Балаңыз үшін дұға жасаңыз

04 желтоқсан 2020 12434 0
Оқу режимі

Бала – ата-анаға аманат. Баланы бағып-қағып, дұрыс тәрбие берген адамның алар сыйы мен сауабы бар. Ал, баланың өзі де, ол өмір сүретін әлем де Алланікі. Оның несібесі, денсаулығы, мінез-құлқы мен тағдыры – Алладан. Әр баланың маңдайына жазған жазуы бар.

Дей тұрғанмен, кез келген адамның тағдыры оның алған тәрбиесіне, отбасына, таңдауына тікелей байланысты. Тағдырдың тоқсан пайызын адам өз қолымен жасайды десек артық айтқандық емес.

Ал, ата-ананың бала тағдырына ықпалы қандай? Ата-ананың бұл арадағы рөлі, ықпалы орасан. Кез-келген ата-ана баласының тәрбиелі, білімді, саналы болғанын, өздерінің қолы жетпегенге балаларының қол жеткізгенін қалайды. Әрине, баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген, өмірін балаларына арнаған әр ата-ананың арманы бұл. Бірақ ол баланы дүниеге әкеліп, киіндіріп, тамақтандыру бір басқа да, оның саналы, салиқалы ұрпақ қатарынан болуының алғышарттары бір басқа. Қалай дейсіз ғой? Біріншіден, баланың салиқалы ұрпақтан болуы да Алладан. Екіншіден, оған тікелей әсер ететін ата-ана. Осыны жадыға түйсек абзал. Шынында, өмірге бала әкелуге, оған дұрыс тәрбие беруге деген дайындық отбасын құрмай тұрып ойланып, о бастан дайындық жасайтын іс. Бұны адам бірінші өз-өзін тәрбиелеуден бастайды. Әркім өзінің жан-дүниесін тазартуға тырысып, кемелдікке ұмтылып, білім іздеп, Алласын таныса, бала тағдырына деген жауапкершілігі де арта түседі. Баланың саналы, салиқалы ұрпақтан болуы да Алладан екенін ұғынып, бала өмірге келмей тұрып «салиқалы ұрпақ нәсіп еткейсің» деп дұға жасаудан басталады бұл дайындық. Расында отбасын құрған адам, әр ерлі-зайыпты осыны ескерсе құба-құп. Және отбасындағы тазалық, рухани тәрбиенің маңызы зор. Зере шешеміздің Құнанбайды дәретсіз емізбегенінде де ойланған адамға зор себеп жатыр. Себебі, дәрет – жан мен тәннің тазалығы. Жаны мен тәні таза анадан салиқалы ұрпақтың туу мүмкіндігі де жоғары. Міне, бұл бір ғана мысал. Баланың салиқалы болуы дәретке ғана байланысты деген сөз емес. Адам отбасын құрмай тұрып та, құрғаннан кейін де, әсіресе жүкті кезінде көбірек дұға жасап, құлшылық қылып, зікір айтып, Құран тыңдаса ұрпағының салиқалы болуына алғышарт жасамақ... Әрине, Алла бұйыртса...

Өмірге келгеннен кейінгі өсуі, дұрыс тәрбие мен қажетті білім алуы, пәле-жаладан аман болуы да ата-анаға байланысты. Ата-ана өзін жамандықтан неғұрлым тыйып, кез-келгенге қолынан келген жақсылықты жасап, қаншалықты көркем мінезді болса ол үшін алар сауабын да Алла Тағала балаларын салиқалы ұрпақтан қылу арқылы беруі мүмкін. Өмірдің шындығы қандай? Әдетте әлде бір таныс-білістің баласы бәле-жалаға ұшырап жатса, «баласының алдынан шықты ғой» деген сынды әңгімелерді жиі айтып та, естіп те жатамыз. Міне, мысал...

Жақсы бала – сүйініш, жаман бала – күйініш деген мақал бар қазақта. Сонда ата-анасының жақсылықтары үшін Жаратушы сый-сауап ретінде сүйініш болар бала беруі мүмкін. Мінекей ата-ананың балаларының қандай болуына, олардың тағдырына деген ықпалын осындайдан түсінсе болады. Адамның өмірінді жасаған жамандықтары үшін де Алла Тағала жазасын жаман бала арқылы беруі мүмкін ғой. Мәселен, қазақ «бала берсең сана бер» дейді. Бұл осы ұрпағыңның саналы, салиқалы болуының маңыздылығын айқын көрсетпей ме? Неге десеңіз, өмір бойы балам деп өмір сүріп, жер ортасынан асқанда бала сүйіндірмей, керісінше күйіндіріп жатса қандай өкініш, өксік болмақ. Өмірдің текке өткені демек.

Сол себепті де басқа-басқа, балалары үшін әркім жиірек дұға жасауды ұмытпаса абзал. Балаларды ешқашан қарғамаңыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Үш адамның дұғасы қабыл болады, ол кісілермен Алла тағаланың арасында перде болмайды. Олар: ата-ананың баласына жасаған дұғасы, мүсәпірдің дұғасы, зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасы», – деген.

Әмина Омарова

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру