АТА МЕН ЕНЕ (Ғибрат)

03 желтоқсан 2024 467 0
Оқу режимі

Сапар алыс болған соң ба, қасымдағы елуді еңсерген екі келіншек әңгіменің түбін түсіріп айтып келе жатыр. Құрдас болған соң ба, әңгімеміз бірден жарасып кетті-дейді әкем.

Жас келін болып, жаңа түскен кезім- еді, депті келісті кербез келіншек. Таң атпай тұрып, түн қатпай жатпаймыз. Төркінімде түк істемейтін, әкемнің ерке қыз едім. Келін боп түскен үйдің отымен кіріп, күлімен шығамын.

Бірақ, не істесем де, енеме жақпай қойдым. Енем мектептің еденін жуады. Аузы жаман. Мектепте қарғыстан сабақ бере ме? Қайдам?Айтқан сөзі сай сүйегіңді сырқыратады. Төрт жылда тілімді шығарды.

Біздің үйдің адамы атам. Мінезге бай, өте сабырлы адам. Аузынан айналайыны түспейді. Енемнен көрген қорлықты, атамнан көрген қамқорлық жуып кетеді, көп жағдайда. Біздің жанұя болып қалғанымыз, мың болғыр атамның арқасы.

Енеммен болған кезекті ұрыстан кейін, үйіме кетпесіме болмады. Кім қайтып келмей жатыр?Ажырасып, төркінімде тұрам-деп шештім. Екі баламды алып, ентігіп аялдамаға жетсем. Ауданға қатынайтын автобус әлі келмепті.

Екі көзімнен сорам ағып, ебіл-дебіл болып жылап тұрсам. Артымнан атам келіп тұр, аялдамаға. Ауданнан келген автобусқа амал жоқ, бірге міндік. Атамда үн жоқ. Менде де үнсіз. Бір немересін көтеріп, біреуін жетектеп артымнан еріп келе жатыр.

Біздің үйге де жеттік. Құдам келді-деп, әкем қой сойып арқа-жарқа. Екі құда бір-біріне шерін тарқатып жатыр. Қастарынан өткем болып, атамның аузын аңдимын. Атам үйде болған оқиға жайында, ләм-лим демейді. Үйдегілер де ешнәрсе сезбеді.

Қызың менің қатыныммен ұрысып, қайтып келді үйіңізге - деген әңгіме мүлде жоқ. Құдды бір құдасын іздеп, қыдырып келген қонақ құсап, атам отыр. Үйде қонақ болып үш күн түнедік. Төртінші күні ұялғаннан, қой ата ұятты, өзіміздің үйге қайтайық-деппін. Әкемде үйден құдасын қимай шығарып салды.

Дәл осы оқиға, кейінде үш-төрт рет қайталанды. Содан мен төркінімнен ұялғаннан, үйге мүлдем бармайтын болдым. Сөйтіп жүріп жеті бала туыппын. Шұбырған баламен кейін қайдағы төркін. Бәрі көрген түстей өте шықты. Менің жанұямды сақтап қалған айналайын, иманды болғыр атам-деп әлгі келіншек көзіне жас алды.

Сенің атаң болса, мен енемнің арқасында үй болдым-деп, келесі көрші келіншек әңгімені қыздырып одан әрі жалғады. Күйеуіммен Алматыда таныстық. Мен қолынан түк келмейтін қаланың қызымын. Ол болса аңғал ауылдың баласы.

Үйленген соң ауылда ата-енемізбен бірге тұрдық. Төрт қайным, екі кішкентай қайынсіңілім бар. Атамыз сол совхоздың директоры. Басшы болғасын ба, тамақты талғап жейтін өте кірпияз кісі. Ет жеңді атама, аптасына екі рет ет асамыз. Туғанымнан қамыр жайып көрмеген маған, жұқа қылып жаю арман. Жайған қамырым, өмірі қалың болып шығады.

Атам қамыр жақсы көреді. Жас келінге қамыр жаюды, үйретпедің-деп, атам әдейі бүкіл қамырды енемнің алдына ысырады. Енем байғұс соны үндемей жейді, енем қалың қамыр жақсы көреді екен-деп ещё мен ысырамын ол кісінің алдына.

Жас келіннің жақсылығын асырып, жамандығын жасырып қатарға қосты бізді, иманды болғыр енем деп, екінші келіншек еңкілдеп жылап қоя бермесі бар ма? Енесі мен атасын мақтаған екеуіне, ет жүрегім елжіреп мен отырдым-дейді әкем.

Қазір жастардың арасында ажырасу ұлғайып барады. Негізінде бұл мемлекетке үлкен проблема. Құдайынан безген біреу болмаса. Келген жас келіннен бірден бәле шыға қоймайды.

Бәле енеде. Ененің жүрегі, етегіндей кең болса, бүгінде, көп жастың шаңырағы шайқалмас еді-деп ойлаймын. Баласындай қызбен бақталасып, бақыт іздеген, баласының басындағы бағын тайдырады.

Мейірім көрсетпеген, мейірім көрмейді.”Жас келінге қаттырақ қарағаны, ширатып бір алайын деген шығар”-деген ойда айтылуы мүмкін. Иә, менде оған толық қосылам. Бірақ ширату басқа. Шектен шығу басқа.

Ененің жақсысы - емеурін танытқаны. Атаның жақсысы - аталы сөз айтқаны. Жаңа түскен жас келінге, жылы емеурін танытып. Аталы сөзбен, ақылыңды айтып отырсаң. Ертең елдің анасына айналмай ма? Тоғыз ай көтеріп, туған баласы халықтың қамын ойлайтын, елдің данасына айналмай ма? Қайдан білесің Домалақ ана да, Ұлжанмен, Зереде үйіңде жүрген шығар...

Мақсат СҚАҚОВ

 

 

 

 

Пікірлер Кіру