Айнұр Шаймерденқызы

12 желтоқсан 2018 6322 0
Оқу режимі

1980 жылы Қызылорда облысы, Қазалы айданында дүниеге келген. Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетінің түлегі. «Асыл арна» телеарнасында журналист-редактор қызметін атқарған. Қазіргі таңда «Озат білімгер» оқу орталығының директоры.

Жүрегімнің төрінде бар бір адам...

Жүрегімнің төрінде бар бір адам,
Сүйем оны кейін, кейін Ұлы Алладан,
Сезімімді қоя алмаймын тұмшалап,
Паш етемін, білсе дағы бар ғалам!

Ол туралы жазылған бар том кітап ,
Оны аңсап миллиондар жыр арнап,
Оның басқан әр қадамы -  береке,
Оның жүріп өткен жолы мүбәрак!

Әр сөзінен ақиқаттың лебі ескен,
Бір Алланың хақ жолына ілескен,
Алақаны сипап жетім маңдайын,
Саусақтары босамады игі істен.

Нұрлы жүзі төгіп мейір сәулесін,
Барлық мүмін паналады шуағын,
Қуанғанға ашып жарқын кеудесін,
Жылағанды жұбататын құшағы.

Оның сөзі Раббысынан нәр алған,
Тұла бойы жақсылықтан жаралған.
Жоқ ол жерде Ібілістің үлесі,
Рухы оның ізгілікпен шайылған.

Иә, дәл солай, ПАЙҒАМБАРЫМ - сүйіктім,
Бұл пенделік махаббаттан Ұлық тым.
Еске алумен ләззат алып жүрегім,
Кездесуді аңсауменен келіппін.

Сондай бір күн туды маған мүмкіндік,
Жүрегімде бүршік жарып бір үміт.
Сағыныштың шерін сөгіп, тарқатып,
Жеткені ма, қауышатын зор бақыт.

Өзі емес, әйтсе де бір бөлшегі,
Табылыпты, бір тал шашы елдегі,
«Мұрағатқа тапсыруға әкелген,
Мүмкіндік бар, бір сағатқа көр» деді.

Естігеннен жүрек атша тулады,
Жарылардай кеудеме еш сыймады.
Расуліммен кездесердей толқыдым,
Кірпік ілмей таңды көзбен атырдым.

Алла сүйген, Раббымның ғазиз құлының,
Бір тал шашын бұйырды маған көруім....
Елшім келіп үмметіне қалдырған,
Аманатын сұрағандай сезіндім.

Динар да емес, дирхам емес ол бізге,
Қалдырып еді, аманат қып Хақ дінін,
«Үмметім» деп жаны ашып жылаған,
Естігендей болдым ғазиз зор үнін...

«Иә, Расулім,
Иә, Ардақтым,
Иә, Елшім!
Сіз қалдырған асыл ізбен келемін,
Аманаттың ауыр жүгін сеземін,
Теңіздейін игіліктің ішіне,
Тамшыдайын үлес қостым, білемін...

Иә, Расулім!
Иә, Ардақтым,
Иә, Елшім!
Ізгілердей бола алмадым, қайтемін,
Қателігім, кемшілігім көп менің,
Білесіз бе, білесіз бе әйтсе де,
Махаббатқа толы мына жүрегім.

Иә, Расулім,
Иә, Ардақтым,
Иә, Елшім!
Бір Алланы шексіз-шетсіз сүйемін,
Пайғамбарым, сізді жақсы көремін,
Уәде еткен кәусарыңның жанында,
Хауызыңнан қанып ішсем деп едім,
Жәннат бақта бірге болып өзіңмен,
Қауышуды, Бір Алладан тіледім....

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру