АТА-АНАНЫҢ ЖҮЗІНЕ МЕЙІРІММЕН ҚАРАУ – ҒИБАДАТ

19 қыркүйек 2022 5999 0
Оқу режимі

Қазақ халқында үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру – сан ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан игі дәстүр.

Ондай құрмет жасы үлкен кісінің қай рудан, қай жүзден, қай ұлттан екендігіне қарамай көрсетілетін. XIX ғасырдың аяқ кезінде неміс ғалымдарының бірі Ф.Фон Шварц былай деп жазған болатын: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді». Олар барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметті орындарға, төрге шығарылады. Жиналыстарда олар елеулі рөл атқарады. Жастар олардың айтқан сөздерін жерге тастамай, мүлтіксіз орындайды. Жас жігіт үшін үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгісі саналады. Кіші іні үлкен ағаның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетінше ешқашан отырмайды.

Жас адамның үлкен кісінің алдын көлденең кесіп өтуі көргенсіздік деп есептелінетін. Бұл ереже әйел адамның ер азаматтың алдын кесіп өтпеуіне де қатысты болатын. Жасы кішілердің жасы үлкендерге дауыс көтеруі әдепсіздік саналып, оған үзілді-кесілді тыйым салынған. Әңгіме үстінде жасы үлкен кісінің сөзін бөлуге ешқашан рұқсат етілмеген.
Жастар алыс жолға аттанарда не үй болып, шаңырақ көтерерде жасы үлкен ақсақалдардың алдынан өтіп, ақ батасын алатын. Қазақтар жасы үлкен әрі құрметті адамдардан мұндай батаны жауға аттанарда да сұрайтын.

Әйгілі Қашаған ақын былай деген:
Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Келіп сәлем бермесе,
Күнде асыл кисе де,
Қартайғанда ер жетім.

Яғни жақсы сөз жанды жылытады, аяғы ауырып, жүрістен қалған шақта, қатары азайып көңілі жүдеген кезде қарттарға бұрылып сәлем беру, ол кісілер үшін үлкен құрмет. Олар бір жасап қалады, рахмет айтып, батасын береді.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кіші үлкенге сәлем беру керек», – деген.Пайғамбар (с.ғ.с.) үмбетіне айтқан өсиеттерінде үлкендерді сыйлап, жастарға мейірімді болуды бұйырған.Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес», – дейді. Адамдардың қарттарын қадірлеуі уахимен бекітілген. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жәбірейіл періште маған үлкендерді алға шығар деп бұйырды», – деген.

Түркі халықтарының ортақ тұлғасы Махмұд әл-Қашғари: «Жасы үлкенді қадірлесе құт болар», – деген екен. Отырыстарда үлкендерге төрден орын беру, ақсақалдардан бата сұрау қазақ халқының сүйегіне сіңген әдеті. Ал, бұл әдеттің негізі хадисте жатыр.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Отырыста үш адамға орын беріп ығысуға болады: білімі үшін білімдіге, жасы үшін үлкен кісіге және билігі үшін басшыға», – деген.

«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деп халқымыз қалт айтпаған. Төмендегі хадисте де жасамысқа жақсылық жасаған жастың қартайғанда қарымтасыз қалмайтындығы нақтыланған.

Әнас ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қандай да бір жас жігіт үлкен кісіге жасы үшін құрмет көрсетсе, Алла оған жасы ұлғайғанда құрмет көрсететін адамды жолықтырады», – деген.

Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдарға сусын не тамақ таратқанда жас егделерден бастауды бұйырып: «Үлкендерден бастаңдар», – деген. Үлкен кісі бар үйде береке бар. Ғұмырлық тәжірибесімен басқаларға ғибратты сөзін, ақыл-кеңесін аямайтын, ұрпағын имандылыққа баулитын аталар мен әжелер бар жерде құт-береке де бар. Хадис шәрифте де солай айтылған.

Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.): «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге», − дейді.

Абдолла ибн Омар (р.а.) анасын мойнына салып, Қағбаны тауап етіп жүрген бір кісіні көреді. Әлгі кісі Омарға (р.а.): «Уа, Омардың ұлы! Мен осы қызметіммен анамның алдындағы борышымды өтедім бе?» – деп сұрайды. Сонда Абдолла ибн Омар (р.а.): «Жоқ. Сені босанарда қысқан толғағының біреуін де өтемедің. Алайда үлкен ізгілік жасадың. Алла қаласа, аз ісіңе көп сауап жазылар», – деп жауап берген.

Ата-анасын құрметтеген пендені Алла Тағала биік дәрежелерге көтереді. Өйткені, Раббының разылығы ата-ананың разылығымен тікелей байланысты. Бұл сөзімізге Пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабаларынан кейінгі толқын – тәбиғиндердің ең абзалы – Уәйіс туралы хадисі де дәлел. Анасына жасаған құрметінің арқасында ол дұғасы қабыл болатын пендеге айналады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Омар ибн Хаттабқа (р.а.) былай деген: «Сендерге Иеменнен келетін көмекші әскерлермен бірге Қаран тайпасының Мурад аталығынан Уәйіс ибн Әмір келеді. Оның қатты құрметтейтін анасы бар. Ол Аллаға ант ішсе, Алла оның дұғасын қабыл етеді. Егер одан өзің үшін Алладан жарылқау тілеуін сұрағың келсе, сұра». Кейіннен Омар ол кісіні көріп, өзіне дұға қылуын өтінген.

Уәйіс қарт анасын құрметтеу арқылы Алланың алдында үлкен дәрежеге ие болды. Оның дұғасын Алла қабыл ететін болған. Уәйіс пайғамбарымыз жайлы естіп, оны көргісі келеді. Пайғамбарды көру, онымен әңгімелесу әрбір мұсылман үшін үлкен абырой, үлкен мәртебе емес пе?! Алла Елшісімен бірге болып, сахаба атану да – үлкен бақыт. Уәйіс те пайғамбармен дидарласуды қалады. Бірақ бара алмады. Неге? Өйткені, оның үйінде қарт анасы болды. Анасын тастап кете алмады. Ол кішкентай кезінде мәпелеп өсірген қарт шешесін қартайғанда қараусыз қалдырып кетуге қимады. Бір жағынан Алланың ең сүйікті құлы, адамзаттың абзалы, екі дүние сәруары болған пайғамбарды көргісі келді. Осылайша, Уәйіс қарт анасын аялап, оған құрмет көрсеткені үшін, әр сөзін екі етпей орындағаны үшін әулиелік дәрежеге жеткен. Оның жасаған дұғасы қабыл болған. Тіпті, сол заманда мұсылмандардың әміршісі болған Омар (р.а.) одан бата алған.

Қасиетті Құранның «Ахқаф» сүресінің 15-аятында Алла Тағала: «Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жа­сауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді…», – деп бұйырған.

Ата-анасына мейіріммен, сүйіспеншілікпен бір рет қараған адам қабыл болған бір қажылықтың сауабын алады екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ата-анасының жүзіне мейіріммен қараған адамға қажылық және умраның сауабы жазылады», – деген. Сонда қасындағы сахабалар: «Күніне мың рет қараса да солай ма?», – деп сұрағанда Алла Елшісі: «Күніне жүз мың рет қараса да…», – деп жауап берген. Тағы бір хадисте: «Ата-ананың жүзіне мейіріммен қарау – ғибадат», – деп айтылған.

Алла Тағала баршамызды ата-анасын сыйлап, сауап жинаған құрметті пенделердің қатарына қосқай!

Пікірлер Кіру