Бала тәрбиесінде неден қателесеміз?

11 қазан 2019 9215 0
Оқу режимі

Қазіргі таңда бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас маңызды мәселелердің біріне айналды. Мысалы, бала мен ата-ана арасындағы түсініспеушілік түрлі өкінішті жағдайларға әкеліп соқтыруда. Қазақстан жасөспірімдер арасындағы суицид тұрғысынан Орталық Азия бойынша көш бастап тұр екен. Алла сақтасын! Мұның басты себебі әрине, ата-ананың балаға дұрыс тәрбие бере алмауы немесе баламен дұрыс мәміле құра алмауында жатқанын түсіну қажет. Сондықтан мәселені дұрыс қолға алу үшін ата-ана қауымы ең әуелі балаға қалай мәміле жасау керектігін меңгергені абзал.

Ендеше, мұның әдіс-тәсілін қайдан табамыз? Кімді үлгі тұтамыз?

Әрине, мұсылман қауымы үшін бізге таптырмас үлгі боларлық ұлы тұлға Пайғамбарымыз (ﷺ) және оның өнегелі өмірі. Ол біз үшін қашанда қымбат қазына. Оның бала тәрбиесіндегі педагогикалық әдіс-тәсілі және рухани құндылығы барша үмбетке тамаша үлгі болып қала бермек.

Сонымен, Пайғамбарымыздың (ﷺ) балаларға деген мәмілесін дос-сахабаларының аузынан тыңдап көрелік.

Әнәс ибн Мәлік (р.а.) былай деп жеткізеді: «Алла Елшісі балаларға өте мейірімді болатын. Ол (ﷺ) немерелері Хасан мен Хусейнге: «Бұл екеуі дүниедегі менің екі райханым», – дейтін».

Сахаба Усама ибн Зәйд (р.а.) болса: «Алла Елшісі мені бір тізесіне немересі Әлидің баласы Хасанды екінші тізесіне отырғызып, екеумізді бірдей бауырына басып былай дейтін: «Уа, Раббым! Бұларға рақымшыл бол. Мен бұларға шексіз мейірімдімін».

Расында, Пайғамбарымыз (ﷺ) өз сүйіспеншілігі мен мейірім-шапағатын төгіп тұратын. Сонымен қатар, тек өзінің немерелеріне ғана емес, бүкіл балаларға қамқор еді. Өзі де бұл жөнінде: «Кішкентайларға мейірім көрсетпеген бізден емес, (яғни менің үмметімнен емес)» деген болатын.[1]

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (ﷺ) ешқашан қыз бала немесе ұл бала деп екеуінің арасын бөліп жармаған. Ата-аналарды және үлкендерді әрқашан балаларға кішіпейілділік жасап, түсіністікпен қарауға шақырып отырған.

Көптеген ана сахабалар да Пайғамбарымыздың (ﷺ) балаларды құшақтап, беттерінен сүйетінін және оларға сәлем беріп, көлігіне мінгізіп алатынын айтады. Тіпті, балалар науқастанып қалса, көңілдерін сұрап, олармен қалжыңдасып, ойнап, кейде иығына мінгізіп еш уақыт ұрыспайды екен. Керек десеңіз, балаларды сүйгісі келіп құшағына алғанда, үстіне дәретін бұзса да ашуланбай, басқаларды да бұл үшін ұрсып-зекімеуге үгіттейтін.

Юсуф ибн Абдулла ибн Сәлам (р.а.) деген сахаба: «Алла Елшісі (ﷺ) маған Юсуф деп ат қойып, құшағына алып, басымды сипады», – дейді.

Абдулла ибн Жағфар (р.а.): «Пайғамбарымыз (ﷺ) сапардан қайтқан уақытында мен Хасан немесе Хусейінмен бірге оны қарсы алуға шығатынмын. Қайсысымыз оған бірінші жетсек, соны алдына көтеріп, кейін келгендерді арқасына мінгізетін. Мәдинаға дейін осылайша келетінбіз», – дейді.

Әбу Хурайра (р.а.) Ақра ибн Хабистің Пайғамбарымыз (ﷺ) немерелерін сүйіп жатқанын көріп: «Менің он балам бар. Бірақ біреуін де сүйген емеспін», – деген сөзіне Пайғамбарымыздың (ﷺ): «Мейірім жасамағанға мейірім көрсетілмейді», – деп жауап қайырғанын жеткізген.

Ал, бүгінгі күні ата-ана мен перзент арасындағы қатынастың өз деңгейінде іске аспауы, ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ) жасап кеткен осындай іс-әрекеттерінен үлгі ала алмай жүргеніміздің бір айнасы. Біз қашан Пайғамбарымыздың (ﷺ) керемет мінез-құлқын бойымызға сіңіріп оның ізгі жолын жалғастырсақ, өз отбасымыздың нағыз бақытын тапқан болар едік.

Бақытжан Өткелбаев

 

 


[1] Әбу Дәуід, Әдеб 68.

Пікірлер Кіру