АС БЕРУ – ЖАРЫС ЕМЕС, САУАПТЫҢ ЖОЛЫ

27 қазан 2026 120 0
Оқу режимі

Қазақ халқы ежелден дастарқанын берекенің, қонақжайлықтың әрі адамгершіліктің белгісі деп білген. «Ас – адамның арқауы» деп, дәм ұсынуды құрметтің көрінісіне балаған. Алайда бүгінгі қоғамда жаназа мен құдайы ас кезінде дастарқанның молдығын бәсекеге айналдырып, шамадан тыс шығынға жол беретін жағдайлар жиі кездеседі. Мұндайда дәстүрдің түпкі мәнін терең түсініп, ас берудің шынайы мақсатын қайта зерделеуіміз қажет.

Ас беру – дүние көрсету емес, дұға бағыштап, марқұмды еске алып, тірілерге тағылым беру арқылы сауапты іс жасау. Сондықтан қаралы отбасына қаржылық салмақ түсірмей, ас беруді шариғатқа сай, салт-дәстүрмен сабақтастыра отырып ұйымдастыру – баршаға ортақ міндет.

ИСЛАМ ЫСЫРАПҚА ЖОЛ БЕРМЕЙДІ
Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 31-аятында: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді», – деп ескертеді. Ал «Исра» сүресінің 26–27-аяттарында ағайынға, міскінге және жолаушыға тиесілі ақы беру, ысырапқа жол бермеу жөнінде баяндалады. Бұл аяттар мұсылманның дүние-мүлікке жауапкершілікпен қарап, қолындағы нығметті орынды жұмсауы керектігін көрсетеді.

Дінімізде ізгі амалдың қадірі оның сыртқы сән-салтанатымен емес, шынайы ниетімен өлшенеді. Марқұмның рухына Құран бағыштап, дұға жасау, мұқтажға көмектесу, жетімнің көңілін жұбату – сауапты істер. Ал елден қалмау үшін қарызға батып, дастарқанды шамадан тыс жаю, діндегі көзқарасқа қайшы келетін амал.

«АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІ» – ДӘСТҮРДІ ЖАҢҒЫРТАТЫН ҚҰЖАТ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2020 жылы «Ас беру мәдениеті» құжатын қабылдады. Оның негізгі мақсаты – құдайы асты шариғат шеңберінде әрі ұлттық дәстүрге сай өткізу, халықты ысыраптан сақтау және отбасыларға түсетін әлеуметтік-экономикалық салмақты азайту.

Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде ҚМДБ жаназа мен құдайы асқа арналған бірыңғай мәзірді де бекітті. Онда нан өнімдерінен бауырсақ пен шелпек, сусыннан шай мен су, ыстық тағамнан ет немесе палау ұсынылады. Қосымша ретінде сары май, тары-талқан, қант пен кәмпит қарастырылған.

«Қанағат қарын тойғызар» демекші, бұл нұсқаулықтың да негізгі мақсаты – ас мәзірін қарапайымдандыру арқылы артық шығын мен ысыраптың алдын алу. Сонымен қатар аталған талапты тек тағам түрін шектеу деп түсінбеу керек. Оның астарында ағайынның бірлігін сақтау, қаралы шаңыраққа қолдау көрсету және ас берудің негізгі рухани мәнін жоғалтпау идеясы жатыр.

ДӘСТҮРДІҢ ҚАДІРІ ҚАРАПАЙЫМДЫҚТА
Осы орайда, қазақтың «Көрпеңе қарай көсіл» деген мақалында үлкен өмірлік сабақ бар. Әр отбасы өз жағдайына қарай әрекет етіп, шамасы жетпейтін шығынға ұрынбауы керек. Дәстүрімізде де қайғыға ортақтасқан ағайынның міндеті – қаралы үйдің дастарқанын сынай отырып ауыртпашылық салу емес, керісінше, оның қайғысын жеңілдету.

Ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы қара сөздерінде адам мінезіндегі мақтаншақтық пен орынсыз бәсекені сынға алып, ақыл мен қанағаттың маңызын айрықша көрсетеді. Абайдың осы ұстанымы ас беру мәдениетіне де тікелей қатысты. Себебі елге көрсету үшін шығынданғаннан гөрі, шын ниетпен жасалған қайырымдылықтың құны әлдеқайда жоғары. Сондықтан ас бергенде дастарқанның сәніне емес, дұғаның шынайылығына, жиналған жұрттың өзара ынтымағына және жасалған жақсылықтың нәтижесіне мән берген жөн.

Қорыта айтқанда, ас беру – жарысатын орын емес, ізгілік пен тағылым тоғысатын орта. Оның бағасы жайылған дастарқанмен емес, көрсетілген құрметпен, жасалған дұғамен және мұқтажға тиген көмегімен өлшенуге тиіс. Дәстүрдің түпкі мәнін сақтап, ысыраптан арылу арқылы тек қаралы отбасылардың жүгін жеңілдетіп қана қоймай, келер ұрпаққа да қанағат пен қайырымдылықты ту еткен өнегелі мәдениет қалары анық.

Нұрбек қажы ӘУЕСХАНҰЛЫ,
Астана қаласының бас имамы

Дереккөз: «Munara» республикалық рухани-танымдық газеті, №20 (170), 20 қазан 2026 жыл, 3-бет.

Пікірлер Кіру