Азан – қазан болмасын!

09 ақпан 2021 6566 0
Оқу режимі

Азан үні мына бүгінгі қоғамда қазақтың еркін, егемен ел екендігін ашық түрде жариялап, санасы кешегі кеңестік дерттен әлі де айықпаған қазаққа күніне бес рет ескертіп тұратын керемет әуен еді... Әттеген-ай, кейбір іштен шыққан, жарғақ құлақтыларға жағымсыз естіліп жатыр екен. Өкінішке орай, іштен де, сырттан да қазақтың есін жидырмай, сол кешегі құлдығына қайтадан құрақ ұрғызып, қазақты өткен тарихымен қайтсек байланысын үземіз деп жүрген орталықтар мен ұйымдар жеткілікті. Солардың жемсауына малданып, ислам дініне, қазақ мәдениетінің мазмұнына шекірейіп, одақ құрып, «үй ішінен үй тігіп», одағайланып жүргендерге «азанмен» қосылып ескерту жасағым келеді. 

Біз қазақ деген болмысқа ислам арқылы қауышқан елміз. Егер біз бүгін өзімізді мәдениет, ұлт деп есептесек, анықтасақ, онда сол мазмұн мен мәнде ислам діні, тұғыр ретінде, ең басты құндылығымыз. Құндылық – «ұлттық меннің» тіршілігінің алғышарты. Сондықтан өзін қазақпын деген әрбір адам өз құндылығына құрметпен қарауды борышым деп ұққаны абзал. 

Түріктің ұлы ақыны М.А.Ерсой (Түркия Республикасы әнұраны авторы) кезінде отанын дұшпан аяғы таптағанда, әлемді атеизм, позитивизм дерті қаптағанда, азанды діні мен ұлтының негізі, шаһадат белгісі ретінде бағалапты. Азанның үнін елі мен жерінің амандығының ишараты деп танытыпты. 

Расында, азан үні, Құран қырағаты мұсылман үшін өткені мен бүгінгі құндылығын жалғап тұрған көпір сияқты. Рухына әсер, қуат берер дем, рухани самал, зікір... Қазақта жаңа туған баланың атын азан шақырып барып қоятын болған. Мұның мәні тереңде жатыр. Өмірге туа сала қадам басқан баланың рухына, санасына азанның әсем әуені арқылы оның мына дүниеде де ислам табиғатымен сомдалуын қалаудан туған ишара болатын. Адам құрсақта жатып, негізгі отанымен, кіндігі арқылы байланысуын, Құранда «адамзаттың барлығы ислам фитратымен туылады» дейді. Туған соң оны ата-анасы оған өз діндерін үйретеді. Қазақ та осы негізге орай, баласы дүние есігін аша салып құлағына азан шақыратын болған. Сосын «бауы берік болсын» деген тілегі баласының ендігі бауы, байланысы, осы туған жері, екінші отанына адал, берік болсын дегені еді. Осы құтты тілек азанмен бекіп, өмір бойы оған бағдар болсын деген таным, түсінік қалыптасып, қазақтың құндылығына айналған. Бесіктегі балаға айтылған «әлди» де осы азан сазы, оның құлағынан кіріп, бойын алатын, рухымен сомдалатын музыка болатын.

Бүгінгі жас ұрпаққа да өз елі мен жерін, мәдениеті мен дінін, ұлты мен отанын сүюге, қадірлеуге азаннан асқан қандай бағдар, дәстүрлі тұғыр бар?! Қараңыз, азанның мазмұнына! «Ең ұлы Алла» деп төрт реттен, күніне жиырма рет ескертіп отыр. Алланы зікір ету, әрине, ішкі сыртқы қуатты дауыспен айтылады. Кешегі кеңестік кезеңде «Алла жоқ» деп өскен ұрпақ ұлтын да, мәдениетін де, өз болмысын да ұмытып, орыстанып кеткен жоқ па? Қала берді кешегі өткен бабаларымыз «әрдайым Алланы зікір ет, ұмытпа» деп аманаттап кеткен жоқ па? Құлағында азан үні, жүрегінде Алла сезімі, ана сүтімен берілген тілі, адамдық ары мен ділі де осы азанға қатысты. Бұл «Баланы бастан» деген ұлттық педагогикамызда да солай. «Алла бар, Алла Ұлы» деп өскен ұрпақ – ертеңгі еліңнің баяндылығының кепілі. 

