Айманбетов Дәурен Бекжанұлы

19 қараша 2018 4443 0
Оқу режимі

Айманбетов Дәурен Бекжанұлы – Республикалық, облыстық бірнеше жыр додаларының жеңімпазы. Өлеңдері «Тәуелсіздік тебіреністері», «Оңтүстік орамдары», «Жастық – жалын жыр» т.б. ұжымдық жыр жинақтарына енген. «Сары жапырақ – сарғайған жүрек», «Аяулы адам» атты жыр кітаптарының авторы. 2015 жылдың ТО(ОҚО) «Жылдың үздік ақыны», 2016 жылдың Республикалық «Алтын қалам» номинацияларының иегері.

***

Өмір атты ойын бұл,
Ережесі – Құранда!
Ойыншы боп қойылдың,
Төрешісі – бір Алла!

Бұл күресте бапкерің, -
Әз Мұхаммед пайғамбар!
Өсиетін ап тегін,
Жеңіс жағын ойлаңдар!

Қарсыласың бірден бір:
Азғырушы – ібіліс!
Кәлимаға тіл келтір,
Жасап аздап кідіріс!

Басты шарты жеңістің,
Әділ ойнау, со ғана.
Адал жолмен жеп-ішкін,
Арам жолға жолама!

Ақ параққа заңменен,
Сауап, күнәң жазылар.
Ережеге мән берер,
Періште – әділ қазылар.

Бақылауы орынды-ақ,
Әр ойыншы сыртынан!
Бес парызды орындап,
Төріне ұжмақ кілтін ал!

Шыншыл ойнап, өмір сүр,
Қалмай дұға, батадан.
Жанкүйерің сенің шын,
Бұл ойында ата-анаң.

Көрерменнің шын есте,
Қалатының жайлы ойла.
Өмір атты күресте,
Ережеге сай ойна!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру