Егер сен онша алыс емес жерде отырсаң, соншалықты алысқа көшіп кетпегеніңе Құдайға шүкір деп бақытты боп отыр.

 Егер бір тісің ауыра қалса, барлық тістеріңнің бірдей ауырмағаны үшін шаттан.

Түрмеде құқық заңдарын оқып отырмағаныңа, ассенизация бөшкесі үстінде  отырмағаныңа, бірден үш қатының болмағанына қуан...

Егер сені үшәстікке әкетіп бара жатса, сені тозақ отына алып бара жатпағанына қуан.

Егер сенің май құйрығыңнан қайың бұтағымен сабап жатса, “Қалақаймен сабағамағаны үшін қандай бақыттымын!”-деп қуан.

Ей адамның баласы, маған құлақ сал, сонда бүкіл өмірің шаттанудан тұрады.

 

аударған

Жүрсін КӘРІМ

Пікірлер Кіру