Сосын азанды қазақ «Пайғамбар аманаты» деп білген. Мұхаммед азаны... Яғни дініңе деген құрметті әр күні арайлап атқан таңменен бастайсың. Азан үні – Алланың әр көрсеткен күнін, рызығы мен несібесін, жан амандығыңды, сонымен қатар жалпы елдің амандығы мен қоғамның тыныштығын есіңе салып тұратын әсем де қасиетті әуен. Яссауи атамыз айтады: «Бір қоғамның рухани дамуының төрт басты шарты бар, ол макан, заман, ихуан, рабти султан». Міне, рухани дамуға ең басты тұғыр «отанымыз» бар, заманымызда «тыныштық» бар, ихуан дініміз ислам құндылықтарынан тұратын қазақ ұлттығымыз бен мәдениетіміз бар, ең бастысы, егемен еліміз, рабти султанымыз бар. Осындай құтты, берекелі хәліміздің ырғағы, азан үнімен тербеліп жатқанына шүкіршілік... Ал, егер азан орнына бомбалар жарылып жатса ше.. Беті аулақ!!! Яссауи атамыз «Хәлін білмеген һалақ» деп осындайларға айтқан болу керек. Алла Тағала бәрімізге егемендіктің, елдіктің, тыныштықтың қадірін білуге жазсын!!! Қадір деген ол ұлы өлшем. Кез келген ойды айтарда, өлшеп, жақсы мен жаманның айырмасын ажыратып, өз құндылығыңа салып таразыға тартып алған абзал. 

Мен қазақпын деп алып, сол қазақты қазақ қылған құндылықтардың құнын өзің бастап балталап жатсаң, ертең сырттан келіп саған ешкім болыспайды. Өзіңнің шыққан бұтағыңды өзің шаппауды сезінуді, білуді, тануды үйренетін уақыт жетті, ағайын... Азанның сөзіне қарасаң, «Құдайға құлшылыққа шақырып, сонда ғана рухани арыласың», ол үшін «Ояу бол!» деп тұрған жоқ па? Кешегі Алаш қайраткерлері де «Оян қазақ» деп кеткен жоқ па? Азан саған физикалық та рухани да ояу болуды ескертіп тұрса, мына елдің аманатын саған жүктеп тұрған жоқ па? Олай болса, аманаттан қалай қашамыз? Қайда қашамыз, ағайын... Аманатқа қиянат жасау деген ол ең үлкен күнә емес пе?

Сосын «Сен қазақсың, сен азатсың, сен аманат иесісің» деп еске салып тұрған азанды неліктен «сыбырлап» айтуымыз керек.. Кезінде азан үні қатты шықсын деп, екі қолымен құлағын жауып бар даусымен, айтудың астарында мән бар, ағайын. Азан үні ол – тыныштықтың, елдіктің, амандықтың, жауапкершіліктің, қуаныштың, мақтаныштың үні. Олай болса, мен неліктен, бұл ойды, бұл ұстанымды, бұл сазды, әсем үнді шарықтатып, бар даусыммен айта алмаймын... Ол үшін неге бүгінгі ғылым мен техниканың мүмкіндігінен пайдаланбасқа?

Қорыта айтқанда, ағайын, азан сүннет арқылы Құран аятымен нақтыланған, ислам дінінің негіздеріне жатады. Ислам тарихында пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мәдина дәуірі кезеңінде, 623-жылы тарихи құбылыс ретінде, құлшылықтың бөлінбес бөлшегі деп танылды. Ал, «Мәида» сүресінде азан шақырылғанда, оны келемеждеп, әзілге, күлкіге айналдыруды санасыз, ойсыз қоғамның белгісі деп танытқан. Ендеше, азанымыз қазан болмасын! Мына қасиетті отанымызда азан үні таңмен бірге, арайлап, шарықтап, әсем әндей қалықтай берсін! Құранда айтылғандай, Алла бізді, санасыз, ойсыз, құл болудан сақтасын!

 

Досай Кенжетай

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру