Бала тәрбиесі – бесіктен

09 қазан 2020 9461 0
Оқу режимі

Адамзат тарихына зер салсақ, қай кезеңде, қай қоғамда болмасын, бала тәрбиесінің өзекті болғанын көреміз. Әлбетте, бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті әрі бұдан кейін де өзектілігін жоғалтпайды. Құндылықтарының өміршеңдігімен ерекшеленген ислам діні де отбасы институтына, соның ішінде бала тәрбиесіне қатты мән береді. Бала – ата-ана үшін үлкен нығмет, көзінің нұры, жүрегінің қуанышы. Сондықтан да кез келген ата-ана ұрпағының салиқалы, тәрбиелі болғанын қалап, бар мейірімі мен жылуын төгері сөзсіз. Дегенмен, баланың ішіп-жейтін тамағына мән бергеніміз секілді рухани азығына да мән беруіміз қажет. Тамақтануы  нашар болған баланың физикалық тұрғыдан әлсіз болатыны сияқты, рухани дүниесі жұтаң тартқан ұрпақтың соңы жақсылыққа апармасы анық.

Баланың тәрбиесіне байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір өсиетінде былай дейді: «Әр бала (ислам) жаратылысымен туады.Бірақ ата-анасы оны я яһуди қылады немесе христиан немесе отқа табынатын қылады». Тағы бір хадисінде екі дүние сардары (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кімнің бір қызы болса, ол қызына ислам тәрбиесін берсе және тәрбиесін толықтай орындаса, оған халал тағамдар беріп және Алланың өзіне берген нығметтерінен оған да берсе –   ол қыз әкесін жәһаннамнан қорғауға жәрдемші болады әрі жәннәтқа баруын жеңілдетеді».

Күллі адамзат баласына үлгі болар ұстаз ретінде жіберілген Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) балаларына әрдайым әкелік жылулығы мен мейірімін көрсеткен. Балаларына мейірімділік танытпағанның мейірімнен жұрдай екендігін айтқан.

Осы орайда, бала тәрбиесіне кіріспес бұрын сәбилік болмыстың қандай екендігін ескерген жөн. Жас бала көргенін бірден қабылдайды. Өйткені ол қолданылмаған дыбыс таспасы секілді. Таспа қалай естіген нәрсесін бірден қабылдайтын болса, бала да дәл солай естіген және көрген нәрсесін бірден қабылдайды. Дұрыс тәрбие бермеген ата-ана ертең баласының бұзықтығы үшін сұралады. Бала тәрбиелеудегі басты өлшем – жақсы үлгі болу. Фотоаппарат алдында не болса соны қатесіз түсіретіні сияқты бала да дәл солай ата-анасының жақсы және жаман әрекеттерін, айтқан сөздерін қағып алады. Қолында темекісі бар әке баласына «темекі шекпе» десе, құмар ойын ойнайтын әке баласына қанша жерден «құмар ойнама» десе де, бұл тек ауада қалықтаған дауыс қана болып қалмақ.

Балаға қатысты айтатын дүние көп, сол ойларды барынша сыйдыру үшін тәрбиелеудің тәртібі мен әдебін сатылай санамалағанды жөн көрдік. Әлбетте, төмендегі әрбір пунктке қатысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолынан мысалдар, хадистер мен аяттар жеткілікті.

  1. Бала туғанда құлағына азан шақыру
  2. Жақсы есім қою
  3. Құран мен шариғат негіздерін үйретіп, имандылыққа баулуды бастау
  4. Балаларын сүюде алаламау, бәріне бірдей қарау
  5. Көркем мінезділікті дәріптеу. Жалқаулық, жасықтық сынды жаман қасиеттердің зардабын түсіндіру.
  6. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолы мен исламға еңбегі сіңген ғалымдардың қалдырған ізінен сыр шертіп отыру.
  7. Ортасына көңіл бөлу.
  8. Ата-анасын сыйлауға, басқалармен жақсы мәміле жасауға, отансүйгіштікке баулу.
  9. Ғылым-білімге ынталандыру
  10. Өміріне қажетті машықтар мен мамандықтарды игерту
  11. Ұлы ер, қызы бой жеткен соң жақсы жар таңдауына көмектесу.

Қадап айта кетер бір жайт, ислами құндылықтарды далалық мәдениетімен тамаша үйлестіре білген ата-бабаларымыз да бала тәрбиесіне ерекше мән берген. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп, елдің ертеңі ең алдымен бүгінгі сәбиге берілер тәрбиеге байланысты екенін терең түсінген. Алла Тағала сол ата-бабаларымыздан жалғасқан ізгілік жолын үзбей, халқымыздың бесігіне құт-береке дарытқай!

Қалижан Заңқоев 
«Рахымқызы Раиса Ана» мешітінің бас имамы

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру