Әр буынға – бір садақа

17 тамыз 2021 6833 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) буындарға қатысты бірқатар хадистер айтқан. Тіпті, адам денесінде қанша буын болатындығын нақты білдірген. Бір қызығы, сол хадистерде көрсетілген буын санын қазіргі медицина дәлелдеп шықты.  

Буын жайында айтқан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері мыналар:

«Әр адамның жаратылысында 360 буын бар. Олай болса, Алла Тағаланы ұлықтаса, мақтау айтса, лә иләһа иллаллаһ, сүбханаллаһ десе, Құдайдан кешірім тілесе, ел жүретін жолдан тас, тікен немесе сүйек секілді нәрселерді жол шетіне алып тастап отырса, я болмаса жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса, осы жасаған жақсылықтарының барлығы 360-қа жетсе, сол күннің кешіне дейін тозақ отынан қорғалады».

«Әр буын үшін адам күн сайын бір садақа борышты. Екі адам арасында әділ төрелік айту да – садақа, біреуге атына міну үшін көмектесу немесе қоржынын артысу да – садақа. Жақсы, ұнамды сөз айту да – садақа. Намазға бара жатқандағы әр адымы да – садақа. Адамға зияны тиетін нәрселерді жолдан алып тастау да – садақа».

Тағы бір хадисінде сәске уақытында оқылған екі рәкат намаздың да сондай шүкіршілікке жататындығы айтылған. 

Бухари мен Мүслимде риуаят етілген осы үш хадис адамның анатомиялық тұлғасын ашумен қатар, құлшылық пен сауаптың кең мағынасын да қамтиды. 

Екі бөлек сүйек арасын жалғайтын бөлікті «буын» дейміз. Буындар табиғи түрде мынадай топтарға бөлінеді.

1. Қимылдайтын буындар: тізе, тірсек, иық, ортан жілік, аяқ-қолдың білегі мен жіліншігі секілді.

2. Аз қимылдайтын немесе мүлдем қимылдамайтын буындар: омыртқа, қол-аяқтың табан мен алақан сүйектері, яғни: 

А) араларын дәнекер ұлпа (ткань) жалғағандар;

Ә) араларын шеміршек ұлпа жалғағандар;

Б) араларын сүйек ұлпа жалғағандар.

Осы ерекшеліктеріне қарай анатомия кітаптары мен атластарын зерделегенімізде, адам денесінде 360 буын бар екенін көреміз (1-4 тізім). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан бұл сан медициналық зерттеулермен де дәл шыққан. Пайғамбарымыздың оны нақты білдіруін қалай түсіндіруге болады? Мәйіт яки адам қаңқасы мұқият зерттелген бе, жоқ әлде, бұл пайғамбарлық мұғжиза болғаны ма?   

Мәйіт пен жеке сүйектерді зерттеу арқылы буындарды анықтай алмайтындығының дәлелі мынау:

Адамның бас сүйегінде 90 қимылсыз буын болады. Алайда, бұл буындар санын қаңқадан болмаса, өліктен анықтау мүмкін емес. Ал, қаңқа кезінде анықтау үшін ол адам медицина ғылымын жақсы білетін әрі тәжірибелі болуы тиіс. Өйткені, медицинадан хабары жоқ жай адам бастағы бір-бірімен астасып, ию-қию боп жатқан буындарды буын деп те ойламайды. Құйымшақ сүйегіндегі буындар шорланған буындарға жатады. Мейлі өлік, мейлі қаңқа күйінде қолға алған күннің өзінде медицинаны жақсы меңгермеген адамның бұл буындарды тануы мүмкін емес.

Кеуде сүйегі (sternum) 3 бөлек сүйектен құралады. Бұлардың бір буыны шеміршек, бір буыны сүйекке айналған буын пішінін құрайды. Сүйекке айналған буынды білу үшін де медицинаның маманы болу міндетті. Бұл екі буынды да өлік я болмаса қаңқа күйінде ажырату мүмкін емес. 

Бас сүйектің орталығында орналасқан «Сфенойд» (Sfenoid) деп аталатын сүйек, бөлек-бөлек 10 жұп бас сүйегімен буынды құрайды. Бұл буындар өте күрделі, бейнелері шым-шытырық, ретсіз пішінде келген.

Қуыстарында «Дискас» (discus) деп аталатын шеміршек томпақтары бар кейбір буындар да кездеседі. Беті жай ғана сүйек секілді. Адам қайтыс болып, денесіндегі жұмсақ тіндер шіріп, қаңқаға айналғанда, бұлар буын емес секілді көрінеді. Оларды қаңқа күйінде анықтау да сол сала мамандарының қырағылығын қажет етеді. (Кеуде сүйегі – бұғана сүйегі буыны, мойын омыртқаның артқы жағындағы буын секілді).

Баста орналасқан кішігірім аралдар секілді «Ос сутурарум» (os suturarum) деп аталатын сүйектерді өлік күйінде анықтау қиын. Оны тек қаңқа кезінде ғана анықтап, санауға болады. Жіліншіктегі «Талус» (talus) деп аталатын сүйек пен тобық сүйегінен (calcaneus) пайда болатын буын үш түрлі болса да, сырттай бір-ақ буын секілді көрінеді. Бұны тек қаңқа күйінде болмаса, өлік күйінде анықтау өте қиын.

Өздеріңіз де куә болып отырғандай, буындардың тобын анықтау үшін аса шебер маман болу қажет. Ендеше, түрлері мен топтарына қарай Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) адам денесіндегі буындар санын 360 деп айтуы – оның пайғамбарлығының дәлелі. 

Бухари мен Муслимде риуаят етілген хадистер бір жағынан мұғжизалықты білдірсе, бір жағынан құлшылықпен қоса елге жақсылық жасаудың мәнін ұқтыруда.

Жоғарыдағы хадистерде келтірілген әр буын үшін садақа боп есептелген іс-әрекеттер мыналар: Алла Тағаланы пәктеу, шүкіршілік етіп, Оған мадақ айту, ұлықтау, жамандықтан тыйып, жақсылыққа бұру, сәске уақытында оқылатын екі бас намаз, лә иләһа иллаллаһ деу, Құдайдан кешірім тілеу, ел жүретін жолда жатқан тас, тікен, сүйек сияқты зиянды нәрселерді алып тастау, екі адам дауласса, әділ төрелік айту, бір адам атына мінерде демеп жіберу немесе қоржынын артысу, жақсы, ұнамды сөз айту, намаз үшін мешітке бару.

Бұл аталған жақсылықтардың әрбірі бір-бір буынның өтеуі, шүкірі, садақасы ретінде қабыл болады.

Буындар қалайша адам денесіндегі сүйектерді бітістіріп, тұтастай бір ағза ретінде қимылдауын қамтамасыз етсе, хадистерде айтылған жақсылық жасай жүру де ел арасындағы өзара бауырмалдықты, ағайындықты, сүйіспеншілікті арттыратын байланыстарға жатады.

Хадис астарынан ғылыми шындықпен қатар қоғамдық өмірдің тыныштығы мен бейбітшілігін нығайтатын әрі мол сауапқа кенелтетін іс-шаралар жатқанын көреміз. 

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру