АНЫҚ ПЕН ТАНЫҚ

22 қараша 2024 531 0
Оқу режимі

Ойлаңыз, ақыл, білім қайда болмақ ,
Денеде қандай орын , жайда болмақ?
Білу, нану, ұнату – ақыл ісі,
Қайтсе зиян , қайткенде пайда болмақ?

Тән – сезіп, құлақ – естіп, көзбен көрмек,
Мұрын – иіс, тіл– дәмнен хабар бермек.
Бесеуінен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман әр істі сол тексермек.

Ой сонда неше толғау шимай салмақ,
Қайтсе жөні келер деп өлшеуге алмақ.
Дәл солай қалайын деп, ұнағанда
Ғаділетті жүрегің бір қозғалмақ.

Бар билік сол жүректен шығарылмақ ,
Денеге ол шымырлап әсер қылмақ.
Ойыңды дұрыс деме, теріс деме,
Сол арасын анықтап байқа бірақ.

«Жарайды» деп ұнаса бас иземек,
Жек көрсе жиіркеніп дірілдемек.
Жүрегіңнің тілі жоқ , ымбалы сол,
Ұғып ал да бола гөр соған көмек.
Қазақта жоқ ақылмен ой бекітпек
Нәпсі ұнатса болғаны, бәрі бітпек.
Тәуекел деп ат қойып ықтималға,
Байлауы жоқ нәрседен пайда күтпек.

Табамын деп талпынып ойына алмақ,
Өз әлінше о-дағы сынға салмақ.
Аз ойланса қазақтың басы қатып,
Зиян істі пайда деп қойып қалмақ.

Ықтималдың есігі екеу болмақ,
Ішіне пайда, зиян – бәрі толмақ.
Нысананы сығалап, дәлдеп атпай,
Көзін жұмып оқ атқан қайтіп оңбақ.

Іс қылады таптым деп біздің қазақ,
Онан көрген пайдасы болады аз-ақ .
Аяғында ол ісі зиян шығып,
Көрінгенге күлкі мен болар мазақ.

Арам оймен ар сатып үзіп-жұлмақ,
Міне, пайда қылдым деп мақтанылмақ.
Біреу білген айланы біреу біліп,
Өзі құрған дарына о да асылмақ .

Шолақ ойлап, шолтаңдап сырттансымақ,
Аса мықты жан шығып көзге дым-ақ.
Аударысып жүргенде ауып кетіп,
Абыройың ашылар, байқа шырақ.

Шолақ ойдың аяғы осы болмақ,
Біраз күнге көңілдің хошы болмақ.
Арсыз, арам, асығыс айлакерлік,
Мұның бәрі шайтанның досы болмақ.

Құдай кешер, алла деп күнә қылмақ,
Ар кетіріп, ант ішіп, жан сатылмақ.
Не жалғанда, немесе ақыретте
Оңалмастай өкпеден бір атылмақ!

Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа

Қазақ жүр құмарланып құр атаққа.
Анау– қу, мынау – пысық , мен – батыр деп,
Айналды бірін — бірі құрытпаққа.

Ойда жоқ өнер – білім жол табайын,
Жалмауға жалықпайды өз маңайын.
Мұның түбі не болар деген жан жоқ,
Ұрлық, ұрыс, араздық күнде дайын.

Өтірікпен өткізіп күнін, айын,
Демейді жамандықтан жалығайын.
Анау – шыным, мынауым – сырым ғой деп,
Сонша жақсы біледі алдау жайын.

Жаз жалымен жібермей жалғыз тайын,
Тыныштықпен ішпейді тақта шайын.
Ұрысы ұрлап, қуы алдап, сұмы еліріп,
Құртады үш жақтап тамам байын.

Байдың да ойлағаны ел алайын,
Білмейді – қу шағып жүр өз бақайын.
Көзі аспанда, көңілі мақтанда боп,
Тауысқанын білмейді ішкі майын.

Демейді ғылым біліп, жанданайын,
Мақсұты мақтан іздеп паңданайын.
Қанша ұқтырып айтсаң да қалыбында,
Ойда жоқ жігерленіп қамданайын.

Мінеки, естісеңіз елдің жайын,
Көтінен кейін кетті басқан сайын,
Қайран елім, қазағым, қалың жұртым,
Көп айтып, аһ, дариға, не қылайын!…

Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру